Халық ауызсудан тарықпауы тиіс

Сұхбат
view 2104
news

«Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейтін, дана халқымыз әр саланы өз ісінің маманы жүргізгенде нәтиже болатынын бір ауыз сөзбен келтірген. Жұмысын білетін білікті маман ғана қолға алған шаруасына жаны ашып, білек сыбана кірісіп кете алады. Су арнасына келгеніне аз уақыт өте де, күрделі мәселелердің шешілуіне таудай үлес қосқан, жастардың шыңдалуына жол ашқан білікті маман бар. Ол – Қосшы қаласы әкімдігі жанындағы «Қосшы су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас инженері Болатбек Құдіретбайұлы Сисенов.   – Аға, алдымен су арнасының халық үшін атқарып жатқан жұмысының маңызына тоқталсаңыз... – Қосшы қаласының су арнасы қызметіне келгеніме бір жылға жуық уақыт енді болады. Біраз жылдардан бері бұл салада жүргендіктен, жұмысты бес саусағымыздай білеміз. Біздің басты қызмет – таза суды халыққа уақытылы, кедергісіз жеткізу, су тапшылығын болдырмау. Салада біраз жылдардан бері қордалаған мәселелер бар еді, білікті мамандардың араласуымен дер кезінде шешімі табылды. Сапалы су халықтың қажетін өтеп отыр. – Қосшы қаласы тұрғындарының тұтынып отырған суының сапасы қаншалықты жақсы? – Судың сапасы айтарлықтай жақсы, сын көтеретіндей деп, ауыз толтырып айта аламыз. Қажетті талаптардың бәріне сәйкес келеді. Бұл үшін біз уақытылы зертханалық зерттеу жүргіземіз. Зертханада суды тек бір нүктеден емес, қаланың әр жерінен алып сынама жасаймыз. Сол арқылы тазалығы, нитрат, нитрит, фторид, кальций, магний, темір сияқты минералды бөлшектердің су құрамында қаншалықты мөлшерде бар екенін анықтап отырамыз. Химиялық- бактериалық талаптарға қаланың суы сәйкес келеді. Сондықтан судың сапасы мен тазалығына күмән келтіре алмаймыз. – Өзіңізге де белгілі қала халқы жыл сайын көбейіп келеді. Соған орай су тапшылығы болуы мүмкін бе? – Су тапшылығы «Лесная поляна» аумағында бұрын болған. Онда да ол тазалық жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуінен орын алған еді. Су есептегіш құрылғы жанындағы сүзгі ондаған жылдап тазартылмаған екен. Соның әсерімен жоғары қабатқа су көтерілмей, халықты біраз әбігер еткен. Көлемді су өтетін жер әбден бітеліп, кішкентай ғана саңылаудан өткен су халыққа, осылайша жетпей отырған. Бірақ олқылық анықталып, мәселе шешілді. Қажет жері дәнекерленіп, тазартылып ауқымды жұмыс жүргізілді. Жалпы, сүзгіні уақыты тазалап отыруды тұрғындарға видеокөрініс арқылы түсіндіріп, ақпараттандыру шараларын өткізіп келеміз. Ал негізі Қосшы қаласына қажетті су көлемі жеткілікті. Өйткені қаланың суы үшін 28 құдық толықтай іске қосылған. Алдағы уақытта оның қатарын көбейту жоспарға енгізілген. Сондықтан су тапшылығы болмайды деуге толық негіз бар. – Суды орынды жұмсап, үнемдеуді арттыру үшін қандай шара қолданылу керек деп ойлайсыз? – «Судың да сұрауы бар» деп халқымыз тегін айтпаған. Тіршіліктің бәрі судың қатысуымен өтеді. Бірақ үнемдеуге келгенде, салғырттық танытатын жағдайлар аз емес. Бей-берекет қолданылған су ысырапшылдыққа әкеледі. Күнделікті тұрмыста үнемдеу әдістерінің орындау арқылы ғалымдық су тапшылығын алдын алуға болады. Сондықтан қатаң талап қажет шығар деп ойлаймын. Жан басына шаққанда, белгілі бір мөлшерден асып кетсе, қымбат тарифпен төлем жасау әдісін енгізген де дұрыс шығар. – Қосшы халқы орташа есеппен қанша көлемде су қолданады? – Жан басына шаққанда, орташа есеппен бір адам айына 4 куб су жұмсайды десек, қазіргі ыстық мезгілде 7 200 куб су жұмсалып отыр жалпы қала бойынша. – Қай кезде су әдеттегіден көп мөлшерде қолданылады? – Жаз мезгілінде судың қолданылу мөлшері әдеттегіден көбейіп кетеді. Бау-бақша суару, гигиеналық тұтыну, құрылыс жұмыстары, көлік жуу сияқты шаруаға су көп қолданылады. Ол кейде судың қысымына да әсер етеді. Ал қысқы уақытта 5 000-5 200 куб су жұмсалады. – Қосшы халқының біраз бөлігі жер асты су қорын жеке құдықпен пайдаланып отыр. Толықтай орталық су жүйесіне ауыстыру қай уақытқа жоспарлануда? – Әкімшілік жарияланған тендерді ұтқан компания бар. Жоспар бойынша 2024 жылдың соңына дейін Қосшының жеке үйлері толықтай орталық су жүйесіне қосылады. Былтыр 10 көшеге су тартылды, биыл 18 көшеге су жүргізу жұмыстары жүргізіледі. Компания жұмысты аяқтаған соң біз қабылдап алып, қажетті су көлемін жіберіп отырамыз. – Суды тазарту, хлорлау жұмысы қай мезгілдерде жүргізіледі? – Хлорлау жұмысы әр ай сайын жүргізіледі. Талап сондай, сапалы суды ғана тұтынуымыз керек. Суды тазарту арқылы ішек-құрт ауруларының алдын алу маңызды. Сондықтан бұл жұмыс ай сайын, уақытылы орындалып отырады. – Су арнасына қызығушылық танытып, жұмыс жасағысы келетін жас мамандар көп пе? – Біздің салаға келем дейтін мамандардың бар екендігі қуантады. Әсіресе қазір қатарда жүрген біраз жастар бар. Елгезек, еңбекқор, ізденіп тұратын мамандарды қолдап, біліктілігін арттыру үшін шыңдап, білім алуға бағыттап отырамыз. Күттірмейтін шаруа болып қалса, уақытпен санаспайтын маман жігіттер бар. Қуанамыз, оларды қолдап отыруға өз тарапымыздан бар күшімізді саламыз. – Саладағы орындалып жатқан жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз! Сұхбатыңызға рақмет!  

Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *