Балалар лагері жекенің қолына қалай өтіп кеткен?

Редакция таңдауы
view 212
news

Жыл басында Ақмола облысына қарасты Тайтөбе ауылын Қосшы қаласының құрамына бергені естеріңізде болар. Осыған орай бірқатар мекемелер қала теңгеріміне өтті. Сондай-ақ осы ауылда орналасқан бұрынғы балалар лагерін басқару құқы да жергілікті атқарушы органның құзыретіне берілуі керек еді, бірақ олай болмай қалды. Себебі «Целиноград аудандық білім бөлімі» ММ балабақша ғимаратын Ақмола облыстық мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы арқылы сатып жіберген. Ең таңқаларлығы, ғимарат кешенінің нақты нарықтық құны 181,1млн теңге бола тұра, аталған басқарма демалыс орнын бар-жоғы 23 000 000 теңгеге бағалаған. Осы жайтқа байланысты біз Қосшы қалалық мәслихатының депутаты Ирина Осипованың пікірін сұраған едік. – 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Тайтөбе ауылы әкімшілік аумақтық бөлініс бойынша Қосшы қаласының құрамына енгендіктен, Целиноград аудандық білім бөлімінің ауыл мүлкін сатуға шығаруға қақысы жоқ еді. Сондықтан заң бойынша, бұрынғы балалар лагері Қосшы қаласындағы мемлекеттік органдардың бірінің теңгеріміне беріліп, одан кейін Қосшы қаласының әкімдігі Қоғамдық тыңдау өткізу арқылы аталған нысанның одан кейінгі тағдырын шешуге тиіс болатын,– дейді Ирина Серікбайқызы. Қазіргі кезде Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылында туризм саласында болсын, білім беру жүйесінде болсын балалар мекемелері жетіспейді. Одан бөлек, бүгінде балалардың сауықтыру лагерін немесе өмірдің түрлі қиын жағдайына тап болған әйелдер көмек сұрап баратын «Аналар үйін» қалпына келтіру үшін демеуші тарту мүмкіндіктері бар. Осында жетіспеушілік жағдайында Тайтөбедегі бұрынғы лагерь үйін өз мақсатында пайдаланбай, көлденең көк аттыға сатып жіберу еш қисынға сыймайды. – Балалардың заңды құқықтары мен мүддесін қорғау, оларды әлеуметтік тұрғыдан сауықтыру Қазақстан Республикасы ұлттық саясатының негізгі бағыттарының бірі болып саналады және ол мүгедек балалардың өмір сүру жағдайында кездесетін түрлі шектеулерді жою, олардың әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіру, әлеуметтік-тұрмыстық бе- йімдеу тәсілдері арқылы жүзеге асырылады. Бұл сөзімізге «Қазақстан Республикасындағы балалар құқы туралы» Заңның 6 бап 2 тармағы дәлел болады. Заңда балалар мүддесі ұлттық саясаттың басым бағыттарының бірі екені айқын айтылған,– деп ойын жалғады сайланбалы органдағы халық өкілі. Депутаттың айтуынша, балалар мүддесін қорғаудағы мемлекеттік саясаттың басты мақсаттары: 1) Балалардың заңды құқықтары мен мүддесін қорғауды қамтамасыз ету, оларды кемсітушілікке жол бермеу; 2) Егер балалардың құқы бұзыла қалған жағдайда, оны тез арада қалпына келтіру; 3) Балалар құқы кепілінің заңнамалық негізін қалыптастыру; 4) Балалардың физикалық, интеллектуалдық, рухани және адамгершілік қасиеттерін дамытуға ықпал ету болып табылады. Жалпыға ортақ адам құқықтары декларациясы аналар мен сәбилердің ерекше қамқорлықта болуына және көмек алуына құқық беретін принципті бекітті (декларацияның 25 бап, 2-тармағы). Сондай-ақ Ата Заңымыздың 27 бап 1 тамағына сәйкес, неке мен отбасы, ана болу, әке болу және балалық мемлекеттің қорғауында болады деп көрсетілген. Нақ осы принциптер ана мен баланың мүддесін қорғау, мұндай қолдаулардың құқықтық механизмдерін қалыптастыру, салауатты отбасын, қоғамды және мемлекетті құру мақсатында аналар институтын ынталандыру бойынша мемлекеттік іс-шараларды қабылдауға арналған негіз болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында асырауында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға айрықша көңіл бөлу керектігін тапсырған болатын. Президент, сондай-ақ: «Қолжетімділік қадамдағы» балаларды сауықтыруға арналған шағын және орташа орталықтар желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін тең мүмкіндікті жағдайды жасап беруге міндеттіміз. Ұлт денсаулығын нығайту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Тұрғындардың барлық жас топтары арасындағы бұқаралық спортты дамыту маңызды. Балаларға арналған спорт инфрақұрылымдарының неғұрылым қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық дене шынықтыру мәдениетін дамыту ісі оның ұшар басында жаңа чемпиондар тұратын, ал негізі дені сау, белсенді жастар арқылы қаланатын пирамида іспетті болуы тиіс. Сонда, түптеп келгенде, біз мықты ұлтқа айналамыз», деген еді. Айта кетейік, Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылының, сонымен қатар жақын маңайдағы басқа да елді мекендердің балаларын әкімшілік бірлік аумағынан тысқары шығармай-ақ сауықтыру демалысымен қамтуға болады, сонда қала бюджеті де едәуір үнемделіп қалады. Бұл жерде еліміздің ең кішкентай азаматтарының мемлекеттен сапалы тауар мен қызмет алуына басты назар аударуымыз қажет. Мұндай жағдайда олардың өмір сүру сапасы айтарлықтай дұрысталып, балалық шақтары анағұрылым қызықтырақ бола түсер еді. Сондықтан мемлекет балақандарға деген қамқорлығын бұрынғыдан бетер күшейте түскені абзал. Өйткені адам, оның құқы мен еркіндігі кез келген әлеуметтік мемлекеттің басты құндылықтары болып саналады. Ирина Осипова, осыған орай, Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылы балаларының мүддесі үшін жоғарыда көтерілген мәселе оңтайлы шешілетініне сенімді. Сондай-ақ халық пен билік арасында нәтижелі кері байланыс орнап, азаматтардың мемлекеттік органдарға жолдаған өтініштерінің қаралу сапасына жауаптылардың, Президент Әкімшілігі жанындағы бақылаушы бөлімнің, қадағалаушы органдардың аталған мәселе бойынша жедел әрекет етуіне үміт артады. Қазіргі күні депутаттың сұрауы негізінде қалалық прокуратура осы факт бойынша тексеру жүргізіп жатыр.

Дәулет АСАУ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *