Медведев: «Трамп жаңа соғысты бастады, ал кей елдер Иранға ядролық оқ-дәрі беруге дайын»

Жаңалықтар
view 123
news

Фотосурет ашық дереккөзден

Ресей Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев АҚШ президенті Дональд Трампты Иранмен жаңа соғыс бастады деп айыптады. Ол Трамптың Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасау туралы бұйрығы АҚШ-ты «жаңа жерүсті операциясына» жетелегенін мәлімдеді,  деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі. 

«Басында өзін бітімгер ретінде танытқан Трамп соғыс отын тұтатты. Кейбір елдер тіпті Иранға ядролық оқ-дәрілерін беруге дайын» – деді Медведев өзінің телеграм-арнасында. Ол бұл мемлекеттер қатарында Ресей бар-жоғын нақтыламады.

Медведевтің пікірінше, америкалық соққы елеулі зиян келтірмегенімен, ирандықтарды аятолла режимінің айналасына топтастырған. «Енді Теһран ядролық қару жасайтынына сенімдімін. Нобель сыйлығы? Жоқ. Құттықтаймын, президент мырза!» – деп кекетті ол.

Шабуыл және оның салдары

22 маусымға қараған түні АҚШ пен Израиль Ирандағы үш ядролық нысан – Натанз, Исфахан және Фордоны бомбалады. Бункер бұзатын қару қолданылды. Президент Трамп операцияны «сәтті» деп бағалап, Иранның АҚШ пен Израильге бағытталған 40 жылдық өшпенділігіне жауап ретінде ақталғанын мәлімдеді. Ол Теһранды ядролық келіссөздерге «тез арада» қайта оралуға шақырды.

Иран жауабы қандай?

Иран Атом энергиясы агенттігі уран байыту бағдарламасын жалғастыратынын мәлімдеді. Елдің Сыртқы істер министрлігі Вашингтонды халықаралық құқықты бұзды деп айыптап, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын талап етті. Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи: «Иран өз егемендігін қорғау үшін барлық шараны қолдануға дайын», – деді.

Халықаралық реакция

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш ядролық нысандарға жасалған соққыны бейбітшілік пен қауіпсіздікке тікелей қауіп деп атады. МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси агенттіктің төтенше отырысын 23 маусымға белгіледі. Алдын ала мәліметтер бойынша, радиациялық ағып кету тіркелмеген.

Иран шабуылға дайын ба?

NBC News дерегінше, Пентагон Иранның алдағы 48 сағатта америкалық нысандарға жауап шабуылын бастауына дайындалып жатыр. АҚШ әскери базалары бірнеше айдан бері жоғары дайындық режиміне көшкен.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *