Қазанғаповтар отбасы республикалық байқауда марапатталды
– Ақсақалдар кеңесінің негізгі міндеті – мемлекеттік органдарға, азаматтық қоғам институттарына елдегі бірегейлікті нығайтуға, азаматтарды қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтары төңірегінде шоғырландыруға жәрдемдесу. Халықты қоғамдық және мемлекеттік институттар арасындағы сындарлы коммуникациямен өзара іс-қимылды нығайтуды көздейміз. Қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету мәселелерінде мемлекет пен қоғамның өзара тығыз байланыс тетіктерін ұйымдастыру да біздің міндетіміз. Жастарды отансүйгіштік пен патриотизмге тәрбиелеу, мемлекеттік органдарға тұрмыстық, әлеуметтік мәселелерді шешуге, оларды жанжалдан кейінгі реттеуге жәрдемдесу де біздің мүдделі жұмысымыз саналады. Қоғамдық келісімді жүзеге асыру, азаматтарды шоғырландыру ісінде жастар ұйымдарымен өзара байланыс жасап отырамыз. Халықтың ауызбіршілігін арттырып, береке-бірлігін нығайтуды көздейміз. Біз ақылдасып, кеңес беретін ұйымбыз. Дау-дамай жас талғамайды. Кейде ақылға салмақ салғысы келмейтін үлкені, сөзге тоқтам жасағысы келмейтін жастар да бар арамызды. Ондай кезде біз барынша сабырға шақырып, сауатты кеңес беруге тырысамыз. Әкесін баласы ұрған кездер де болды. Одан бөлек, ажырасамыз деген ерлі-зайыптылар да бар. Көліктері соқтығысқан жастар да жөн сұрап алдымызға келеді. Мұндайда кеңес мүшелері қолымыздан келгенше ақыл-кеңесімізді айтып, дұрыс жолға салуға тырысамыз,– дейді Ыбырай Қазанғапов.
Төрелік ету оңай іс емес. Ыбырай ақсақал екі тарапты ортақ мәмілеге келтіру үшін де пайым-парасаттың биіктігі маңызды екендігін алға тартады.
– Кеңес айтып, адамды бітімгершілікке келтіру үшін ақыл айтушыда ең бастысы сабыр деген асыл қасиет болуы керек. Жанжалдың негізгі себебін байыппен анықтап алу маңыз- ды. Алдыңа ақыл сұрай келген, әділ шешім тілей келген жанға тең дәрежеде қарап, оны да тұлға ретінде сыйлай білу керек. Кемшілігін байқасаңыз, бетіне баспай, даналықпен, байсалдылықпен, сауаттылықпен жөн сілтей алу маңызды. Білімдінің алмайтын қамалы жоқ. Мұндай ортада көп ізденіп, білімді үнемі толықтырып отыру артық етпейді, – дейді көпті көрген ақсақал.
– Жастар – біздің айнамыз. Біз қандай болсақ, ертеңгі ұрпақ сол бағытта қалыптасады. Біз Кеңес арқылы жастардың бойына елге, жерге деген сүйіспеншілікті сіңіруді көздейміз. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетер, жақсы менен жаманның ара-жігін ажырата алар дара тұлғаларды қалыптастыра білуіміз керек. Біз өткізетін іс-шара, басқосу, жиындарымыз нәтижелі болуы үшін өңірлік басшылардың, әкімдеріміздің қатысуы да маңызды. Ақсақалдар кеңесі халық пен биліктің арасындағы алтын көпірдің қызметін атқарып келе жатыр десем артық айтпағаным. Бізде кезінде өз ісінің кәсіби маманы болған, әр саладан білікті деген тоғыз адам жиылған, – дейді Кеңес төрағасы.
Дау әділ шешілсе, оған тоқтам жасап, ақылға келу, аталы сөзден аттамау – әріден келе жатқан әдет. Ақпараттық ағыны жылдам, дамыған заманда «өзім білемге» салып, екінші тараптың сұрауын аяқасты ету әбестік. Көп уақыт пен ұшан-теңіз білім, төзімді қажет етер істе «өгіз өлмей, арба сынбай» екі тарапқа да тиімді болар шешім айту қиын, сабақ болар тұсы көп.
Ыбырай ақсақал бала тәрбиесінде отбасында тал бесіктен берілер тәрбиенің маңызды екенін айтады.
– Бірде екі көлік соқтығысып, көліктің бірінде адам шығыны болған. Көлік апатына айыпты жүргізушіні түрмеге тоғытқан. Кінәлі жақтағылар кісі қайтқан жаққа кешірім сұрап барған екен. Бірақ олар үйіне жақындатпай, үлкен дау болған. Сол жерге мені апарды. Екі тараптың адамдарын отырғызып, сабырға шақырдым. Мен өткеніміз бен бүгініміз ертеңімізге сабақ болуы керектігін басып айттым. Жас жігіт сотты болғаннан не ұтамыз? Ата-анасына уайым болмай ма, жігіт бұзылып кетпей ме? Әйелі жесір қалады, балалары жетім қалады. Қарап отырсақ, кінәлі тарап та үлкен қасірет шеккелі отыр. Құдайдан үміті бар адам мұндай қиянатқа бармайды. Алдымызда не боларын ешкім біле алмайды деп басу айтып, ақылға келтірдік. Екі сағат дегенде келістіріп, нотариус шақырып, кешірім қағазын алып, жас жігітті бостандыққа шығардық, – деп ақсақал өткен күндерді ой елегінен өткізді.
Гүлназ БИСЕН
Пікірлер (0)