"Жаһандық шиеленіс өршіп барады": Қазақстан АҚШ пен Иранға қатысты мәлімдеме жасады
Коллаж: janabastau.kz
АҚШ-тың Иранға қарсы соңғы әскери әрекеттері әлемдік ахуалды күрделендіріп, Қазақстан секілді Каспий маңы мемлекеттері үшін де қауіп-қатер тудыруы мүмкін. Бұл жөнінде ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды janabastau.kz.
Министрліктің хабарлауынша, халықаралық жағдайдың шиеленісуі – өңірлік тұрақтылыққа тікелей әсер ететін фактор. Қазақстан Иранмен түрлі салаларда әріптестік орнатқандықтан, бұл жағдайға бейжай қарамайтынын жеткізді.
— Біздің ұстанымымыз — барлық даулы мәселелерді, соның ішінде ядролық бағдарламаға қатысты сұрақтарды, БҰҰ Жарғысына сәйкес, келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешу. Әлемдік қауымдастықты арандатушылықтан аулақ болып, ядролық қарудың таралуына жол бермеуге шақырамыз, — делінген министрліктің ресми мәлімдемесінде.
Қазақстан барлық мүдделі елдерді ядролық қаруға қатысты халықаралық бақылауды күшейтуге және таратпау режимін ұстанатын мемлекеттердің қауіпсіздігіне кепілдік беретін жаңа келісімді әзірлеуге шақырды.
Сыртқы істер министрлігі қазіргі жағдайда сабырлық пен сындарлы дипломатияны басты құрал ету қажет екенін ескертеді.
Пікірлер (0)