Қоғам назарындағы Қосшы жолдары
Қосшы жаңалықтары
365
Еліміздегі көптеген өңір тұрғындары сын көтермейтін жолдар туралы жиі шағымданады. Мұның себебі түсінікті де болар. Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан кейін, біраз жыл есеңгіреп барып, ес жиған ұлттық экономикамыз басқа салаларды дамытуға, республикалық маңызы бар тас жолдар төсеуге басымдық берді. Қала мен ауыл ішіндегі тақтайдай болмаса да, тәубе дейтіндей жол соңғы аз жылдың көлемінде салына бастады.
Әупірімдеген ауылдан, әлеуетті қалаға айналуға енді ғана бет бұрған Қосшы халқының да біраз жылдан бергі мұңы осы арманға айналған асфальт төңірегінде болғанын білеміз. Жол өркениет пен дамуға жетелейтін негізгі фактор екенін ескерсек, бейресми ақпараттарда 80 мыңнан астам халық тұратын моноқаланың құзырлы органдары үшін бұл бағыт басты назарда болу керек. Халық көкейіндегі көп сауалдың бір ұшығын білу үшін тиісті мекеменің есігін қағып көрдік. Қосшы қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ММ басшысы Әсет Мұхановтың айтуынша,қала көшелерінің жалпы ұзындығы 185 шақырымды құрайды. Мұның ішінде 76,9 шақырым көше жолдарына асфальт төселген, 22,2 шақырым жолға шағыл-тас төгілген. Қаланың көлік тасымалы құрылымдарын дамыту мақсатында «Қосшы қаласының автомобиль жолдары құрылысы» жобасының екінші кезеңінде 8,36 шақырым жол (7 көше) қамтылған.
2022 жылға дейін 5,7 шақырым жолға асфальт төселді. Биыл 2,67 шақырым жолға асфальт төсеу жоспарланып, отыр. Оның ішінде Абылайхан көшесі – 1,2 шақырым, Зайсан көшесі – 0,41 шақырым, Ә.Жәнгелді көшесі бойынша 1,07 шақырым жол салынып, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. «Қосшы қаласының ішкі жолдарын күрделі жөндеуден өткізу» жобасы бойынша 58,6 шақырым жол жөндеу жоспарланған. 84 көшені қамтыған ауқымды жобаның құны 8,3988 миллиард теңгені құрайды. 2022 жылға дейін 21,6 шақырым жол күрделі жөндеуден өткен. Биыл Байқоңыр, