Батыр туса – ел ырысы

Жаңалықтар
view 1315
news

Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі континентінің шығарылғанына биыл 35 жыл толып отыр. Ауған еліндегі майдан алаңында өр мінез, батылдық пен қайсарлық танытқан сарбаздардың бірі – Оралбай Лесұлы Ентаев. Соғыс алаңына оқ дәрі жеткізу қызметінде болған ол өткен күндердің сабақ болар, мінез қалыптастырған тұстары көп екендігін айтады. «Батыр туса – ел ырысы» дейтін дана халқымыз, жау алдында өжеттік танытқан азаматтарды қашанда ұрпаққа үлгі-өнеге еткен. Осы мақсатпен біз де Ауғанстан соғысының ардагерінен азды-кем сұхбат алған едік. – Өзіңіз туралы кеңірек айтып өтсеңіз. Туған жер, өскен ортаңыз, отбасыңыз? – 1968 жылы 28 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Ата-анадан тараған тоғыз ағайындымыз. Оның төртеуі қыз, бесеуі ер бала, мен ортаншысымын. С.Сейфуллин атындағы орта мектепті 1985 жылы аяқтап, 1986 жылы Отан алдынға қасиетті борышымды атқаруға әскерге аттандым. Мен Ауғанстан жеріне баратынымды тіпті білмедім. Шымкенттен Тәжікстан астанасы Душанбеге апарып, он күн карантинде болдық. Одан кейін Өзбекстан республикасының Самарқанд қаласында үш ай оқу-жаттығудан өттім. Мұнда бізді соғысқа дайындады. Сол жерде ғана біздің Ауғанстандағы соғысқа баратындығымызды айтты. Бұл жаңалықты қабылдау да оңай болмады. – Іштей қорқыныш болды ма? – Әрине, адам баласы болған соң өміріңе, болашағыңа алаңдайсың. Соғыс дегенің тәуекел ғой. Өмір мен өлімнің ортасына, қан майданға аттанатынымызды білгенде іштей қорқыныш болды. Қасымдағы бірге барған сарбаздардың бәрі баратын болған соң, тәуекел етіп, мен де Ауғанстанға аттандым. Қабул қаласына ұшақпен түстік. Одан кейін Шындант қаласына автобатальон отрядына келіп түстім. Мен жүргізуші болып колоннада қызмет атқардым. Бізге жүктелген негізгі міндет – шекарадан Ауғанстанға қарай оқ-дәріні жеткізіп отыру болатын. Содан 1988 жылы жаз айында аман-есен елге оралдым. Жүктелген міндетті абыроймен, ойдағыдай орындап, елге жетудің өзі үлкен бақыт. – Отан алдындағы борышыңызды өтеу кезінде орын алған, есте қалған ерекше оқиғаңыз бар ма? – Бірде досым екеуіміз кешке қарай әскери бөлімнен шығып, сыртты айналып жүріп қайтуды ойладық. Бірақ қатаң тәртіп бар еді, ол әскери бөлімнен шықпау керек деген. Жас болған соң, бізге ол жаққа шығып қайту қызық көрінді. Содан досым екеуіміз Әскери бөлімнен шығып кеттік. Қызық көріп жүргенде, бізді сол жақтың тәртіп сақшылары ұстап алып, әскери бөлімге әкеліп тастады. Бізді жазалады. Тәрбие мекемесінде үш күн бойы кіп-кішкентай бөлмеде қамауда болатын болдық. Оның ішінде ешнәрсесі жоқ. Еденіне тегіс цемент төселген, іші қараңғы, ас-сусыз жалғыз үш күн шыдау керек. Бірінші күні не істерімді білмей, таң атқанша ұйықтамай шықтым. Жатайын десем, жататын орын да жоқ, едені өте суық. Тұрып ұйықтап, аяқ ауырғанда отырып ұйықтап, бірінші түнді өткіздім әйтеуір. Ертеңіне тексеруге адамдар келгенде досымды жолықтырып, одан қалай ұйықтағанын сұрадым. Сөйтсем, досым сол жердегі күзеттен екі тақтай сұрап алып, соның үстіне ұйықтағанын айтты. Мен оны естіп қатты қуанып кеттім. Сосын мен де күзеттен ағаш тақтай сұрадым. Олар сұрағанымды әкеліп берді. Анау екі ағаштың үстінде мамық төсекте жатқандай қуанып, қалған екі күнді өткіздім. Бұл оқиғадан кейін бөлімнің тәртібін бұзбайтындай сабақ алдық. Тәртіпке бағынғанның құл болмайтынын жете түсіндік. – Отбасыңыз туралы айта отырсаңыз? – Мен 1994 жылы үйленіп, бес баланың әкесі атандым. Аллаға шүкір, екі қыз бала, үш ұлымыз бар. Тұңғыш ұлым машинист болып жұмыс істейді. Өз ісінің білікті маманы. Ал қызым Түркияда медициналық академияда білім алып жатыр. Үшінші балам құрылыс саласының мамандығын меңгеріп, университетте оқып жүр. Кенже балаларым мектептің 8, 10-сыныптарында оқиды. Жан жарым ЕХРО қалашығында тазалықшы болып жұмыс жасайды. Берекесі мен бірлігі жарасқан қарайым ғана отбасымыз. Өмірдің қиындығы, қуанышы мен бақытын осы отбасыммен тең көріп, болашағымызға зор сеніммен қараймыз. – Оқырмандарымызға айтар тілегіңіз бен лебізіңіз болса... – Соғыс алаңын, майданды өз көзімізбен көріп, өмір үшін күрестің куәгері болғандықтан, біздің басты тілегіміз – тыныштық. Ел басқарған азаматтардың шешімі оң болсын, ел аман, бейбіт заман болса екен дейміз. Болашағы жарқын, жастары білімді, ұрпағымызбен мақтанар, тұғыры биік ел болсақ екен! – Аға, ашық әңгімеңіз үшін көп рақмет! Аман болыңыз!

Сұхбаттасқан Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *