Елдегі пойыздарда интернет жүйесі іске қосылды

Жаңалықтар
view 237
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Елімізде жолаушыларға интернет қолжетімділігін ұсынған алғашқы пилоттық жоба аясында №3/4 "Астана-Алматы" пойызы елордадан жолға шықты, - деп хабарлады JANABASTAU.KZ Aikyn.kz.-ке сілтеме жасап.

Аталған бағыттағы сапар 17 сағатқа созылады. Алғашқы сапарда 500 жолаушы интернетке қосылу мүмкіндігін қолданды.

Жолаушылар жаңа қызмет арқылы WhatsApp-та бейнеқоңырау жасап, YouTube-тан бейнероликтер көріп және басқа да танымал интернет-сервистерді пайдаланды. Алайда, торренттер мен ағынды жүктеу сайттарына кіруге шектеу қойылғанын ескерген жөн. Жолаушылардың айтуынша, ұзақ сапарларда интернеттің қолжетімділігі жол жүруді әлдеқайда қолайлы әрі қызықты етеді.

Пойыздағы интернет заманауи спутниктік технологиялар арқылы іске қосылған. Локомотивке орнатылған спутниктік құрылғы бір пойыз құрамында тұрақты және жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

- Пойыздарда интернетті енгізу – жолаушылар тасымалын дамыту жолындағы маңызды қадам. Біз саяхаттарды заманауи талаптарға сай ұйымдастырып, ақпарат пен байланысқа қолжетімділікті толық қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жүзеге асырудамыз. Бұл жоба жолаушыларға байланыста қалып, әрі жұмыс істеп, әрі демалуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта біз осы қызметті кеңейтіп, алдымен «Тальго» пойыздарының барлық 15 бағытына интернет енгізуді жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті "Жолаушылар тасымалы" АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.

Жобаны жүзеге асыру Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Көлік министрлігі, сондай-ақ Jusan Mobile телекоммуникациялық компаниясы мен Қазақстандағы Eutelsat-OneWeb ресми дистрибьюторының бірлескен жұмысының нәтижесінде мүмкін болды.

- ҚТЖ пойызында төмен орбиталық Eutelsat-OneWeb спутниктік технологиясын қолдану арқылы пилоттық жобаның іске қосылуы – көлікті цифрландыру бағытындағы маңызды қадам. Әріптестерімізбен атқарылған жұмыстың нәтижесінде күрделі жағдайларда да жолаушыларға тұрақты және жоғары жылдамдықты (50–100 Мб/с) интернет ұсыну мүмкін болды. Бұл жетістік еліміздің цифрлық дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып, қазақстандықтардың сапарларын бұрынғыдан да қолайлы етеді, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев.

Жоба аясында билеттерді тексеруге арналған мобильді терминалдар, пойыз басшылары үшін бейнерегистраторлар және бейнебақылау жүйелері орнатылды. Барлық жазбалар автоматты түрде бұлтты деректер қоймасында сақталып, бақылау мен қауіпсіздік деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар интернеттің енгізілуі мейрамхана вагонындағы төлем жүйесіне өзгеріс әкелді. Енді жолаушылар тапсырыстарын жол барысында POS-терминалдар арқылы төлей алады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *