Қуаныш Қарменов: «Масылдықтан арылмайынша, үлгілі ұлт бола алмаймыз»
Редакция таңдауы
420
Сөзі мен ісі тең, білімді, іскер, ұйымдастыру қабілеті зор маман, шымыр спортшы деп сырт көз сараптаған ел ағасын ұрпаққа үлгі ету мақсат. Бұл кісі қай салада жүрсе де ел сенімін, ата-ана абыройын алдыңғы қатарға қоя білген азамат. Сұхбат алаңының бүгінгі кейіпкері – Ұлттық архивтің мемлекеттік қор каталогымен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Қуаныш Дәукенұлы Қарменов.
– Аға, туған жер, өскен ортаңыздан әңгіме төркінін бастасаңыз…
– Мен 1961 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданында дүниеге келдім. Отбасында ағайынды жетеуміз. Анам қазір 94 жаста, тыл ардагері. Қарашаңырақта кенже ұлдың қолында. Әлі де тіршілікке тың. Бір орында отырмайды. Әлі күнге дейін тігін тігіп, нан салады. Әкем кезінде есепші болған, білімді, парасатты кісі еді. Біз бала кезімізден бәрі еңбекпен, табан ақы, маңдай термен келеді деген түсінікпен қалыптасқан ұрпақпыз. Талап, тәртіп, тазалық ата-анамыздың бізге берген тәрбиесінің негізі осында.
Ленинград қаласында әскерде болып, азаматтық борышымды сонда өтедім. Қала, орта ұнап, сол жерден жоғары білім алғым келді. Сөйтіп, қиын кезеңдерге қарамастан, орыстармен иық тіресіп Санкт- Петербург гуманитарлық мәдениет университетінде мәдени басқару мамандығын меңгердім. Қазақтың да білімді екенін дәлелдеп, үнемі алдыңғы қатардан көріндім. Елге қызмет етсем деген мақсатпен өлкеме келдім. Әкімшілікте, партияда қызмет жасадым. Марқакөл ауданы әкімінің орынбасары қызметіне дейін абыроймен жұмыс жасадық деген ойдамын.
– Аға, басшылық қызметте болыпсыз. Несімен ауыр болды?
– Балам, кез келген қызметтің ауырлығы жауапкершілікте дер едім. Артыңда әке-шешең, алдыңда халық сеніммен қарап отырады. Қолға алған істі ар мен ұятқа салмақ салып жасадық. Қателік кетсе, елдің сеніміне селкеу түсірсем, ұрпақ алдындағы жауапкершілігім қайда қалады? Қызмет – айтар ауызға жақсы, бірақ салмағы, міндеті ауыр.
– Архив саласына қалай келдіңіз? Жалпы архив десе шаң басқан құжаттар елестейді ғой...Саланың жұмысын тарқатып айтып берсеңіз...
– Өткенін білмейтіннің болашағы бұлыңғыр. Ұлттық архив тарихи орта десек болады. Тәуелсіздігімізді алып, өз алдымызға дербес мемлекет болған сәттен бастап біз өткенімізді, тарихымызды түгелдей түстік. Соның негізінде Ұлттық архив жұмысы жанданды. Тарихымыздың тереңіне бойлау үшін шетелдің үлкен архивтрімен байланыс жасалды. Осылайша, біздің тарих мұрағатта нақты деректерімен сақталып отыр. Бұл салада қызмет жасап жатқаныма тоғыз жылға жуық уақыт болыпты. Мемлекеттік қызметте жұмыс жасаған адам кез келген ортаға сіңіп, мәселені тез шешу алу қабілетіне ие болады екен. Қазір мемлекеттік қор каталогының бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарамын. Республиканың түкпір-түкпірінен келетін мәліметтің бәрін электронды түрде сақтап, каталог етіп жүйелеп отырамыз. Осылайша, қажет құжатыңызды айшылық алыс жерлерден іздеп бармай, архив саласының жұмысына жүгінетіндей етіп жүйе жасалған қазір. Осы жерде айта кететін бір жайт бар. Ол нәтижелі жұмыс жасау үшін көп дүниенің басшылықпен тікелей байланыстылығы. Сағила Есімсейітқызы келгелі мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары жанданды, шет мемлекеттерге іссапарлар қатары көбейді, халықаралық конференцияларға жиі қатысатын болдық. Бұл дегеніңіз – жұмыс сапасын арттырудың алғышарттары. Осылайша, ізденетін білікті мамандар көбейді.
