Кітапхана жайлы ойланатын адам
Сұхбат
2682
Мейірім аңқыған ойлардың бәрі кітапханада жатыр. Кітапхана – мынау көркем әлемнің, шексіз, шетсіз тылсым құпиясымен сырласатын қасиетті мекен. Кітап оқу – адам баласының ойлау функциясын жүйелейді. Жалпы адамзат қоғамында кітаптың, кітапхананың маңызы зор. Осы орайда біз Қосшы қалалық кітапхананың директоры Сымбат Бауыржанқызымен сұхбаттасқан едік. Мархабат!
– Оқырмандарға қандай кітап оқуға кеңес бересіз және оқитын кітаптарын қалай таңдаған жөн?
– Жоғары да айтып өткендей, әр адамның жасына, мінезіне қарай отырып әртүрлі кітаптарды ұсынамыз. Жасөспірімдерге тілі жеңіл, мейірім мен махаббатқа толы кітаптарды ұсынсақ, ата-апаларымызға қазақ шежіресі, қазақ тарихына байланысты салмақты кітаптарды ұсынып отырамыз. Сонымен қатар жасы үлкен кісілер мерзімді баспасөзді үзбей оқиды. Ал кітапты қалай таңдау керек дейсіз, ол әр адамға тәжірибемен келеді. Бір кітапты оқыған соң, бұл жанр сізге ұнай ма, ұнамай ма, соған қарай кейін шешім қабылдай беруге болады. Одан бөлек, көп кітап оқитын адамдардың ұсынысы бойынша, интернет желісіндегі рецензияларға қарап немесе өзіңізбен қызығушылы бір бағыттағы адамдардың кеңесіне құлақ асып, таңдау жасауға болады. Осы орайда, Фрэнсис Бэконның «Адамға ақылды болу үшін 10 кітап оқу жеткілікті, бірақ сол 10 кітапты табу үшін мың кітап оқу керек» деген сөздері есіме түсіп отыр. Белгілі бір кітапты оқып шықпай, ол кітап сізге ұнай ма, ұнамай ма, керек пе, керек емес пе, түсіне алмаймыз. Өз басым, әрине, жастардың көбірек қазақ әдебиетін оқығанын қалар едім, соның ішінде қазақтың классикалық ақын-жаушыларынан бастаса екен деймін. Өйткені көркем әдебиет оқи отырып, біз әр кейіпкердің сезімдерін басымыздан кешеміз, сабақ аламыз, бір сөбен айтқанда, өмір сүруді үйренеміз.
– Енді сіздің атқарып жатқан жұмысыңызға ойыссақ. Осы күнге дейін кітапхана төңірегінде қандай іс-шаралар атқарылды. Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Кітапхана қаламыздың, еліміздің мәдени өмірінде белсенді жұмыс жасауда. Соңғы бірнеше айдың ішінде ірлі-ұсақты көптеген іс-шаралар өтті. Әрбір іс-шараның мәнді де мағыналы болғанын қалаймыз. Биыл «Қазақ» газетінің жарық көргеніне 110 жыл толып отыр, осы орайда Алаш ғылыми зерттеу институтының директоры Ұшқын Сәйдірахманұлының қатысуымен конференция өткіздік. «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Төлен Әбдіктің шығармаларын оқу ұсынылған болатын. Бұл ретте қала жастары арасында «Үздік буктрейлер» байқауын өткіздік. Жастар оқыған шығармалары бойынша оқуға қызығушылықты оятатындай керемет бейнероликтер түсірді. Одан бөлек, басқа да атаулы күндерге байланысты тақырыптық сағаттар, кітап көрмелері, сайыстар ұйымдастырамыз.
– Кітапханада үйірме немесе ұйымдар барма? Олардың атқаратын жұмысы қандай?
– Кітаптаханада «Алқа» әдеби-шығармашылық клубы жұмыс жасайды. Бұл клуб шығармашылыққа, әдебиетке жақын жандардың басын қосып отыр. Клуб мүшелері бос уақыттарында жиналып, сүйікті шығармаларын немесе өздері жазған туындыларын оқып, талқылап уақыт өткізеді. Негізгі мақсатымыз – шығармашыл жастарға орта қалыптастыру, қолдау. Бірақ клуб жаңа ғана тәй-тәй басып келеді, сондықтан алда атқаратын жұмыс әлі көп.
– Өзіңізге белгілі, Қосшы – интеллигенттер қаласы. Осы тұрғыда қаламыздың интеллектуалдық функциясын қалыптастыратын ақын-жазушылардың шығармалары қаншалықты дәріптеліп жатыр?
– Иә, Қосшы қаласы өзінің интеллигенциясымен мақтана алады. Біз де өзіміздің ақын-жазушыларымызды барынша дәріптеуге атсалысып жүрміз. Осы сәуір айында ақын, журналист, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Олжас Қасыммен кездесу өтті. Ақынмен кездесуге жастар белсенді түрде қатысты. Одан кейін ақын қызымыз Айзада Рахымжановамен кездесу өтті. Ол да лирикаға, сезімге толы тамаша кеш болды. Көптеген қыздарымыз ақынмен танысып, бірнеше күн әлеуметтік желіге өлеңдерін салып, сол кештен алған әсермен жүрді. Бұндай кештер тек қана ақынды дәріптеу, таныстыру мақсатында ұйымдастырылмайды, оның жастарға рухани азық екенін де ескерген жөн. Біз театрға барып, әдемі ән мен күйден қаншалықты эстетикалық ләззат алсақ, ақынмен сырласып, оның өлеңдерін оқу арқылы да соншалықты әсер аламыз. Жанымыз тазарады, жақсылыққа, адамгершілікке ұмтылады. Ал адамгершілігі мол азаматтардан құралған қоғам – ең салауатты қоғам деп санаймын.
– «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» дейді абыз Әбіш. Адамзаттың өркендеуіне кітапхананың қандай маңызы бар?
– Байқасаңыз, кітапхананың өз аурасы бар. Кітап сөзсіз сіздің ақыл-ойыңызды дамытады, кемелдендіреді. Ал кітапхана ол сіздің мәдениеттілігіңізді қалыптастырады. Сондықтан барша тұрғындарды кітап оқуға, кітапханамен танысуға шақырамын.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Рамазан Бауыржан
Пікірлер (0)