Ерікті болу – ізгіліктің белгісі

Сұхбат
view 1768
news

Ерікті (волонтер) – латынның «Voluntarius» сөзінен шыққан, адамның өз еркімен, өзінің есебі арқылы қоғамдық жұмыстарға белсенді араласушы деген сөз. Қоғамда олардың орны ерекше. Өйткені еріктілер жасаған жақсылықтары үшін өтемақы немесе материалдық қажеттілік талап етпейді. Олар көмектесуді парыз деп санайды. «Еріктілер деген кім, олар немен айналысады, Қосшы қаласының еріктілері қандай игі шаралар атқарды?» Осындай сауалдардың төңірегінде Қосшы қаласы Жастар ресурстық орталығының еріктілері Шахназ Мырзабекқызы, Байжана Байтеновнамен сұхбаттасқан едік. Жас талаппен соны ой, жаңа көзқарастар өрілген келелі сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Ерікті болу – ерлік дейміз. Сізді ерікті болып, халыққа қызмет етуге қандай мақсат алып келді? – Шахназ Мырзабекқызы: Ең негізгі себеп – ерікті болу жаныма жақын, өзіме қатты ұнайтын сала. Жалпы, мен ерікті ретінде ең алғаш іс-шарада болған едім. Ол кезде балаларға тәтті таратып, көңілін ауладым. Сол сәттен бастап, болашақта балаларды қуантатын көптеген шараларға бастамашы болсам, қоршаған ортаны аялауға, құрметтеуге, сыйластық пен ауызбіршіліктің деңгейін арттырсам деген мақсат қойған едім. Менің кез келген жобада жүргендегі ойым немесе үнемі айтып жүретін ұраным – «Әлемді мейірім құтқарады». Осы ой мені әрқашан жақсылық жасауға итермелейтін күш болды. Бос уақытыңды тиімді пайдаланып, жобаларды жүзеге асырып жүргеніңнің өзі – үлкен тәжірибе. Бұл жерде алған тәжірибем үлкен өмірге нық қадам басуға апаратын бірден бір көпір десем де болады. Мектептің табалдырығын аттағаннан бастап, іс-шараларға күнделікті қатысып келемін. Биыл міне 10 сынып оқушысымын және осы уақыт аралығында іс-шараларға қатысқан сәтте елімнің, отанымның мәртебесін арттырып, 1% болса да көмегім тисін деген мақсатта патриоттық сезімім оянады. «Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» демекші, қазірден бастап барлығын үйреніп, жетік меңгергім келеді. Яғни адам баласы тек өзін ойламастан, бұрын шамалы болса да, еліне деген патриоттық сезімі болу керек деймін. – Байжана Байтеновна: Еріктілер – жаны таза адамдар. Олар – елдің шынайы патриоты, халықтың шын жанашыры, сол үшін де құрметім шексіз. «Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз» деді Президент еріктілер хақында. Бұл сөздер мен үшін мотивация болды, сол себепті Қосшы қаласының еріктілер тобына кіруді шештім. Мен қоршаған ортаға, адамдарға пайдамды тигізейін деген мақсатпен ерікті болдым. Бос уақытымды тиімді пайдаланып, жобаларды жүзеге асырып жүргенім – өзім үшін үлкен жетістік. Сонымен қатар ерікті болып, елге қызмет көрсету өзгеге ғана емес өзіңе де рухани тыныштық сыйлайды. Сондықтан бұл жолды таңдағандар әрқашан өзін бақытты сезінетіні даусыз. – Еріктілікпен айналысқаныңызға қанша уақыт болды? Қосшы қаласында қандай шараларға өз еркіңізбен қатыстыңыз? – Шахназ Мырзабекқызы: Мен дәл қазіргі уақытта Рақымжан Қошқарбаев атындағы №1 Қосшы қалалық орта мектебінің оқушылар арасындағы президентімін. Жалпы, осы кезде бір оқиға есіме түсіп тұр: Кішкентай кезімде, яғни бірінші сыныпқа кірмей жатып, алғашқы қоңырауда өлең шумақтарын оқып, оқу жылымды салтанатты түрде ашқан едім. Сол өлең шумақтары мен қоңырау соққаннан бастап, әлі күнге дейін еңбек етіп келемін. Халықаралық, облыстық, қалалық, аудандық түрлі жарыстардың бас жүлде иегерімін. Яғни осының барлығы елімізге деген құрметім, өсіп өркендеуі үшін шыққан алғашқы баспалдақтарым. Еріктілікке кішкентай кезімнен бері атсалысып келемін. Ал Жастар ресурстық орталығына «Еріктілер тобы» ашылғанынан бастап қатысып жатырмын. Мен Қосшы ресми қала болып құрылғаннан бұрын, ауыл кезінен бастап барлық іс-шараларға барынша толық қатысуға тырыстым. Осы еріктілікте, Жастар ресурстық орталығының қолдауымен өткізілген барлық іс-шараларға тоқтала кетсек, әр сенбі сайын сенбіліктер, қоршаған ортаға деген көмек, осы Рамазан айында ауыз бекіткен халыққа көмек ретінде су, құрма тарату деген сияқты, жемқорлыққа қарсы, өрт-төтенше жағдайларды алдын алу мақсатында плакат, таныстыруларды тарату, жасы үлкен қарттарға, әкелерімізге көмектесу, т.б. шараларды қолға алдық. Бір сөзбен айтқанда, қоршаған ортаға, барлық іс-шараларға қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да көмегім тиюі үшін атсалысамын. – Байжана Байтеновна: Еріктілікпен айналысқаныма бір жылдай уақыт болды. Біздің қаламызда еріктілер тобы ашылғанда, мен өз еркіммен топқа қосылып, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, қолымнан келгенінше елге көмектескім келді. Қосшы қаласында Жастар ресурстық орталығы бар болғанына, онда еріктілер тобының халық үшін қызмет ететініне өте қуаныштымын. – Қоғамда ерікті болып халыққа қызмет етудің жолдары көп. Соған орай елімізде 2020 жылы «Еріктілер жылы» деп те аталған болатын. Сіз үшін қазіргі таңда ерікті болудың маңызы қандай? – Шахназ Мырзабекқызы: Қазіргі таңда ерікті болудың маңызы өте жоғары. Ерікті болып қызмет атқару өмірімнің бір бөлшегі десем де артық етпес. Себебі ол уақытынды тиімді, пайдалы жұмыстарға жұмсағаннан бөлек, қоршаған ортаға деген көмек болады. Адамдардың басын қосып, ауызбіршілікке шақырып, ынтымақты орта құруына әкеліп соғады. Мен өзім ересек адам болмасам да, бірақ өзімнің кішкентай жасымдағы әр патриот сияқты, өз елімнің өсуіне атсалысып жатырмын. Және де бұл тек бастамасы ғана. Бұл ізгі ниет бұдан кейінгі барлық жастарға үлгі болмақ. – Байжана Байтеновна: Ерікті жұмыс істеу, өзгеге қолғабыс ету, көмектесу қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан, қанына сіңген жақсы қасиеттерінің бірі. Сол себепті қазақ халқы үшін өткен жылғы «Еріктілер жылы» бөтен ұғым емес, қазіргі таңда да бұл үдерістің маңыздылығы зор. Жастарды жақсылыққа, кісілік пен кішілікке тәрбиелеуде мемлекеттің де алға қойған мақсаты айқын. Ел үшін істеген азғантай шаруаң өз нәтижесін беріп жатса, әрине, қуаныш. Ерікті болып, еңбек ету қай кезеңде де маңызын жоймайтын өзекті тақырып болып саналады. – Алдағы уақыттағы жоспарыңызбен бөліссеңіз. – Шахназ Мырзабекқызы: Болашақта өзіме қойып отырған жоспарларым өте көп. Олар тек қана ауызбіршілік мақсатына соғып қана қоймай, еліміздің дамуына деген серпінділікті арттырады. Қосшы қаласының Әкімшілігіне біраз жоспарымды айтып, жобалар ұсынғым келеді. Мысалы: «Ерікті болу – ерлік» жобасы, «Үлкенге құрмет – кішіге ізет» секілді елге көмегі тиер өте көп жеке авторлық ойларыммен, мақсаттарыммен бөліскім келеді. Мені талай жобалардың авторы ретінде, тағы басқа әртүрлі бағытта көресіздер деген ойдамын. –Байжана Байтеновна: Ерікті болу – ерлікпен тең деп айтады ғой. Бүгінгі күнде еріктіліктің маңызы өте зор, себебі ол қоғамға шешуші көмегін ұсынады. Әлсіздерге, жасы үлкен адамдарға көмектесіп, қол ұшын созып, көмектесу біздің міндетіміз. Еріктілер тобымызбен көптеген іс-шараларға белсенді қатысамыз. Алдағы уақытқа қойған жоспарларым өте көп. Мұқтаждарға көмек беріп, ардагерлерді құрметтеу, қоршаған ортаға қамқорлық көрсету, қаламызды таза ұстау, жастарымыздың бойына қамқорлық, адамгершілік, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді дарыту әрбір еріктінің азаматтық борышы болып саналады. – Сұхбаттасқандарыңызға рақмет!  

Сұхбаттасқан Тілеубек БАТЫС

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *