Енді тым тайраңдап кеткен әншілер қатаң жазаға тартылады
Фото: canva.com
Мәдениет және ақпарат министрлігі сахнаға мас шығатын "жұлдызсымақтарды" жазалайтын заң жобасына қайта оралды. Бұл туралы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасай отырып, janabastau.kz хабарлайды.
Лайықты жаза көрмеген соң, халық алдында өзін бейәдеп ұстаудан, бұқараны менсінбейтінін паш етуден, тіпті былапыт сөйлеп, балағаттаудан бірде бір шетелдік, отандық әнші-әртіс тартынбайды. Сорақысы сол, "атың шықпаса, жер өртенің" керін келтіріп, олар мұны керісінше, пиардың, атағын жаюдың бір құралына айналдырды.
Мысалы, 29 сәуірде сахнада балағат сөз айтқан Қайрат Нұртас полиция бөлімшесіне жеткізілді. Соның алдында әншінің концертте "боқсөз" айтқан видеосы тараған болатын.
Рolisia.kz хабарлауынша, ұсақ бұзақылық үшін оған 20 АЕК (73 840 теңге) айыппұл салынды. Бір концерті үшін бюджеттен 10 миллион теңгеден сыйақы алатын Қайратқа мұны төлеу түкке тұрмайды. Оның үстіне бір апта ішінде төлеп тастаса, үлкен жеңілдік беріліп, 36 920 мың теңге айыппұлмен құтылады. Оның үстіне бұл оның бірінші теріс қылығы емес.
Сахнадан көрермендеріне түкіруден бастап, гидке шабуыл жасауға дейінгі теріс қылықтары арқылы әнші Төреғали Төреәлі де жұрттың жадында қалды.
Қазақтың "өнерпазсымақтары" өздерін осылай ұстаған соң, шетелдік келімсек "жұлдызсымақтар" да Қазақстан халқына құрмет көрсетуді міндет санамайды. Мысалы, Дима Билан қазақ еліне келген сайын масқара тірліктерімен ел аузына ілігеді. Ақпарат құралдары оның сахнаға удай мас шыққанын, кәсіби ән шырқау орнына бақырып-шақырып, әннің сөзін ұмытып, ноталардың жүйесін таппай лағып кеткенін жазып жүр. Биланның сахнада құлап қалмау үшін микрофонның тірегін таяқ орнына пайдаланып, сүйеніп тұратыны айтылады.
Ресейлік әнші Земфира да жаман қырын көрсетуден жалықпайды. Сахнада алкоголь сусындарын ішіп, бөтелкесін көрерменге лақтыру, гримеркасын тас-талқан етіп кету. Былтырғы келісі де жанжалмен аяқталды. Астанадағы стадионда ән салған Земфира артынша концертті ұйымдастырушыларды қарғап-сіледі. Оған акустика мен сахнадағы дыбыс ұнамапты. Әрі "Қазақстан" сөзін кіші әріппен жазып, елге деген менсінбеушілігін аңғартты. Ізінше концертті ұйымдастырушы Дана Орманбаева ресейлік әншінің менеджменті шымылдырық артында үлкен көлемде қымбат ішімдіктер тұруға тиістігін райдерде талап еткенін мойындады.
Былтырғы қарашада Қазақстанға келіп, қап толы қаржы арқалап қайтқан америкалық рэпер "50 Cent" халықтың асын ішіп, аяғына түкірді. Алматыдағы концертінен кейін әлеуметтік желіде пост жариялаған 50 Cent (шын аты Кёртис Джеймс Джексон III) қазақстандықтардың ашуын туғызды.
"Алматы, Қазақстан, қанымды қыздырдың! "Борат" фильмі болмағанда, менің нені меңзеп тұрғанымды сендер түсінбес те едіңдер!", – деп жазды америкалық әртіс.
Қазнет пайдаланушылары "Борат" фильміндегі тұтас елге жабылған жаланы "шын" деп сандырақтағаны үшін "Фифти Сентке" бойкот жариялауды, немесе оны "Персона нон грата" қатарына кіргізуді ұсынды.
Әнші-әртістердің бассыздығына тоспа құрып, табанына тас қоймаса, жүгенсіз кеткендер жұртшылықты қайта-қайта жарға жығып, үсті-үстіне кіжіндіріп, қоғамдық наразылық пен әлеуметтік кернеуді арттыра бермек.
Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл олқылықтың орнын толтыруға талпынып отыр. Ведомство "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы жобасын әзірледі.
Оның басты жаңалығы сол, "мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде әртістердің көрермендермен қарым-қатынас жасаудағы орынсыз мінез-құлқы", "әртістің мәдени-бұқаралық іс-шаралар барысындағы әдепсіз мінез-құлқы, балағат сөздерді қолдануы, алкогольдік ішімдіктерді ішуі, алкогольдік, есірткілік мас күйінде болуы, сондай-ақ психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларды тұтынуы" үшін жауапкершілікті енгізбек.
Атап айтқанда, шағын ғана заң жобасында жазылғандай, министрлік: "Ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу барысында көрермендермен қарым-қатынас кезінде әртістердің нормативтік емес лексиканы қолдануы, алкогольдік ішімдіктерді ішуі, алкогольдік және/немесе есірткілік масаң күйде болуы, сондай-ақ психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының әсерінен орын алатын мінез-құлқын танытқаны үшін:
- жеке тұлғаларға – 150 АЕК (2024 жылы – 553 800 теңге),
- заңды тұлғаларға – 300 айлық есептік көрсеткіш (1 107 600 теңге) мөлшерінде айыппұл салуды ұсынып отыр.
Егер әкімшілік жаза шаралары қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаса, мұнысы:
- жеке тұлғаларға – 200 АЕК,
- заңды тұлғаларға – 600 АЕК (2 215 200 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
"Сахнада әртістердің орынсыз мінез-құлқына жол берілгендегі резонанстық жағдайларды болдырмау үшін айыппұлдардың мөлшері де болжамды пайдаға шамамен пропорционалды болуы керек", – делінген заң жобасына түсініктемеде.
Бұл заң жобасының қажеттілігі дау тудырмаса керек. Өйткені Мәдениет комитетінің Музыка өнері басқармасының бас сарапшысы Гүлмира Байжанованың түсіндіруінше, қолданыстағы "Мәдениет туралы" заңда шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың, әртістердің ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге дейін және іс-шара барысында нормативтік емес лексиканы қолдануына, ішімдіктерді ішуіне, масаң күйде шығуына, сондай-ақ есірткі тұтыну әсерінен орын алатын мінез-құлқын танытуларына жол берілмейтіні қарастырылған. Алайда бұл талаптарды бұзғаны үшін ешқандай жаза, жауапкершілік бекітілмеген.
Жаза болмаған соң, ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде әртістердің әдепке жат мінез-құлық танытуы жаппай, жүйелі сипат алды. Бұған қоса, сондай жанжалды оқиғалар үшін іс-шара ұйымдастырушыларының жауапкершілігі де бекітілмепті. Көрші елдерде ондай жауапкершілік заң жүзінде белгіленген.
"Қазіргі таңда Қазақстан заңнамасында концерттік қызметті жүзеге асыру проблемалары реттелмеген. Салдарынан қазақстандықтар Мәдениет және ақпарат министрлігіне концерттік іс-шаралардың сапасының төмендігіне, ұйымдастырушыларының жауапсыздығына, қазақстандық және шетелдік әртістердің шығармашылығының нашар сапасына және сүреңсіз тәртібіне қатысты жиі шағымданады", – деп хабарлады министрлік мамандары.
Ведомствоның түсіндіруінше, 2022-2024 жылдары шетелдік және отандық әртістер қатысқан жанжалды оқиғалар үлкен қоғамдық дүмпу тудырды және әлеуметтік желілерде көптеген теріс пікірге тамыздық болды. Атап айтқанда, шағымдар Григорий Лепске, "Камызяки" КТК тобына, ресейлік әртістердің қатысуымен өтетін "Жара" халықаралық фестиваліне, Филипп Киркоровке, Земфираға, реп орындаушы Моргенштернге, американдық Akon, 50 Cent-терге және бір топ қазақстандық әнші-әртістерге қатысты болды.
Мемлекеттік туды лақтыру (Асхат Жолшиев-Shiza), қазақтың ұлттық киімі – сәукелені қорлау (Ирина Қайратовна), көрермендермен төбелесу (Роза Рымбаева және басқалары)... Сарапшылардың байламынша, бұл резонансты оқиғалар шоу-бизнес өкілдерінің моральдық-әдептік мінез-құлқының азғындалғанын көрсетеді. Оған тыйым болмаса, тым алысқа барады.
"Қоғамдық пікірге жүргізілген талдау жоғарыда аталған әртістердің әрекетіне наразылықтың, сонымен бірге олардың үстінен тиісті бақылау жасамағаны және тәртіпке шақырып, тиісті шараларды қабылдамағаны үшін мемлекетке сын-наразылықтың ушыққанын анықтады. Сондықтан, көпшілік концерттік қызметті реттеуге қатысты заңнаманы жетілдіруді және әртістер мен іс-шараларды ұйымдастырушылардың жеке жауапкершілігін енгізуді белсенді түрде талап етуде", – деп мәлім етті Мәдениет министрлігі.
Дегенмен, бірер аптадан соң Парламент қазіргі екінші сессиясын жауып, қоңыр күзге дейін каникулға кетеді. Демек, бұл заң әзір қабылданбайтын түрі бар.
Ресми мәлімет бойынша Қазақстанда концерт, түрлі салтанат, той-томалақ ұйымдастыратын ивент-нарықта 361 орта кәсіпкерлік субъектісі, 16 шағын кәсіпкерлік субъектісі, эстрадалық концерттерді ұйымдастырумен айналысатын 32 мемлекеттік концерттік ұйым тіркелген. Бұдан бөлек, мәдени-бұқаралық іс-шараларды жүзеге асыратын 836 жеке кәсіпкер бар.
Еліміздің сахналық алаңдарында концерттік іс-шаралардан табыс алу мақсатында өнер көрсететін 1 мыңдай дипломы бар эстрада орындаушылары және 2 мыңға жуық әуесқой эстрада әншілері жұмыс істейді.
Пікірлер (0)