Еліміздің ертеңі – халықтың қолында

Жаңалықтар
view 380
news

Біз қазақ қайбір әңгімеге соқсақ та бұрынғыны еске алып, сонымен салыстыруға үйреніп қалған халықпыз. Оның негізгі себебі – қазақ халқы ұлт ретінде бұрын әлдеқайда мықты болған болуы керек. Көпжылдық бодандық нәтижесінде «қазақпын» деп айтуды намыс көретін халге жақындап қалдық. Соның көрінісі ретінде Тәуелсіз мемлекет болғанымызға 30 жылдан асса да өз тілін менсінбейтін, ана тілінде сөйлегісі келмейтін шенеуніктердің билік басында отырып, ұлтжанды қоғамның дамуына кері әсерін тигізуде. Қалам ұстаған адамдардың хакім Абайды айналып өткен естісі болған емес. Қоғамдағы болып жатқан барлық үдерістерді соған қарап бағамдайды. Хакім Абай 39-қара сөзінде «Біз қазақ бұрынғы ата-бабаларымызға қарағанда, екі мінезімізден ажырап қалдық, біріншіден, ынтымағымыздан. Бұрынғылар топ басыларын тағайындап алады екен де солардың айтқанымен жүре береді екен. Көші-қон, дау-шыншылдық болса, билік соларда екен. Екіншісі, намысқор келеді екен, аруақтың аты аталған жерде ренішті, келіспеушілікті ұмытып, бірігіп кетеді екен» дейді. Мінеки, сол намысқорлық – ерлікке тәрбиелейді, соның арқасында ата-баба бізге ұлан ғайыр даланы аттың жалында, түйенің қомында жүріп, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен мұра етіп қалдырды. Соған біз жөнді еге бола алмай келе жатырмыз. Ерліктен ездікке айналған ұлт есебінде еліміздің байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Оның негізгі бір себебі алғашқы құралған мемлекетіміздің ірге тасы жемқорлық болды. Дамыған елдердің қоғамдық формациялары эволюциялық дамуы барысында жүріп жатыр. Ал біздің еліміз әлемдік жаһандану заманында өзінің сайлау жүйесін енді қалыптастырып келе жатыр. Түгелдей бір жүйеге келді деп айтуға әлі ертерек сияқты. Дамудың бір көрінісі өткен жылы өткен мәслихат депутаттарының сайлауы мен елімізде өткен ауылдық округтер мен аудан, қала әкімдерін сайлау. Олардың негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев бастаған саяси реформаларды іске асыру болып табылады. Жүргізіп жатқан реформалардың қазіргі қарқынын сақтау, саяси мәселерді кейінге қалдырмай шешу аса маңызды. Президентіміз қаңтардың үшіндегі «Егемен Қазақстан» сияқты еліміздің бас газетіне берген сұхбатында жүріп жатқан саяси реформалардың басты бағыттары, жүргізілу барысы ол жолдағы қиыншылықтар мен кедергілер жайында атап өтті. Қаңтарды ұйымдастырған топтарды, олардың Жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолындағы көрсеткен қарсылықтары екенін ашық айтты. Еліміздің біртұтастығын сақтау жолында бар күш-жігерін жұмсайтынын атап өтті. Ол мақаладан түсінгенім, Ескі Қазақстанның өкілдерінен әлі де болса ішкі қарсылықтарының басылмауы, өткенді көксеп, жалғанды жалпағынан басып жүргісі келетіндігі. Қаңтар оқиғасында билікті басып алу үшін әртүрлі құрылымдардың террористік ұйымдармен тереңдеп бірігіп кетуі, олардың қылмыстық және теріс ағымдағы діни экстремистік топтарға біріктіруі арқылы үлкен күшке айналғаны. Ол шаралардың бір жарым жылдай уақыт жүргізілгені анықталған. Ондай шараны ұйымдастыру жай қарапайым адамдардың қолынан келе бермейтіні анық. Шабуыл топтарын дайындау қаншама қару-жарақ, қаржылай шығынды қажет етеді. Шабуыл барысында үш мыңға жуық қару-жарақ талан-таражға түскен. Билікпен халықтың арасы ажырап кеткен. Билік өзінің жоспарын қоғамнан жасырын ұстайтын саяси дәстүрден арылуы қажет. Еліміздегі халықтың әл-ауқатын арттыру нәтижесінде, елдің билікке сенімі арта түседі, оның бір көрінісі – ең төменгі жалақы мөлшері. Ол мөлшер Президентіміздің бұйрығымен 42 500 теңгеден 85 000 теңгеге дейін көтерілді. Бұл қаражат халықты байытып жібермесе де ауылдағы, аудандардағы жұмыссыз, мардымсыз әлеуметтік жұмыс атқарып, ең төменгі жалақымен жұмыс істейтін азаматтарға айтарлықтай қолдау болды. Жаңа стратегияның басты мақсаты – мемлекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғырту. Бұл қадам, қарапайым тілмен айтқанда, әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыру нәтижесінде, бүкіл елімізді өркендету, сол жолда барлық жұмыстарды бірігіп атқаруға бағыттайды. Саяси реформалардың нәтижесі өткен жылғы мәслихат депутаттарын сайлауда көрініс тапқандай. Тек қана партиялық тізіммен емес, өзін-өзі ұсынған үміткерлердің сайланғанының куәсі болдық. Ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстан құру жолында, еститін үкімет қалыптастырылуда. Жүргізіліп жатқан саяси реформалардың негізгі мақсаты – Әділетті Жаңа Қазақстан құрудың ең басты да бірегей жолы – азаматтық қоғам құру болып табылады. Ол үшін қоғамның әрбір мүшесі, әрбір азаматы мемлекетті басқару ісіне араласып, белсенділік танытуы керек. Оның бірінші сатысы елімізде өтетін сайлауларға толықтай қатысып, дұрыс таңдау жасауы. 2023 жылы өткен ауылдық округтың, аудан әкімдерін сайлау биыл жалғасын табады. Сайлауларшылар бір адамдай қатысып, лайықты азаматтар сайланса, олар халқына адал қызмет ететін болса, жұмылып көтерген жүк жеңіл дегендей оң нәтиже шығады. Сонда еліміздің ертеңі халықтың қолында болады. Соның бір көрінісі өткен жылғы қыс қатты болды да, Үкімет те бір сынақтан өтті. Жай ғана айтылып жүрген жылу-энергетика саласы қатты аяздарға шыдамай, Екібастұз, Риддер сияқты елді-мекендерде халықты абыржытты. Энергетика министрлігі, салаға жауапты Премьер-министр орынбасары, еліміздің басшылары әбігерге түсті, халықпен бірге болды. Жаз бойы дайындық жүргізіп, енді қайталанбайды деген уәдесін бергенімен, биыл да алғашқы аяздарда қараша айында Степногорск, Теміртау, Балхаш сияқты шағын қалалардың жылу жүйелері сыр берді. Қарашадағы алғашқы дауылды боранда электр энергетикасы жүйесіндегі ақаулардан өз қаламызда 32 сағат бойы су беру мен кәріз жүйесі істен шығып, қаланың біраз бөлігінде су қысымы төмен болды. Мемлекет басшысы тапсырғандай, барлық деңгейлердегі басшылар халыққа жақын болыңдар деген. Степногорск қаласының біраз бөлігі жылусыз қалған қиын-қыстау кездерде, Ақмола облысының әкімі М.М.Ахметжанов барып, нақты жағдаймен танысып, халықтың мұңмұқтажын тыңдап, кездесу өткізді, түсініктеме берді. Саяси реформалардың нәтижесі өткен жылғы мәслихат депутаттарын сайлауда көрініс тапқандай. Тек қана партиялық тізіммен емес, өзін-өзі ұсынған үміткерлердің сайланғанының куәсі болдық. Қосшы қаласы туралы облыс басшысы айтқандай, жыл санап емес, ай санап емес, күн санап өсіп жатқан қаланың проблемасы жетерлік. Солардың бастысының бірі – тіркелген халық саны 52 000, ал нақты тұратыны 100 000 адамнан жоғары. Мектеп, емхана, аурухана, тіпті ең қажетті алғашқы медициналық жедел жәрдем станциясының көліктері де халық санына байланыстығын атап айтты. Тұрғындарды Қосшы қаласына тіркелуге шақырды. Қаладағы шешімін таппай жүрген мәселенің тағы бірі – кәріз су жүйесін тасымалдау мен тазарту. Оған қала әкімі Гайдар Қабдоллаұлы Қасенов облыс басшыларының қолдауының арқасында жылдың соңында қаржы қарастырып, қосымша екі арнайы техника алуға жағдай жасап жатыр. Мемлекет басшысының халыққа жолдауында айтылғандай, барлық деңгейдегі депутаттар бірлесіп халықпен жұмыс істеңдер дегені. Соған байланысты қараша, желтоқсан айларында тұрғындармен барлық учаскелерде жоспарланған, жоспарланбаған кездесулер өткізіліп, халыққа түсініктеме беру жұмыстары жүргізілді. Қаланың мәслихат төрағасы Қуатбеков Әлихан Жұмаханұлы бастаған барлық депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, әкімшілік қызметкерлері қатысты. Тұрғындарға қолайлы болу үшін кездесулер сенбі, жексенбі күндері таңертең, түс мезгілінде ұйымдастырылды. Бір өкініштісі депутаттармен кездесулерге тұрғындардың қатысуының төмендігінде. Соған қарамастан, депутаттардың сайлаушылармен кездесулері жалғаса береді. Сайланған депутаттар тұрғындармен кездесулер барысында Президентіміздің кешенді саяси реформалары туралы толыққанды түсініктемелер жүргізді.

Ерғали Ділдабек,

«Қосшы Су» МКК

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *