Кәсіпке арналған салық режимдері оңтайландырылмақ: Енді табысы 1,2 миллион теңгеден аспайтындар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндеттелмейді
Сурет: ғаламтордан
Салық пен мемлекетке төленетін міндетті төлемдердің саны 20%-ға қысқарады. Кәсіпке арналған салық режимдері оңтайландырылмақ. Осылайша олардың тек үшеуі қалуы мүмкін,- деп хаьарлайды Janabastau.kz 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Біріншісі, айлық табысы 1 миллион 250 мың теңгеден аспайтын жеке тұлғалар, яғни өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдарға қатысты. Бұл санатқа жататын азаматтар кірісінің 4 пайызын салық есебінде аударуға міндетті. Бастысы, табысы 1 миллион 250 мың теңгеге жетпейтін тұрғындар үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті емес.
Белгілі бір себептерге байланысты салық берешегі қалыптасқан кәсіпкерлердің шоты бірден бұғатталмайды. Яғни, борышы 73 840 теңгеден аспаса қарызы жиналып жатқаны жайлы хабарлама жолданады. Егер қарызы 20 АЕК көп болса кәсіпкердің шотындағы шығыс операциялар тоқталады.
“Қазіргі таңда арнайы салықтық режимдер бар. Олар нысаналарды енді тек қана бір-ақ рет тапсыратын болады. Жылдық нысаналар келесі жылдың 15 ақпанында ғана тапсырылатын болады. 25 ақпанда олар төлем жасай алатын болады. Сондықтан бұл кіші бизнесті өте жақсы қолдау деп санаймыз”, – дейді Қаржы министрі Ержан Біржанов.
Жаңа кодексте сән-салтанат салығын төлеу механизмі де нақтыланғалы отыр.
“Енді жылжымайтын мүлкінің жиынтық құны 450 миллион теңгеге бағаланған бақуатты азаматтар үшін салық мөлшерлемесі жоғарырақ болады. Сондай-ақ шетелден қымбат автокөлік әкелгені үшін де қосымша қаржы төлеуге міндеттелмек. Мысалы, кіргізген көлігінің бағасы 75 миллион теңгеден асса, салыққа 7,5 миллион теңге аударуы қажет. Сонымен қатар ұшақ, тікұшақ, теңiз кемелерi мен қымбат алкоголь және темекi өнiмдерi үшін де қосымша акциз салу көзделуде”, – делінді баспасөз конференциясында.
Пікірлер (0)