Тіл туралы айта-айта тіліміз жауыр болды
Редакция таңдауы
617
Тіл туралы айта-айта өзіміз де ығыр болдық, елді де ығыр қылдық. Қанша білгір мамандар тіліп тұрып айтып жатыр. Ашынып, аттандап айтқандар қаншама. Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді, сол баяғы «өгіз де өлмесін, арба да сынбасын» дегендей, баяу ілбіп келеміз.
Орыстілді әріптестер «Сендер (қазақтілді жорналшылар) «тіл», «тарих» дей бересіңдер, жазатын басқа тақырып жоқ па деп кейде әдейі, кейде шын мәнісінде таңыр-
қай сұрап жатады. «Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» демекші, қазақтың жаны шығып тұрған ең үлкен түйткіл сол болса, енді қайтпекпіз? Бұл өзі қазақтың орысқа жанасқалы бері келе жатқан басты уайымдарының бірі. Кезінде, осыдан ғасырдан астам уақыт бұрын Алаш арыстарын да қатты алаңдатқан проблема. Оны Әлихан Бөкейханұлы бастаған бір топ зиялылардың орыс патшасына арызданып жазған атақты «Қарқаралы петициясынан» да көруге болады. Сол Тіл мәселесі осыдан жүз жылдан астам уақыттағыдай әлі зар күйінде.
Орыстілді БАҚ-ты мемлекеттік тіл, жалпы қазақтық мәселелер аса алаңдата қоймайды. Олардың беттерінен шағын хабар-ошар болмаса, ана тіліне қатысты тұщымды, салмақты сараптама көруіңіз сирек. Осыдан кейін қазақтың мүддесі тек қазақ баспасөзіне ғана керек пе деп кейійтінің рас.
Әрине, қазақ баспасөзін( ұлтын деп оқыңыз-авт.) де елдегі кедейшілік, жемқорлық, экономикалық, экологиялық келеңсіздіктер, т.б. қапаландыратыны рас. Бұлардың қай-қайсы да өзекті. Бірақ қазақтың ең бірінші материалдық жағдайға емес, рухани дүниеге (тіл, тарих, әдебиет, мәдениет, т,б.) алаңдаушылық білдіретіні бір жағынан қуанышты кеп. Бұл ұлттық рухтың әлі сембегендігінің, өлмегендігінің көрінісі.
Егер ел аумағына таралатын 8 мыңдай баспасөз құралдарының (баспа, электрондық) 5 мыңнан астамы ресейлік, ал қазақстандық 3 мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралдарының тек жартысына жуығы орыс тілінде шығатынын ескерсек, ақпараттық кеңістіктегі қазақ тілінің жағдайын өзіңіз саралай беріңіз. Ресейлік басылымдар, әлбетте, ең алдымен орыстық мүддені, орыстық құндылықтарды үндейді. Оған өз ішіміздегі орыс-
тілді баспасөзді қосыңыз. Бұл бір жағынан түсінікті де. Басқа арам пиғылдарын айтпағанда, бұл олардың өзіндік тілдік аудиториясын кемітіп алмаудың бір амалы.
Қазіргі күні әлемнің 100-ден астам елдерінде мемлекеттік тілі туралы заңы бар. Бірақ Қазақстанда жалпы тілдер туралы заң болғанымен, мемлекеттік тіл туралы заң жоқ. Сондықтан «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылданбай, жоғарғы билік қазақыланбай қоғамның қазақылануы екіталай. Ал енді қайсы саланың болсын қазақшаға көшу әрекеті байқалып жатса, ол орыстілді азаматтардың емес, ең алдымен, сіз бен біз сияқты қазақтілді қауымның ықпалы екенін ашық айтуымыз керек. М.Шаханов сияқты бір шоғыр ұлтшыл саясаткерлердің еңбегі екенін дұрыс бағалауға тиіспіз. Әйтпесе, таза ұлттық мүдде, қазақы мәселелер, әсіресе тілдің жайы басқалардың жанын ауыртпайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Қазақ тіліне деген тағы бір теріс көзқарас тудыратын мысалды білім беру саласына қатысты да айта кетуге болады. Сондай-ақ «Қазақ мектебінің білімі төмен» деген ұғым Кеңес дәуірінде әдейі қалыптастырылған. Қазіргі қазақ зиялыларының барлығы қазақ мектептерінен өте жоғары білім алып шықты емес пе?! Ал кейінгі деректерге жүгінсек, биыл «Алтын белгі» алған түлектердің 70-80 пайызы қазақ мектептерін тәмамдағандар. Халықаралық олимпиадаларда жүлделі орын алғандардың ішінде қазақтілділердің үлесі одан да көп. Сөйте тұра, баласын ұлттық мектепке беруге арсынатын ата-аналар аз емес. Қалалардағы, әсіресе шағын шаһарлардағы қазақ мектептеріндегі оқушылардың көбі сырттан көшіп келген ағайындар мен ауылдан қоныс аударған ауыл балаларының есебінен толықтырылып отыр. Қаланың тікбақайлары жүгірмегін қазақша оқытқаннан гөрі ағылшыншаға бергенді жөн көреді. Әрине, заман ағысына қарай ол да керек, бірақ ұлттық парыз бен қарызды да ұмытуға болмайды ғой.
