2023 жылғы 26 сәуірде Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясының делегаттары үшін
панельдік пікірталас алаңы өтті.
Панельдік талқылауларға Президент Әкімшілігінің басшылығы, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, Парламент депутаттары, ҚХА мүшелері, республикалық және облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, діни бірлестіктердің, ҮЕҰ, дипломатиялық корпус, ғылыми қызметкерлер, шығармашылық интеллигенция, қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері, барлығы 1 000-нан астам адам қатысты.
Панельдік талқылау жұмысын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары А.Г.Балаева ашты.
Сессияға қатысушыларды құттықтаған Аида Балаева өз сөзінде өткен жылдан бастап сессия форматы өзгергенін, ал бүгін отырыстың алғашқы күні ҚХА жұмысын жақсарту, оның қоғамдық құрылымдарының – этномәдени бірлестіктердің, аналар кеңесінің, ақсақалдар кеңесінің, «Ассамблеясы жастары» жастар қанатының, кәсіпкерлер қауымдастығының және басқа да құрылымдарының жұмысын жетілдіру жолдарын талқылауға арналғанын атап өтті.
«Өткен жыл реформалар жылы болды және олардың табысты жүзеге асуына, атап айтқанда, ішкі саяси тұрақтылық пен бірлікті сақтау мен нығайтуға Ассамблеяның барлық институттары, бүгінде де өз үлесін қосуда» деп жоғары бағалады. «Біздің мақсатымыз бір – еліміздің егемендігін сақтау. Еліміздің тәуелсіздігі – барша қазақстандықтардың ортақ құндылығы» деп нықтады Аида Балаева. Ол өз сөзінде «Рухани бірлік пен құндылықтарды өзара құрметтеу негізінде ғана қоғамдық келісімге келеміз. Кез-келген мемлекеттің өркендеуі – жалпы қоғамдық келісімнің нәтижесі. Бұл – Мемлекет басшысы айтқан «бірлік – әралуандылықта» қағидасының мызғымас мәні» деп атап өтті.
Сөз соңында А.Балаева «Президенттік реформаларды жүзеге асыру үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Міне, Ассамблеяның кең желісі Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыру бойынша қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді», деді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Альберт Рау да өз сөзінде өткен жыл саяси оқиғалардың саны жағынан да, олардың болашақ үшін маңызы жағынан да тарихи реформалар жылы деп аталуының орынды екенін айтып өтті. Сонымен қатар «Елді өзгертудің барлық үдерістерінде ҚХА және этномәдени бірлестіктері өкілдерінің елдің тұрақтылығы мен бірлігіне үлесі маңызды роль атқарады», деп еліміздің қазіргі заманғы тарихында Ассамблеяның рөлін атап көрсетті. Ассамблеяның қоғамдағы рөлін атап өткен «Вайнах» Қазақстан шешендері мен ингуштар қауымдастығының төрағасы Ахмед Мурадов та бұл ұйым атауын өзгертпеген жалғыз ұйым екенін, Президент Қазақстан халқы Ассамблея төрағасы болып қала беретінін баса айтты. Осы орайда ол өз сөзін қорытындылай келе, «Біз кез-келген сынаққа төтеп бере алатын құқықтық, әділетті Қазақстанды құру жөніндегі міндеттерді жүзеге асыруда Мемлекет басшысының ұжымдық көмекшісіміз», деді.
Білім министрі Ғани Бейсембаев еліміздегі білім беру ұйымдарының құрамы көпэтносты екеніне тоқталды. Нақты айтқанда, білім беру мекемелерінде оқушылардың дүниеге көзқарасы, құндылықтары мен бағдарлары қалыптасады, үлкенді-кішілі қарым-қатынастың жеке тәжірибесі жинақталады. Ол, сондай-ақ, баланың толеранттылық санасын қалыптастыруда отбасының және отбасындағы қарым-қатынас атмосферасы, ата-ана мен туыстар арасындағы қарым-қатынас стилі бала үшін маңызды екенін, этносаралық толеранттылықтың қалыптасуына айтарлықтай әсер ететінін атап өтті. Сонымен қатар Ғани Бейсембаев білім беру ұйымдары тұрақты, позитивті және толерантты көпэтносты қауымдастықты қалыптастыру үшін ҚХА аймақтық құрылымдары және этномәдени бірлестіктермен тұрақты негізде ынтымақтастықта болуы қажет деп санайды.
Қазақстан корейлері қауымдастығының төрағасы Юрий Шин өз сөзінде Қазақстан корейлері қауымдастығының негізгі басымдығы – Қазақстандағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысу екенін атап өтті. Ал этносаралық қатынастар саласында мемлекет пен қоғамның азаматтық институттары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру – басты міндет, деді Юрий Шин. Сондай-ақ, ол қауымдастықтың қызметі мен алдағы жобаларына тоқталды. «Биыл біз «Қазақстан корейлерінің жастар қозғалысы» республикалық форумы сияқты шараларды өткіземіз. «AKK Networking» республикалық форумы, республикалық «Коре ильбо» газетінің 100 жылдығын ұйымдастыру жоспарлануда, - деді ол.
Секцияда келісім, толеранттылық атмосферасын қалыптастырудағы дәстүрлердің, мәдениет пен білім саласының ықпалы, сондай-ақ ҚХА саяси реформаларды жүзеге асырудағы және қоғамдық бірлікті нығайтудағы қызметі талқыланды.
Сессия делегаттары талқылаулар мен пікірталастарға белсене қатысты. Рухани-адамгершілік, жалпыадамзаттық және азаматтық құндылықтарды қалыптастырудың, толеранттылықтың жоғары мәдениетін, тұлғааралық және этносаралық қарым-қатынасты, патриотизмді, сондай-ақ балалардың тұлғалық, ерік-жігері, физикалық және интеллектуалдық дайындығын тәрбиелеудің, әлеуметтік өзара іс-қимыл және оң этносаралық коммуникациялардың өзекті мәселелері көтерілді.
Пікірлер (0)