Әзімбай Ғали: Қазақстанның қазақтануы – шынайы факт
Редакция таңдауы
191
Ұлттық статистика бюросы таяуда халық санағы дерегінің соңғы қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, Қазақстанда халық саны 19 644 067 адамға жеткен. Демек, жаңа жылдан кейін-ақ елдегі халық саны дөңгелек 20 млн адамға жетуі әбден мүмкін. Осынау демографиялық үрдістер жайлы Jana Bastau газет тілшісі белгілі демограф, саясаттанушы Әзімбай Ғалиді әңгімеге тартып, біршама сұраққа жауап алған еді. Сарапшы халықтың ұлттық құрамы туралы пікірін ортаға салып, миграция турасында болжамын да айтты.
– Әзімбай Бейсетбайұлы, қазіргі уақытта халық саны 19 миллион адамға жетті деген ақпарат тарап та, айтылып та жүр. Оның ішінде қазақтардың үлес салмағы қанша?
– Жалпы халық санағы – ең алдымен экономикалық мәселе. Жоспарлы экономика құрылса, халық санағын әрдайым әділ жүргізеді. Қай сала алға шығу керек, қанша көлемдегі қаражатты қайда жұмсау керек, қандай конъюктура байқалады – бәрі сарапталып, есепке алынады. Жұртшылықтың орналасуына терең талдау жасалады. Сол себепті Қазақстанда да әр он жыл сайын халық санағы жүргізіліп тұрады.
Соңғы санақтарға қарағанда, Қазақстанда 14 миллиондай қазақ тұрады. Жалпы халықтың 70 пайызы қазақтар. Жылма-жыл орыс ұлты кетіп жатыр. Бізде 1 млн неміс болған. Қазір 10 пайызы қалды ма екен?! Оларды кезінде Германия қабылдамай қойған жағдайлар болған. Себебі, неміс билігі басқа ұлттармен араласып кеткен «қандас» немістерді зерттейді екен. Біздің немістерді қазір олар немістендіріп, тәрбиелеп, оқытып жатыр.
Бізде қазақтардан кейін екінші орында 14-16 пайыз орыс ұлты, үшінші орында өзбектер тұр.
– Ұлттық статистика бюросы, соңғы деректі 1 қыркүйекте шығарып, Қазақстан халқының саны 19 млн 644 мың 67 адам барын жариялады. Яғни, 2009 жылғы санақтан бері ел халқы 20 пайыз көбейген. Халық санының өсіміне қалай баға беруге болады? Өсім қалыпты ма?
– Біріншіден, орыс жұртшылығы көшіп жатыр еді. Соңғы жағдайларды айтпағанда. Орта есеппен Қазақстаннан жылына 40-45 мың орыс көшкен. Қазақ жұртшылығы жиналып жатыр Қазақстанда. Жалпы демографияда депопуляция деген феномен бар. Ондай қауіп бізде жоқ. Қазақ көшіп жатыр – бір, келіп жатыр – екі, орыс көшіп жатыр – үш. Қазір орыс жұртшылығында депопуляция бар. Өлгендердің саны туғандардан көбірек.
Ал Қазақстанда қазақтардың саны 70 пайыз деген рас мәлімет. Бұдан бұрын 69 пайыз болған.
Қазақстанда 1959-1961 жылдары бала туу көрсеткіші бойынша рекорд болған. Қазақ әлемдік рекорд жасаған. Оның себебі қазақтарда бала туу жоғары болды, бірақ өлім де жоғары болды. Сол кезде нәрестелердің біразы шетінеп отырды. Соған сәйкес әрекеттер жасалды да, уақыт өте келе нәрестелердің шетінеуі азайды. Әлемдік рекорд қазақ тарапынан шыға келді.
Өкінішке қарай, бала туу көрсеткіші бұдан былай төмендейді. Әлеуметтік-демографиялық кезеңдер болады. Демография құрылымы да бар. Мысалы, осыдан 60-70 жыл бұрын бала туу көрсеткіші жағынан рекорд болды да, 20 жылдан кейін сол туғандар ата-аналар болады. Осы аралықта аздаған баяу кездеседі. Яғни, 80 жылғылардың әсерін байқаймыз. Сол сияқты әрбір 20-30 жылдан кейін демографиялық толқынның өзгеріп отыратынын айта кету керек. Бірақ толқынның қауқары төмендей береді. Бұл жалпы туу көрсеткіші төмендейді деген сөз. Ал Қазақстанның қазақтануы – реалды, шынайы факт.
– Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы әйелдер саны бұрынғыдай ерлер санынан басым екенін, ерлер үлесі – 48,6%, әйелдер үлесі – 51,4% екенін жариялады. Бұл баланс та қалыпты деп айтуға бола ма?
– Бұл – әлемдік қалыпты үрдіс. Шындығын айтқанда, табиғат заңдылығына сәйкес қазақтарда ер балалар көбірек өмірге келеді. Бірақ жігіттер ұрыншақ келеді. Мысалы, шофер болса, қандай жұмыс болса да көбірек төбелеседі. Сондықтан мөлшері 27 жаста әйелдердің санымен бірдей болады. Содан кейін өлім көрсеткіші ерлерде көбірек болады. Ал әйелдерде қырықтан асқан соң байқалады.
– Жалпы Украинадағы соғыс басталғалы бері Қазақстанға Ресейден және Украинадан көп адам көшіп келе бастады. Бұл көш Қазақстанның демографиясына қандай әсерін тигізеді? Әлде бұл уақытша үдеріс пе?
– Біріншіден, бұлардың бір бөлігі сіңеді. Бірақ Қазақстанда иммиграция да биік. Көшіп кету де бар, келу де бар. Жылда 45 мыңдай көшеді. Содан кейін жаңағы орыс жұртшылығында өлгендер саны туғандардан көбірек. Депопуляция бар. Бір-екі баладан артық тумайды дегендей. Негізінен қазақтардың көбі Өзбекстаннан көшіп келіп жатыр. Соңғы кездері өте аз келуде. Мәселен, Қытай жібермейді.
– Жыл сайын қандастардың көші саябырсып барады. Бұрын жүз мыңдап көшіп келетін қазақтардың саны қазір он мыңдап есептеледі. Жақында Президент Жолдауында «саясат түбегейлі өзгеретінін, осы орайда демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керектігін, сондай-ақ жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды екенін» атап өтті. Тоқаевтың бұл сөзі нені білдіреді? Қандастар көшіне тың серпін беріле ме? Әлде керісінше ме?
– Негізінен көшіп келетіндер келді. Нарықтық экономика жылдары тұрмыс төмендейді. Халық кейде қорыққанынан тәуірлеу жерді іздейді. Бұрынғыдай колхоз, совхоз жоқ. Бірақ нарықтық экономика жағдайды тиянақтайды. Мысалы, Германия демократиялық мемлекеті мен Германия федеративті мемлекетін салыстырсақ, демократиялық елде жағдай қиынырақ көрінгенімен, шын мәнінде әлеуметтік қайшылық ГФМ-де көп еді.
Әуелі қаржы кері кетеді. Бізде жаңағы қаржы бар, бірақ не болса соған жұмсалып бітеді. Қандастарға жұғым ғана қалады дегендей. Сондықтан бұл декларацияның іс жүзінде пайдасы аздау, бірақ халықты жұбатуға жарайды.
– Қазақстанда алдағы 10 жылда ішкі миграция қалай өзгеруі мүмкін? Ірі қалаларға халық одан ары көп көшіп, ауылдарымыз қазіргіден да қатты қаңырап қалмай ма?
– Бұл енді әлемдік үрдіс. Ауылдардан қалаға көшеді. Оңтүстіктен, батыстан солтүстікке көшеді. Орыс жұртшылығы Ресейге көшіп жатыр. Сондықтан бұл жерде де бір жағынан мемлекет ынталандырады, бір жағынан экономикалық, әлеуметтік үрдістер ықпалын тигізеді.
Қазіргі таңда жұртшылықтың Қазақстан халқының солтүстік пен орталыққа ыққаны керек. Дәл қазір біраз уақыт болды, мемлекет солтүстікке халықтың миграциялық жылжуын керек етеді. Солтүстік өлкелердегі кейбір қалаларда жұртшылық орталанып, ауылдар қаңырап қалды. Ал кейбір ауылдарда бәрі бар. Моншасы, клубы, мектебі жайнап тұр. Халқы ғана жоқ. Сондықтан, бүгінгі таңда өндіргіш күштерді құлатып алмас үшін халықты солтүстікке көшіру мәселесі көкейкесті болып тұр.
Бізге сапалы ұрпақ керек. Ол үшін білім және денсаулық саласын реттеген абзал. Мысалы, алпысыншы жылдардың басында нәрестелер көп шетінеді. Қазір минималды деңгейде. Бұл да мемлекеттің позитивті еңбегі. Сондықтан бүгінгі таңда бізге сапалы ұлттық көрсеткіштер керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрән ӘДІЛЕТ
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)