– Ал мемлекеттің қолдауын қажет ететін мәселе бар ма салада?
– Ұлттық архив мәдениеттің саласына қатысты болғанымен, көбіне елеусіз қалып қоямыз. Мемлекеттік маңызы зор қызметте жалақы жақсарса дейміз. Архив саласының институты қалыптасса, ортамызда ғалымдар, зерттеушілер болса екен. Сондай-ақ жаңа технологиялық жабдықтау болса жұмыс жақсара түсер еді.
– Отбасыңыз туралы айтыңызшы...
– Өмірлік жарым Жанна – Томск қаласында политехникалық институтта білім алған электр саласының инженері. Жас кезінен партия жұмысында белсенді болды. Жастардың жұмысын жандандыра жүріп танысқанбыз. Электр саласында аянбай жұмыс жасап жүргеніне қырық жыл болыпты. Өз жұмысының білгір маманы. Қазір Қосшының жарық саласының бас менеджері. Зейнетке шыққанына үш жыл болса да, қызметтен әлі босатар емес. Екі ұлымыз бар. Үлкенім Ілияс – Семей қаласындағы медициналық академияны үздікке аяқтап, қазір
ҚР Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасында анестезиолог- реаниматолог болып жұмыс істейді. Келініміз Әсем де білікті дәрігер. Қылығы тәтті немереміз бар. Екінші балам Олжас – Еуразия ұлттық университетінде радиотехника-электроника саласында жоғары білім алды, мамандығы инженер. Қазір үлкен жобалармен жұмыс жасайды. Екі ұлымыз да төрт жасынан әріп танып, қабілеттері ерте байқалды. Балаларымыз зерек болды. Соның арқасында жоғары оқу орнында үздіктер қатарынан көрінді. Үмітімізді ақтады.
– Өзіңіз үлкен әулетте қалыптастыңыз. Әкеден балаға жалғасып келе жатқан қағида болады. Ұлдарыңызға нені өсиет етіп отырасыз?
– Мен ата көрген ұлмын. Үлкен орта көрдік. Ерте есейдік. Әкем үнемі «Кімнің баласы дегенде атымызға кір келмесін» деп айтып отыратын. Сол бір ауыз сөз бізді дұрыс жолдан адастырған емес. Бала кезімнен еңбек етіп, қыбырлағанның несібесіз қалмайтынын жақсы білемін. Сол қағидамен тәуелсіздікті енді алған жылдары ел жұмыссыз, нан іздеп қалаға кеткенде мен бақша баптап, мал өсірдім. Соның арқасында балаларымыз ас-ауқаттан қиналмай өсті. Таза өнім тұтынды. Бұл дегеніңіз – дені сау ұрпақ қалыптастыру жолындағы еңбек. Сол сияқты ұлдарыма бала кезінен «Еңбек – бәрін жеңбек» деп құлақтарына құйып отырамын. Одан кейін адамгершілік, адалдық атадан балаға жалғасып келе жатқан өсиет десем болады.
– Зейнет жасыңыз жақындап қалыпты, аға. Қалай өткізуді жоспарлап отырсыз?
– Қаншама жыл қажырлы жұмыс жасағандықтан, ел аралап, жер көргіміз келеді. Спорттық жеңіл киімімізді киіп, дорбамызды арқалап, апаңмен ұзақ саяхатқа кетеміз деп отырмыз, бұйырт-
са. Осы жасымызға дейін еліміздің бүкіл облысында болыппыз. Енді жайлап шет мемлекеттерді көзбен көріп, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін байқап, зейнеттің рахатына бөленсек дейміз.
– Аға, ұйымдастырушылық қабілетіңізден бөлек спортқа да жақын екенсіз. Сол туралы кеңінен айтсаңыз...
– Жас кезімнен спортпен айналыстым. Шынықсаң, шымыр боласың деген қағидамен еркін күреспен шұғыландым. Жаттықтырушы да болдым. Спорттың пайдасы зор. Тек ағзаға емес, бұл да тәртіптің бір түрі. Спорт шеберлігіне үміткермін. Әлі күнге дейін сол қабілетіміздің арқасында ұйымның атынан түрлі спорттық байқау, сайыстарға қатысып, алдыңғы қатардан көрініп келеміз.
– Сіз Ресейде білім алып, елдің дамуы үшін барынша жұмыс істедіңіз. Қызмет бабымен шет мемлекеттерді де көрдіңіз. Біздегі туризмді, ұлттық құндылықты дәріптеуді қалай дамытуымыз керек?
– Қарапайым ғана мысал келтірейінші. «Болашақ» бағдарламасымен шет мемлекетте оқып келген көп жастар елге оралғысы жоқ. Келгенімен, барған саласына жаңалық енгізіп, дамытуға ынтасыз. Көзбен көргендіктен мысал етіп отырмын. Бұл ұлтқа, елге жаны ашымау деп қабылдаймын еріксіз. Қанша қаражат құйылып оқытқандықтан, нәтиже күтеміз ғой. Содан ойлаймын, елім дейтін азамат қалыптастыру үшін ұлттық құндылықты балабақшадан насихаттап, институт қалыптастыруымыз керек сияқты. Мемлекет не береді екен деген масылдықтан арылмайынша үлгілі ұлт бола алмаймыз ешқашан. Қолдан келер кәсіпті дамыту үшін мүмкіндік көп. Дер кезінде пайдалану керек тек.
– Аға, табалдырықтан төрге дейін гүлмен көмкеріп, бақша дақылының біразын егіп тастапсыз. Бұл хоббиіңіз бе, әлде...
– Өскен өлке, қалыптасқан орта бізді түзу жолға бағыттады үнемі. Ұлтымды, туған жерімді жаныммен сүйемін. Көз тойғысыз табиғаты бар, орманы қалың өлкеде өскендіктен, жүрген жеріміздің гүлдендіріп, жайқалтып, жасыл желекке айналдырып жібергіміз келіп тұрады. Тауға қарап өскендіктен, өреміз биік, намысты болып қалыптастық. «Егер өзге ұлт өкілдерінің бақшасы жайнап тұрса, оны біз де жасай аламыз. Асырмасақ, кем етпейміз» деп апаң екеуміз ақпарат көздерінен керекті мәліметтерді жинақтап, зерттеп, қолда бар дүниені ұқсатып, жемісін көруге асығамыз. Мына өзің көріп тұрған жүзім, қарақат, алма, құлпынай, рауғаш ағзаға керемет пайдасы бар өсімдіктер. Ал бақшада өскен, қоспасыз, химиясыз картоп, сәбіз, жуа, қызылша өнімін жыл бойы жеп отырмыз. Бұл өз қажетімізді өзіміз өтеп, алақандай жерден ауқатымызды түгендей алатынымызға дәлел. Қазақ меңгере алмайтын кәсіп жоқ. Игерем дейтін ниет болса болғаны.
–Отбасының құндылығын арттыру үшін не маңызды?
– Биыл асыл жарыммен шаңырақ көтеріп, шағын мемлекет құрғанымызға 35 жыл болыпты. Зымыраған уақыт көшінде жүріп, талай қиындықты еңсердік. Ел дамуына қолдан келгенше қызмет жасадық. Саналы ұрпақ қалыптастыру жолында жалықпай тер төктік. Бұл бір ғана адамның қолынан келетін іс емес. Екеуара сыйластықтың, берекелі ғұмыр кешуге деген талпыныстың нәтижесі дер едім. Отбасылық өмірге қадам басқан жастар ата-ананың сеніміне селкеу түсірмеуді алдыңғы орынға қойса екен деймін.
– Аға, мәнді-мағыналы сыр-сұхбатыңыз үшін рақ-мет!
Сұхбаттасқан Гүлназ БИСЕН
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Редакция таңдауы
Астанада әйелдің басына лифтінің плиткасы құлап, миы шайқалды
Пікірлер (0)