Ана тіліміз,әсіресе мемлекеттік мекемелерде қағажу көруде. «Қазақ тілінің дамуына биліктегі қазақ тілін білмейтін 53 мың, қазақша сөйлеуден ұялатын 115 мың қызметкерлердің» (Әкім Тарази) кесірі тиіп отыр. Сөйте тұра, білуімізше, біздегі атқарушы биліктің 80 пайызы өз қандастарымыз көрінеді. Бірақ туған тіліне жанашырлығы жоқ олардың көптігінен ұлтымызға не пайда? Бір нәрсені есте сақтағанымыз жөн, ана тілінің қоғамдық-мемлекеттік өмірден шеттетілуімен бірге, тек қазақ баспасөзінің ғана емес, тұтас ұлт мәдениеті мен құндылықтары да көрінеу көзге кемсітіліп келе жатыр. Міне, шын жанымызды ауыртатын да осы жайт.
«Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген ұранды, ең алдымен, қаперіне де ілмей отырған осы шенді-шекпенділер, мемлекеттік қызметкерлер. Әйтпесе, қара қазақ көшеде бір-бірімен баяғыдан-ақ қазақша сөйлесіп жүр. Мемлекеттік қызметтегі ана тіліміздің қолданыс аясы 60-70%-дан аспайды. Оның өзінде көпшілік жиналыс-жиындарда ол тек көзалдау ретінде, әйтпесе аударма тілі ретінде қолданылады. Ал ондағы аударманың сапасы сын көтермейді. Қазақшасын оқысаң, қарадай-қарап қысыласың.
Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік тілді дамыту туралы бірнеше бағдарлама жазылды, бірақ соның ешқайсы тыянақты орындалған жоқ. Орындалған болса, Қазақстан баяғыда-ақ таза қазақ тіліне көшіп кетуі керек еді. Сол бағдарламалардың басы алаулатқан-жалаулатқан ұрандармен басталып, соңы сиырқұйымшақтанып кетеді. Әкімқаралардан Үкімет бекіткен Тілдер туралы бағдарламаны сен неге орындамадың деп сұрап жатқан тағы ешкім жоқ. Ең сорақысы, мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілді білуді талап қылып отырған заң да жоқ, ықылас та жоқтың қасы. Ана тілдің зарын қылып отырғанымыз да осы. Ал заң бойынша мемлекеттік тілді оқытып-үйретуге барлық жағдай жасауға міндетті Үкіметтен пәрмен жоқ. Бірінші президентіміз «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» өз Жарлығымен бекіткенде, мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін 2014 жылға қарай – 20, 2017 жылға қарай – 80, 2020 жылға қарай – 95 пайызға жеткізуді жоспарлап еді. Бірақ бұл жоспар құрғақ қиялға айналғанын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Енді Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 − 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды, оның нәтижесі қалай болатынын уақыт көрсетер. Тек әйтеуір бұл да алдыңғы бағдарламалардың кебін құшпаса болды.
Дамыған мемлекеттерде, оның ішінде Еуропа елдерінде өзге тілді ақпарат құралдарына деген бақылау күшті. Әлемдік тәжірибеде сырттан келетін БАҚ-тың 20 пайыздан аспауын шектейтін заң бар. Мысалы, Франция. Мұны мемлекеттің ақпараттық кеңістігіне қауіпті деп санайды. Өйткені қазіргі заман – ақпараттар майданының заманы. Ақпарат кімнің қолында болса, әлемдік билік те соның қолында деген қағиданы бүгінде мойындамайтын адам жоқ. Бұл екі жерде екім төрт деген қандай ақиқат болса, сондай айқын. Сөйте тұра, өзіміздің ақпараттық кеңістікті ресейлік құралдарға беріп қоюымыз мемлекеттігіміздің, тәуелсіздігіміздің болашағына үлкен қауіп. Мұнан кейін Қазақстан неге Ресейдің ықпалынан шыға алмай отыр, қазақтар өзге ұлттарға қарағанда, неге тым орысшыл деп таңдануымыздың өзі жөнсіз. Өйткені кеңестер өкіметі 70 жыл бойы «ұлы орыстық» идеяны тықпалағанымен қоймай, Тәуелсіздігімізге 31 жыл өтсе де миымызды зордың күшімен әлі улап отыр. Қоғамның орысшыл болуына осы жағдай да көп ықпал етіп тұр.
Сөз соңында айтарым, БҰҰ классификациялауы бойынша Қазақстан ұлттық мемлекет болып саналады. Ешқандайда федерация, конфедерация немесе құрама штаттар емес. Әлем елдерінің 90 пайызы ұлттық мемлекеттер. Сондықтан өз азаматтарына мемлекеттік тілді меңгертуге барлық жағдай жасау, ең бірінші, мемлекеттің өзінің міндетті. Қазақстан ұлттық мемлекеттің даму принципіне сай, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, ұлттық тілді дамытуға міндетті. Бұл бұлжымас қағида болуы тиіс.
Дәулет АСАУ
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)