Елімізде биыл кімдердің жалақысы өсетіні белгілі болды
Сурет: Ашық дереккөзден
2025 жылы бюджет қызметкерлері арасында құтқарушылардың, балабақша тәрбиешілерінің және орманшылардың айлығы көтеріледі, – деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Еңбек министрлігіне сілтеме жасап.
Елімізде биыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланғаны белгілі. Осы бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған. Тіпті, Үкімет жұмысшы мамандықтарды қолдау мақсатында олардың жалақысын көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсартуды қолға алған.
Осыған байланысты Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, құтқарушылар жалақысы 70%-ға өседі. Ал мемлекеттік орман күзеті қызметінде істейтін жұмысшылар айлығы 100%-ға көтеріледі.
Биыл қаңтарда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне 1,3 түзету коэффициенті енгізілген. Соның арқасында балабақша тәрбиешілерінің табысы 30%-ға артады. Бірнеше өңірдің әкімшілігі айлығы төмен қызметкерлерді қолдау шараларын қолға алып жатыр. Жергілікті бюджет жағдайына қарай, олардың жалақысы 5%-дан 100%-ға дейін көтерілуі мүмкін.
Еңбек вице-министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, елде бюджет қызметкерлерінің еңбекақысын төлеу бірыңғай жүйесі жұмыс істейді. Айлықты көтеру туралы шешім бюджет пен экономикадағы жағдайды ескере отырып қабылданады.
Шенеуніктің айтуынша, министрлікке бюджет саласындағы жұмысшылардан өтініш көптеп түсіп жүр. Олардың дені айлықтың төмендігіне шағынданады.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, кейінгі бірнеше жылда педагогтер мен дәрігерлердің жалақысы екі есе, техникалық қызметкерлер, мұрағат жұмысшылары мен кітапханашылар айлығы да шамамен екі есе өскен.
Пікірлер (0)