Әшім күйшілік дәстүрінің мүрагері – Камал Мақайұлы

Руханият
view 644
news

Алты қырдың астындағы бозінгенді боздатып, жетім көлдің бетіне қос аққуды сұңқылдатып қондырған қазақтың киелі күй өнері ежелден бері жұмбақ, тылсым дүние. Осы күйшілік өнер жолында қаншама марғасқалар өмірін сарып қылды. Батыс пен Шығыс, Арқа өңірі, Жетісу күй мектебі, Сыр бойы өңірі, Қаратау шертпелері т.б. өңірлердің күйшілік мектебі өз алдына бөлек бір әлем. Бүгін janabastau.kz сайты «Тұлға» бағдарламасында күйші, өнертанушы, Қосшы қаласының тұрғыны Ардаби Мәулеттің Жетісу күйшілік дәстүрінің өкілі Камал Мақайұлы хақында жазған мақаласын назарларыңызға ұсынамыз! Мархабат!

Әшім күйшілік дәстүрінің мүрагері – Камал Мақайұлы

Әшім дәстүрін жалғастырушы белгілі зерттеуші, күйші-композитор Камал Мақайұлы 1925-жылы қараша айында Қытай халық республикасы, Іле қазақ автономиялы облысы, Тоғызытарау ауданы, Мұқыр ауылында шаруашы отбасында дүниеге келген. Әкесі Мақай ақсақал өз заманында домбырашы, сыбызғышы болған адам. Мақай ақсақалдың сарыағаштан шауып жасаған домбырасы киіз үйдің керегесінде ілулі тұратын. Бұл бала Камалдың домбыраның құлағын келтіріп үйренуіне үлкен әсер етеді. Жастайынан қырағы, қағылез Камал әкесінің домбырада, сыбызғыда тартқан күйлерін сүйсіне тыңдап, жастау болса да әке қолынан бір-екілі күй үйреніп тарта бастайды. Жас Камалдың ендігі жерде домбыра үйренуіне есімі елге танымал халық өнерін аса жоғары бағалай білген Дәрубай ақалақшы Мұқыр ауылына атақты Бестібай ақын, манасшы қырғыз Бердіке, домбырашы Әубакір қатарлы елге танымал болған халық өнерпаздарын жинайды. Жас Камал осы өнерпаздардың өнерімен жастайынан сусындап өседі. Әкесі Мақай ақсақал Камалды 1936-1942 жылдар аралығында Мұқыр ауылында құрылған «Бағыстан» орта мектебіндегі оқытушы, әнші, домбырашы Жүнісбек Алпысұлына шәкірттікке береді. Жас талант мектеп қабырғасында-ақ күй шертіп, ән салып өнерін дамыта бастайды. «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей Камалдың талантын байқаған әкесі 1944-жылы атақты күйші Әшімді Күнестен арнайы үйіне шақырып, домбыра шерткізіп Камалды үлкен күйшіге сынатады. Күйші Әшім Камалдың нағыз таланттылығын байқайды. Аты елге танымал дәулескер күйшіні өз көзімен көріп, күйін естіген Камал қайтсемде Әшім күйшіні ұстаз тұтып, күй үйренем деп шынайы өнер жолын қууға бір жола бел байлайды. Бұл Камалдың өнер жолына түсуіне үлкен жол ашады. 1945-1949 жылғы қаңтарға дейін үш аймақ ұлт азаттық көтерілісіне қатысып, ауыр әскери міндеттер атқарады. 1949-жылы Қытай халық республикасы ресми азат болып, ел ішінде тыныштық орнай бастайды. Жаңа құрылған үкімет Камал Мақайұлын үкімет қызметімен Іле қазақ автономиялы облысының Күнес ауданына ауыстырады. Осы уақытта Камалдың өзі аңсап келген Әшім күйшімен кездесу орайы туады. 1951-жылы күйші Әшімді іздеп Күнестің Алмалы ауылына барып, Әшімнің үйінде күні-түні домбыра шертісіп өзінің көптен армандаған ойларын күйшімен бөліседі. Сол жолы Әшімнің әйгілі «Кеңес» күйін өз қолынан үйреніп тартады. Міне, осыдан бастап атақты күйші Әшім мен Камал ортасында ұстаз бен шәкірттік қарым-қатынас орнайды. 1956-жылы Камал Іле қазақ автономиялы облыстық көркемөнер үйірмесіне жұмысқа тұрып, күйші Әшім мен қызметтес әрі көрші болып, орайды қолдан бермей құлшына күй үйренеді. Бір күні күйші Әшім шәкіртіне күй тартқызады. Камал ұстазының үйреткен күйлерімен қоса 40 қа жуық күй тартып береді. Разы болған Әшім: –  «Халық жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады - дейді, сен домбырашы боласың, менің күйлерімді үйреніп алып қал, қасиетті халық мұрасы талай сындарлы заманды басынан өткізіп бізге жеткен. Енді сендерге қалсын» –  деп ықыласты батасын береді. Әрі өзінің домбырасын үлкен мұра етіп шәкірті Камалға табыс етеді. Көп ұзамай бір дәуірдің атақты күйшісі, халық композиторы Әшім Дұңшыұлы науқастан 1962-жылы қайтыс болады. Осыдан тартып Камал Мақайұлы Әшім күйшінің ұлы мұрасын, халық күйлерін, күй аңыздарын зерттеу жұмыстарын бастайды. Камал Мақайұлы Әшімнің мол мұрасын зерттеу, күйлерін кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етіп, қаншама зерттеу мақаласын жариялаумен бірге 1980-жылы Шыңжаң халық баспасынан «Әшім күйлері», «күй күмбірі» 1989-жылы «күй пірі» атты күйші Әшім туралы үш кітап құрастырып ұсынады. Бұл жемісті еңбектер Камал Мақайұлының халық мұрасын зерттеудегі ғылыми жұмыстар болса, әшім күйлерін орындау, насихаттау, кейінгі ұрпаққа жеткізу жолындағы қажырлы еңбектері өз алдына бір төбе. Қазақ халқының күй өнері ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып өркендеп келген. Соның нәтижиесінде күйшілік өнер, әр өңірдің орындаушылық дәстүріне байланысты жеке-жеке дәстүрлі орындаушылық мектептерге бөлінген. Солардың орындаушылық мектептердің бірі шығыс өңірінің Іле аймағында қалыптасқан Әшім орындаушылық дәстүрін бүгінгі ұрпаққа қаймағын бұзбай жеткізіп отырған атақты домбырашы күйші Камал Мақайұлы екенін айрықша айта кеткеніміз жөн. Камал Мақайұлы осы бір тұтас орындаушылық мектепті бізге жеткізу жолында аз еңбектенген жоқ. Көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Әшім күйлерін шәкірттеріне барынша сіңіре білді. Солардың ішінде Камал Мақайұлына шәкірт болып жүрген Мұқаш Таңғытұлы, Тұрсынжан Бәзілханұлы, Ұран Ақатайұлы, Нұрқуаныш Жұманаліұлы, Әбдібақыт Сұлтанбекұлы қатарлы домбырашыларды айтуымызға болады. Күйшінің өзінің тікелей ұрпағынан Тұрғын Камалұлы да әке жолын ұстап қазақтың күй өнеріне өз үлесін аямай қосып келе жатқан атпал азаматтардың бірі екенін айта кеткеніміз абзал. Камал Мақайұлы бұдан басқа да Әшім күйлерімен қоса 150-ден астам халық күйлерін, күй аңыздарын, теледидар және мемлекеттік радионың «алтын қорына» ұсынып, күй өнеріне ерен еңбек сіңірді. Камал Мақайұлының осы өшпес еңбектері арқасында өзі шертіп келген Әшім күйлері Іле қазақ автономиялы облыстық ұлт аспаптар өркестірінің репертуарына көптеп еніп, аспан аясында күмбірлеп жұртшылықтың құлағына жетті. Камал Мақайұлы осындай елеулі еңбектерімен шектеліп қалмай өз жанынан туынды жаратып халқына сыйлап келеді. 1957-жылы тұңғыш рет «партя туралы жыр» әнін, «іле бойында» күйін Іле қазақ автономялы облыстық ән-би үйірмесінің сахнасында көрсетіп жалпы өнерсүйер қауымның алғысына бөленді. 1970-жылы мәдениет зор төңкерісі кезінде домбыра тартып, көнелікті насихаттаушы деген айыппен Камал Мақайұлын түрмеге жабады. «Менің домбырам» атты күйі, 1972-жылы шығарған «Көркем Тияьн шан» күйі сол алапатты жылдардың бар болмысын күй тілі арқылы жеткізіп береді. Міне содан бері Камал Мақайұлы өз жанынан 20 дан астам күй, 25 тен астам тамаша әндер жазып халқына ұсынып келеді. 1980-жылдан қазірге дейін күйші Камал Мақайұлы Қытай халық республикасы музыканттар қоғамының мушесі. Шыңжаң әдебиет- көркемөнершілер бірлестігінің мүшесі, Шыңжаң музыканттар қоғамы төрағасының орынбасары, Қытай халық республикасы қазақ халық әндерін баспадан шығару Шыңжаң бөлімше редакциясы бас редакторының орынбасары сынды міндеттерді атқарып, халқына адал еңбек етіп, халық мұрасын оның ішінде күй өнерін көз қарашығындай қорғап, зерттеген әрі ұрпақтарға жеткізу жолында тер төккен еңбектерін бағалап, Қытай халық республикасы орталық партия комитеті, орталық министрлер кеңесі, орталық әскери қолбасшылық атынан үлкен алғыс білдіріп, қадырменді күйшіні «Алтын өрденімен» марапаттады. Әрі қазақ ұлттық музыкасын қорғаумен мүрагерлік етуде өшпес үлес қосқан жеке тұлға деп бағалады. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шықса да халқының өнері үшін еселі еңбек етіп келе жатқан Әшім дәстүрін жалғастырушы, зерттеуші күйші-композитор Камал Мақайұлына ұзақ өмір, мықты денсаулық тілеп, әрі сіздей мол мұралы-домбыралы кісілердің баталы ғұмыры келесі ұрпаққа дари берсін демекшіміз.  

Ардаби МӘУЛЕТҰЛЫ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *