Басшылық жеке үйінің құрылысына әскери қызметкерлерді тартқан
Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Ақмола гарнизоны әскери соты төтенше жағдайлар жөніндегі бұрынғы бірінші вице-министр И.Күлшімбаевқа қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров журналистерге арналған брифингіде мәлімдеді.
«Ол Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық бағынысты мекемелерінің басшылығына жеке үйінің құрылысына әскери қызметкерлер мен арнайы техника тарту туралы заңсыз нұсқау беріп, қызмет бабын асыра пайдаланды деп танылды», - деді Д. Биғайдаров.
Сот үкімімен И.Күлшімбаевқа мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салына отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Сонымен қатар сот Мемлекет басшысының атына Күлшімбаевты генерал-майор әскери атағынан айыру туралы ұсыныс енгізуге қаулы етті.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Пікірлер (0)