Халықтың сенімін ақтау өте маңызды
Ерғали Дүйсенұлы
«Депутат мінбері» айдарының бүгінгі қонағы Қосшы қаласы мәслихатының депутаты, «Ақжол» партиясының мүшесі, экономика ғылымдарының магистрі – Ерғали Ділдабек. Қазіргі таңда «Қосшы Су» ШЖҚ МКК директоры болып қызмет етеді. Ерғали Дүйсенұлының сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары коммуналдық салаға қатысты. Өз округінің тұрғындарына берген уәдесінде тұтынатын судың сапасын жақсарту, Нұра-Сарысу (Нижний-Романов) бассейнінен Қосшы қаласына дейін қосымша су тартқыш құрылыстар мен су жинау станциясын қаржыландыру, қаланың жылу желілерінің жүйесін 2025 жылға дейін жаңғырту, сондай-ақ 2024 жылдың соңына дейін «Лесная поляна» ТК-нен Қарқаралы тас жолына екінші шығу жолының құрылысын қаржыландыруға қол жеткізу, қаладағы Республика көшесін 4 жолаққа дейін кеңейте отырып, қайта жаңарту сынды бір қатар мәселелерді шешу туралы ұсыныс айтқан еді. Сол мәселелер туралы әңгіме өрбітсек. Ең әуелі депутаттық мандаттың сіз үшін маңыздылығы қанша? Сол жайлы тоқталып өтсеңіз. Депутат болғаннан бері қандай жұмыстар атқардыңыз?
Ерғали Дүйсенұлы: Депутаттық мандат – ең біріншіден халықтың сенімі. Ол сенімді ақтау өте маңызды екенін ойдан шығармау керек. Бәлкім, күнделікті атқарып жүрген жұмысымызға бара-бар. Кей жұмыстарға келгенде, одан да маңызды болуы мүмкін. Ал атқарылған жұмыстарға келсек, бірінші, Амансүгіров көшесіндегі 6-үйдің тұрғындары 30 жылдан бері орталықтандырылған жылу, су, кәріз жүйелеріне қол жеткізе алмай отырған жайы бар екен. Осы тұрғындардың тұрмыс жағдайын жөндеуге ықпал етуді бастадық. Ағымдағы жылдың қазан айына дейін аяқтау мақсатымыз. Екінші, «Orion» тұрғын үй кешені 15 жылдан бері кәріз жүйесінің құрылыс кезінде кеткен қателігі салдарынан зардап шегіп келеді. Осы олқылықты түзетіп, түпкілікті жөндеу бойынша жұмыс жүргізіп, уақытша шешімін тауып, іске қостық. Жоспарланған қыркүйек айына дейін түпкіліті шешімін табады деп үміттенеміз. Үшінші, «Алтын дала» тұрғын үй кешеніне баратын жолдың түнгі жарығын жөндеу мәселесін шешу жолындамыз. Бұл салада жұмыс басталды, осы қарқынмен шілде-тамыз айларында аяқталады.
Сіз сайлауалды бағдарламаңызда «280 орындық балабақша мен 1 200 орындық екі мектеп салу үшін бюджеттен қаражаттандыру» деген ұсыныс жасаған едіңіз. Қазіргі уақытта бұл құрылыс нысаны салыну үстінде. Сіздің тараптан бұл жұмысқа қандай да бір ықпалыңыз болды ма?
Ерғали Дүйсенұлы: 280 орындық балабақша мен 1 200 орындық 2 мектеп құрылысы әлі басталған жоқ. Ол нысаналардың жобалары енді ғана жасалуда. Мен өз тарапымнан осы нысандарға жеткілікті мөлшерде су қорын әзірлеп, жобалық жұмыстарды жылдамдату мақсатында аталған нысандарға су және кәріз жүйелерінің техникалық шарттарын дайындап бердім. Республика масштабында су тапшылығы мәселесі өзекті мәлелелердің бірі болып тұрған кезде бұның өзі аз да болса қосқан үлесім деп ойлаймын. Қосымша жүктеме ретінде құрылыс басталған соң құрылыс жұмыстарының сапасына да бақылау жүргіземіз деген жоспарымыз бар.
Қалада күрделі мәселелер көп. Соның бірі ауызсу мәселесі. Тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету қаншалықты деңгейде жүріп жатыр?
Ерғали Дүйсенұлы: Қосшы қаласының тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету бағытында көптеген іс-шаралар атқарылып келе жатыр. Атап айтсақ: 2022 жылдың шілде-қыркүйек айлары арасындағы атқарылған техникалық ізденіс жұмыстарының нәтежиесінде, 2010 жылдан бері шешілмей келе жатқан жоғарғы қабатты пәтерлердегі су тапшылығы мәселесі шешілді. Тәулігіне 1 500-2 000 текше метр судың жер астына кетіп жатқан ақаулары жөнделді. Ауызсу құрамы толықтай сараптамадан өтіп, тазартудың сапасын жақсарту бағытында ғылыми жұмыстар атқарылды. Осы жұмыстардың барлығы мемлекет тарапының қаражатынсыз атқарылды. Демек, ол біз үшін үлкен жетістік.
«Қосшы қаласының Республика көшесін 4 жолаққа дейін кеңейте отырып, қайта жаңарту» туралы да мәселе қозғаған едіңіз, бұл қанша уақытта өз шешімін табады?
Ерғали Дүйсенұлы: Қосшы қаласындағы Республика көшесін 4 жолаққа дейін кеңейту бойынша жобалау жұмыстары басталды. 24-сәуір күні Республика көшесіндегі су және кәріз жүйелерінің құбырларын жобаға енгізіп, техникалық үйлестіру іс-шарасын аяқтап, қалалық архитектура бөліміне жөнелттік. Бұл бағытта да құрылыс барысын қадағалайтын боламыз.
«Тайтөбе ауылында сумен жабдықтау желілерін пайдалануға беру және дамыту» жұмыстары жөнінде шешім қабылданды ма?
Ерғали Дүйсенұлы: Тайтөбе ауылының ауызсу желілерін аяқтап, іске қосу үшін Целиноград ауданының құрылыс бөліміне сауалнама жолдадық. Бастапқы жоба мен атқарылған жұмыстардың құжаттары келген соң шешім қабылданады.
Алдағы уақыттағы жоспарыңызбен бөліссеңіз.
Ерғали Дүйсенұлы: Алдағы уақытта атқаратын жұмыстар өте көп, атап айтсақ: Қосшы қаласының халқына қызмет көрсететін коммуналдық салалардың барлығының басы біріктірілген (су, кәріз, жылу, электр қуатымен жабдықтау, көше жарығы, интернет, қоғамдық көлік, қоқыс жинау т.с.с. – Центр оперативного управления коммунальными службами – ЦОУ КС) орталықтандырылған мекеме ашу. Ол мекеме барлық заманауи талаптарға сай арнайы техникамен, ғимаратпен, қызметкерлермен қамтамасыз етілуі тиіс. Мен өз тарапымнан ғимараттың эскиздік жобасын даярлап, қала басшылығына бағыттадым. Болашақ мекеменің құрылымдық жүйесі мен қызмет атқару бағдары да жасалды. Одан бөлек, Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылының ауызсу құбырларының жүйелерін өзара үйлестіріп қосу. Демек, түбегейлі жаңа жүйе жасау. Бұл бағытта Қосшы қаласының бас жоспарына түзетулер менің тарапымнан жолданды және енгізілді. Осы тұрғыдан алғанда, ауызсу сапасын арттыру бағытында ғылыми институттармен жұмысты жалғастырудың маңызы зор. Қосшы қаласының бас жоспарына жауын-шашын суларын жинақтап, тазартып, өңдегеннен соң қайта пайдалануға бағыттайтын жүйе енгізу (бас жоспарға енгізілді) қажеттілігі де үлкен. Кәріз жүйесінің қалдықтарын тазарту кешенін күрделі жөндеуден өткізу керек. Қосшы қаласының бас жоспарына жерасты суларды жинақтап, өңдеп, Сарқырама өзеніне қосатын жүйені іске қосу да күн тәртібінде тұр (бас жоспарға енгізілді). Сұхбаттасқаныңызға рақмет айта отырып, қызметіңізге, алдағы жоспарларыңызға сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан: Тілеубек Батыс
Пікірлер (0)