ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БӘЙГЕДЕ ТОП ЖАРДЫ
Қосшы жаңалықтары
83
АҚШ-та құрылған «Біріккен Алаш» қоры дүние жүзіндегі шығармашыл қазақ жасөспірімдерін анықтап, оларды жігерлендіру мақсатында алғаш рет І халықаралық байқау өткізді. «Менің тұлғам» атты халықаралық шығарма сайысында, Қосшы қаласындағы №3 ІТ лицей-мектебінің 11-сынып оқушысы Елназ Абилхасова жеңіс тұғырынан көрініп, І орынға ие болды.
Бір ай ішінде info@kazunite.com электронды поштасына Қазақстанның барлық өңірінен және АҚШ, Түркия, Моңғолия сынды елдерден 100-ден аса материал келіп түскен. Оған Қазастандағы және дүние жүзіндегі қазақ диаспораларындағы 10 және 18 жас аралығындағы өрендер қатысты. Халықаралық додада жеңіске жеткен Елназ Абилхасованың айтуынша, ол бұл дода туралы мәліметті әлеуметтік желіден көрген. Жарысқа қатысушы өзі құрмет тұтатын тарихтағы немесе бүгінгі заманғы тұлғалардың бірі жайлы эссе жазуы тиіс болған.
"Мен байқау туралы білген бойда шығарма жазуды бастадым. Қайта-қайта тексеріп, қателік, кемшілік болмағанын қаладым. Негізгі ереже бойынша біз үлгі тұтатын тұлғамыздың ерекшелігін, үлгі боларлық еңбегін, қазақ жастарының дамуына қосқан үлесін қамтуымыз керек болатын. Жазу формасы, стилі еркін, шығармашыл жастың ой еркіндігі мен шығармашылық қабілетін айшықтайтындай болуы құпталды. Сонымен қатар, «Менің тұлғам» атты шығармада шығармашыл жас үлгі тұтатын тұлғасы жайлы жалпылама мақтамай, нақты детальдармен, белгілі бір қырын аша отырып жазуы тиіс.Осы талаптарды сақтай отырып, өз эссемді жазып, электрондық поштаға жолдадым. Тақырып «Менің тұлғам» болған соң мен еш ойланбастан, Абай Құнанбаев туралы жаздым. Өйткені, мен үшін дара тұлға ол - Абай атамыз. Сөйтіп,1 апта көлемінде жауапты күттім. Жеңіске жеткенімді естіп, қуанып отырмын»,- деді Елназ Абилхасова.
Айта кетсек, дүниежүзі қазақ жасөспірімдері арасында өткен І халықаралық шығарма байқауында тарих ғылымдарының докторы, АҚШ-тың Гарвард университетінде зерттеуші ғалым Нұрлан Кенжеахмет, журналист, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт, ахметтанушы, Ахмет Байтұрсынұлы мемориалды музей-үйінің жетекшісі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Райхан Имаханбет, Ауған соғысының ардагері, «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков және Моңғолия мемлекетінен Барс Ауқатұлы сынды тұлғалар қазылық етті. Байқау ұйымдастырушыларының сөзінше, комиссия шешімі бойынша жүлделер саны екі есеге көбейтілгендіктен, жүлдегерлерге үлестірілетін сыйақы мөлшері де азайған. Яғни 1-орын екі адамға берілгендіктен, 200 мың теңге сыйақы екі жеңімпазға теңдей бөлінген. 11 сынып оқушысы Елназдың сөзінше, ол шығармашылық сайыстарға жиі қатысады. Деседе, халықаралық деңгейдегі додаға алғаш рет қатысып, жүзден жүйрік атанып отыр. Жуырда республикалық байқауда да топ жарып, 1 орынды иеленген.
"Мен болашақта журналист болғым келеді. Сол себепті шығармашылық бағыттағы сайыстарға жиі қатысамын. Бұл болашақта менің оқуға түсуіме де сеп болады. Жақында республикалық додаға қатыстым. Бұл сайыстада бірінші орынды қанжығаға байладым",-деп №3 ІТ лицей-мектебінің 11 сынып оқушысы өз жетістігімен бөлісті.
Бүкіл бір халықтың ұстазы ұлы Абай өзінің қара сөзінде бала өмірге келгендегі қабілеттері әрі қарай дамытуды, шыңдауға қажет ететінін, сонда ғана олар пайдаға асатынын жазған. Ал, назардан тыс қалған қабілеттер бара-бара жойылып, жоқ болатынын айтқан. Осы тұста Елназдың анасы перзентінің шығармашылық қабілетін балабақша кезеңінен бастап байқағанын айтады. Сондықтан, бала бойындағы қабілетті шыңдауды жөн санаған.
«Балабақшада жаңа жылға орай ертеңгілік ұйымдастырылды. Сонда қызым, тәрбиешісі берген тақпақты айтпай, Абай Құнанбаевтың «Қыс» туралы өлең шумағын өз бетінше жаттап айтқан болатын. Осы кезден бастап Елназдың шығармашылыққа бейім екенін байқадым. Мен қызыма, барлық байқауға қатысып, мүмкіндікті жіберіп алмау қажеттігін айтамын. Биыл қызым нақты шығармашылық бағытындағы болашақ мамандығында таңдап қойды. Өзі әлеуметтік желідеде белсенді. Түрлі роликтерді де түсіреді. Операторлық, қазіргі тілмен айтқанда мобилографияны да өз бетінше меңгеріп жүр. Мен перзентімді әрқашанда қолдаймын. Сонымен қатар, Қосшы қаласында оқушының шығармашылығын дамытуға жағдайлар жасалған деп айта аламын. Дегенмен, бірінші кезекте ол баланың өзінің ынтасы мен отбасы тарапынан қолдауына да тікелей байланысты деп ойлаймын»,- деді Елназдың анасы Катима Шакирова.
Жастар қашанда жаңашыл, ілгері күндерден үлесін алудан үмітті, бастамашыл болып келеді. Бұған жастардың шығармашылық тұрғыдан өркендеуіне жағдай жасап, дарынды жастарды анықтап, қаланың мәдени-қоғамдық өміріне белсене араласуына ықпал етуді көздейтін жаңа жобалар серпін беріп келеді.«Болам деген баланың, бетін қақпа, белін бу», демекші, Қосшыда жастардың шығармашылығын шыңдауға бағытталған іс-шаралар мен жобалар санының артып жатқаны көңіл қуантады.
Салтанат ЕСЕНҚҰЛОВА
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)