Елорда іргесінде қарқынды дамыған

Экономика
view 2673
news

Осыдан он шақты жыл бұрын қалада бар-жоғы 2 мыңға жетер-жетпес адам болған, ал бүгінде ресми тіркелгендердің қарасы 54 мыңнан асып кетті. Халық санының артуы 2021 жылдың шілдесінде Президент Жарлығымен облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен кейін тіпті үдеді. Сарапшылардың айтуынша, Қосшы – тұрғындарының өсімі жағынан республика бойынша Шымкент пен Астанадан кейін үшінші орында тұр. Тек алғашқы жарты жылдықта ғана сайлауда дауыс беруге құқылы ересектер саны 5 мың адамға көбейіп, 18 мыңға жеткен. Бұл есепке бала-шаға кірмейді. Ақмола облысы бойынша бұл ең жоғарғы көрсеткіш, бізден кейін осы ретпен көші-қонның оң сальдосы Целиноград ауданында +117 адамды, Көкшетау қаласында +112 адамды құрады. Одан бөлек, мұнда тұрғылықты тіркеусіз тұрып жатқан, есепке ілінбегендері қаншама?! Ресми емес дерекке сенсек, тіпті 100 мыңнан асады деген сыбыс бар. Осыған орай облыс әкімі Марат Ахметжанов миграцияны қатаң бақылауға алуды тапсырған болатын. Әр тұрғынның қалада тіркелгені аса маңызды, бұл бюджет көлемінің ұлғаюына, әлеуметтік нысандардың санын көбейтуге тікелей әсер етеді.

– Жылдар бойы қордаланған мәселелерді түбегейлі шешу үшін алдағы он жылдыққа қаланың стратегиялық даму бағдарын белгіледік. Алдағы уақытта, Қосшы қаласын дамыту – Қазақстан Республикасы Үкіметінің екі бағдарламасы арқылы жүзеге асады. Біріншісі – Астана қаласына іргелес елді мекендерді дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары. Екіншісі – Астана агломерациясын 2029 жылға дейінгі дамыту жоспары, – дейді қала әкімі Гайдар Қасенов.

Айта кетейік, Қосшы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша да облыста үздіктер қатарынан берік орын алған. 2023 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,8 млрд теңгені құрап, негізгі капиталға 26 млрд теңге инвестиция тартылған, бөлшек сауда айналымы 3,6 млрд теңгеге жеткен, құрылыс жұмыстарының көлемі 10 млрд теңгеден асқан, 42 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілген. Халықтың кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасалған. Шаһарда 3070 шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр. Гайдар Қаболлаұлының айтуынша, қала мәртебесін алғалы жұмыс негізгі 5 бағытта өрбіген: Бірінші – мектеп мәселесі. 2021 жылы қалада 3 мектеп болды. Тұрғындар санының жедел өсуіне байланысты мектеп тапшылығы туындап, балаларды үш ауысыммен оқытуға тура келді. Бұл проблеманы шешу үшін 2022 жылы 1200 орындық бір мектептің, ал биыл оқу жылында тағы екі мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жаңа мектептердің ашылуы шамадан тыс жүктемені азайтып, үш ауысымдық оқу жүйесін толығымен жойылды. Келесі жылы Абай көшесінде 1 200 орындық тағы бір мектептің құрылысы аяқталмақшы. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары 4700 орындық 3 мектеп салу жоспарланған. Қаланың білім беру жүйесінде 1437 қызметкер жұмыс істейді. Оның 866-сы – педагог. Білім беру ұйымдарының жаңа модификациялы кабинеттермен қамтамасыз етілуі – 40%. Мектептер интернет желісімен 100% қамтылған. Дегенмен, оптикалық талшықты интернет желісі тек ІТ мектеп лицейі мен жаңадан ашылып жатқан объектілерде орнатылған. Шаһарда 7 орта білім беру мектебі және 33 мектепке дейінгі ұйым бар. Денсаулық сақтау саласында да жағымды жаңалықтар аз емес. Бір ауысымда 100 адамды қабылдауға қабілетті емхана пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта 350 орындық көпбейінді аурухананың жобалауы жүргізілуде. Сондай-ақ Кешенді жоспарға 6 бригадаға арналған жедел жәрдем станциясын салу ұсынысы енгізілді. Екінші – ауызсу. 2021 жылы қалада ауызсу тапшылығы өте өзекті еді. Себебі жерасты құбыр­ларының жиі істен шығуынан су қысымы төмендеп, жоғары қабаттағы үйлерге жеткізу қуаты жетіспеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен Қосшы су мекемесі мамандарының бірлесіп атқарған жұмыстарының арқасында бұл бағытта да оң нәтижелерге қол жеткізілді. Жүргізілген жұмыстар су тұтынуды тәулігіне екі жыл бұрынғы мерзіммен салыстырғанда 2 мың текше метрге дейін үнемдеуге мүмкіндік берді. Яғни өндірістік шығын азайтылды. Тұрғын үйлердің 85 пайызы ауызсумен қамтамасыз етілді. Су желісіне өткен жылдан бастап 1500 абонент қосылды. Ауызсу Нижнероман кен орнынан 29 ұңғыма арқылы алынады, қазіргі оның 24-і пайдаланылса, 5-еуі резервте тұр.

– Республикалық бюджет есебінен сумен жабдықтау желілері құрылысының төртінші кезегі жүргізілуде, жоба шеңберінде 128,6 шақырым су желісінің құрылысы көзделген. Былтыр 30 шақырым су желісі салынды, ағымдағы жылы 50 шақырым су құбырын жүргізу жоспарланды, жобаны 2024 жылы аяқтаймыз, – дей келе әкім қалада жеке тұрғын үй құрылысы қарқын алуына байланысты жаңадан бой көтерген үйлерге су желісін тарту үшін бесінші кезектегі жаңа жоба әзірленіп жатқанын айтты.

Қаланың қарқынды өсуін ескеріп, алдағы жылдарда ауыз­су тапшылығын шешу үшін Нижнероман кен орнынан су құбырының екінші кезегін салу қарастырылған. Оның су қоры 22 мың текше метрге жуық. Бұған қоса, Қаражар су станциясынан Қосшы қаласына дейін су құбырын тарту жобасы әзірленді (14 шақырым). Бұл жоба да кешенді жоспарға енгізілген. Одан бөлек, облыстық бюджеттен қаланың сумен жабдықтау және кәріз жүйесін жөндеуге қаржы бөлінді. Сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен қолданыстағы тазарту кешенін қайта құру жобасы әзірленіп, сараптамаға жолданды. Үшінші – жол. Қаланың жалпы ішкі жол ұзындығы – 185 шақырым. 2021 жылы 77 шақырым жолда асфальт төсемі болса, 2 жылдың ішінде бұл көрсеткіш 112 шақырымға жетіп, 23 көше жөнделді. Тұрғындардың сұранысы бойынша Қосшы қаласы және Қабанбай Батыр ауылы аралығында 19 шақырым жол төселді, 2 бағдаршам орнатылды. Жол жиегіне шамдар ілінді. Жалпы биыл республикалық және облыстық бюджет есебінен қашықтығы 35 шақырымнан астам жол салу және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Төртінші – қоқыс мәселесі. 2021 жылы Қосшы қаласы бойынша қоқыс шығару нормативтері болмады. Тұрмыстық қалдықтар Тайтөбе ауылының маңындағы рұқсат етілмеген жерге үйілген. Былтыр бұл полигон жойылып, қоқыс шығарудың тарифі мен нормативтері бекітілді. Қазіргі қатты тұрмыстық қалдықтар Астана қаласының полигонына шығарылады. Конкурс арқылы қоқысты шығару бойынша қызмет көрсететін мердігер ұйым анықталып, шарт жасалды. 2021 жылы қала бойынша 178 контейнер болды, қазір олардың саны 492 данаға жеткізілді. 2022 жылы қаланың коммуналдық кәсіпорны құрылды. Мердігер мекеме тарапынан осы бағыттағы жұмыстардың қарқынын күшейту үшін 100 млн теңге сомасында инвестиция тартылды. Бесінші – құрылыс. Облыстық бюджет есебінен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Кешенді 2024 жылдың 1 тоқсанында қолданысқа беру жоспарланған. Сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен жанында 500 адамдық асханасы бар қалалық мешіттің құрылысы басталды.

– Биыл 400 орындық мәдениет үйін салу жобасын әзірледік. Жоба 2024-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарға енгізілген. Өрт сөндіру қызметі ғимаратының құрылысы қолға алынды. Қазір құрылыс материалдары бағасының өсуіне байланысты жобаға түзету енгізілуде. Халықты қолжетімді баспанамен қамту мақсатында 45 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Ол Қосшы қаласының кезекте тұрған тұрғындарына «Отбасы банк» арқылы несие шарттары бойынша арзандатылған бағамен берілетін болады, – деді әкім.

Осы мақсаттағы жұмысты жалғастыру үшін тағы бір 45 пәтерлі тұрғын үй құрылысының жобасы дайындалған. Құрылысты келер жылы бастау үшін облыстық басқармаға бюджеттік өтінім жолданды. – Құрылыстардың жылдам қарқынмен салынуына байланысты электрмен жабдықтау қажеттілігі күн сайын артуда. Бүгінде жеке тұрғын үйлер салынып жатқан 1500 учаскені электрмен жабдықтау бойынша төртінші кезекті жоба әзірленуде. Сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен электрмен жабдықтау желісін тарту бойынша 5-кезектегі жоба әзірленуде. Жаңа Бас жоспарда қуаты 40 мега ватт болатын екінші қосалқы станция салу жоспарланған, – деді Гайдар Қабдоллаұлы. Естеріңізде болса, 2022 жылға дейін электр торабының тозығы жетуі себепті жарық жиі өшетін. Ағымдағы жөндеулерден кейін апаттық өшірулер 3 есеге дейін азайған. 18 көшеде жарық шамдары қайта қосылып, 1000-нан астам жарық нүктелері орнатылды. 24 көшеде 500 жарық нүктесі ауыстырылды. Сондай-ақ қаланы жылумен жабдықтау ісінде де шешімін күткен мәселе көп. Қолданыстағы орталық қазандықтың қуаты сағатына 75 гикакалория, тапшылық 5 Гкал құрайды. Соның салдарынан 2021 жылдан бері ешбір жеке тұрғын үй жылу желісіне қосылған жоқ. Әйтсе де әкімдікке күн сайын жылу желісіне қосылу туралы көптеген өтініш түседі. Мәселені шешу үшін қолданыстағы қазандықтың қуатын сағатына 96 гикакалорияға ұлғайту бойынша жоба әзірленді, қазіргі уақытта сараптама жүргізілуде. Жылу желісін ұлғайту мақсатында, инвесторлардың қаржысына жаңа газ қазандығын салуға жоба әзірлеу басталды. Қазандық орналасатын жер учаскесі анықталды. Бұл қазандық жаңа көпсалалы аурухананы, жаңа мешітті, әлеуметтік нысандарды және шамамен 500 ш² тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Биыл қаланы газбен жабдықтаудың техникалық шарттарын 23 мамырда Астана қаласынан алдық. Газ желісіне қосылу нүктесін белгіледік, газдың көлемі сағатына 32,8 мың текше метрді құрайды. Бүгінде газ құбырын жобалау жұмыстарын аяқтадық. 17 тамызда жоба мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Сараптама қазан айында дайын болады, – деді әкім.

Өңір басшысы Гайдар Қасенов Тайтөбе ауылының әлеуметтік-­экономикалық дамуы да жіті назарында екенін еске салды. Мұнда да проблема аз емес, бірақ соның ішінде жол мәселесі жағадан алып тұр.

– Тайтөбе ауылының да әлеу­меттік-экономикалық дамуы – жіті назарымызда. Оларды ең қатты қинайтыны – жол мәселесі. Ауылдың ішкі жол ұзындығы – 40 шақырым, ол 51 көшеге бөлінген. Мұның 7 шақырымы асфальтталған. Дәл қазір жалпы ұзындығы 8 шақырым жол салынып жатыр. Грейдерлеу жұмысы 1,3 шақырымды қамтыды, – деді Гайдар Қабдоллаұлы.

Қалада мәдениет, өнер, руханият, жастар саясаты, спорт бағытында көптеген жобалар жүзеге асып жатыр. Ардагерлер, ақсақалдар, аналар кеңестері жұмыс істейді. Мемлекеттік «Артспорт» бағдарламасы арқылы 17 спорттық және 13 мәдениеттік бағыттағы орталық қызмет көрсетеді. Онда 5 мыңға жуық жасөспірім өнер үйреніп, спортпен айналысып, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсетуде. Қосшылықтар екі жыл қатарынан «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар байқауынан бас жүлде алып, екі рет автокөлік иеленді. Қалалық Jana Bastau газеті биыл өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары арасында үздік деп танылды. Мәдениет үйінің «Алтын перне» этно-фольклорлық ансамблі «Жас жұлдыздар» және «IQ STAR» V республикалық балалар мен жасөспірімдер байқауларында бірінші орынды олжалады. Сондай-ақ «Жас батыр – 2023» облыстық ер балалар байқауында «Қосшы театр» актерлік шеберлік үйірмесінің өнерпаздары ­Бахтияр­ Естияр – бас жүлде, ал Садық Хамза 3-орын иегері атанды. І Республикалық дәстүрлі әншілер байқауында Біржан Айтахмет жүлделі ІІІ орынға, «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты облыстық әскери әндер байқауында Әлімхан Дінмұхамед ІІ орынға көтерілді. «Ән қанат» балалар хорының Алматы қаласында өткен халықаралық «Күншуақ» фестиваль-байқауында І орынды жеңіп алды. Республикалық ХХХІ дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі аясында өткен ақын, термеші Шынболат Ділдебаевтың шығармашылығына арналған термешілер байқауында Елбол Қуанбек І орынды еншіледі. Бұқар жыраудың 355 жылдығына арналған «Даланың жыр шежіресі» облыстық жыршы-термешілер байқауында термеші, жыршы Айтжан Райымбек ІІ орынды иеленді. Одан бөлек, Ыбырай Қазанғаповтың отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсынан облыстан Гран-при алып, Ақмоланың атынан республикалық байқауға қатысты. Ақмола облысының тіл жанашыры сыйлығын екі адам иеленді: үздік өлкетанушы Ардаби Мәулетұлы, білім беру саласы бойынша «Балдәурен-Сан» балабақшасының меңгерушісі Гүлжахан Олжабаева, үздік қазақ тілді блогер ретінде Сымбат Құрманбаева арнайы алғыс хат алды. Сондай-ақ «Туған жер тарихы» байқауында Ақмырза Аяжан (Тайтөбе мектебі) бірінші орын иеленді. Қалалық кітапхана «Қазақтану» облыстық байқауында бірінші орынды жеңіп алды. Сөзімізді қорыта келе айтпағымыз, жергілікті атқарушы билік мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Әлеуметтік желілерде әкімдіктің, тиісті қызметтердің жеке аккаунттары тіркелген. Аталған парақшалар тұрғындарға қажетті ақпарат алуға және олардың сауалдарына жедел жауап қайтаруға оңтайлы. Сондай-ақ Қосшы қаласы әкімшілігі ғимаратының бірінші қабатында бюрократтық кедергілерді азайту, қызмет көрсету процестерін оңтайландыру мақсатында «Ашық әкімдік» жобасы іске қосылған. Бұл атқарушы билік пен қара халықтың өзара қатынасын күшейте түседі. Сонымен қатар, бекітілген кестеге сәйкес, қала әкімі мен оның орынбасарлары әр апта сайын тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдайды. Одан бөлек, әр тоқсан сайын елді мекен тұрғындарымен кездесу өткізіліп, қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп беріледі. Есептік кездесулерде тұрғындарды толғандырып жүрген өзекті мәселелер талқыланып, олардың шешілу жолдары қарастырылады. Біз баян еткен іс-шаралардың барлығы халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Оны жергілікті тұрғындар жақсы сезініп отыр. Содан да болар, бірінші жартыжылдықта Қосшы қаласындағы қоғамдық-саяси жағдайды талдауға арналған сауалнама нәтижесі көрсеткендей, тұрғындардың 83%-ы әлеуметтік-саяси жағдайды жайлы деп сипаттаған. Сауалнамаға қатысқандардың 77 % мемлекеттік органдардың қызметін жоғары бағалаған, 80% билік өкілдеріне сенетіндіктерін көрсеткен. Тұрғындар 89% Қосшыдағы өмірді Қазақстанның басқа аймақтарына қарағанда «жақсы» деп санаса, 11% «нашар» деп есептеген. Қарсылық әлеуетке келетін болсақ, тұрғындардың 2%-ы наразылық акцияларының болуы мүмкін деген пікірде, 17% жауап беруге қиналды, 81% наразылық акцияларының ықтималдығына жол бермеймін деп жауап берген.

Дана Төлеген

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *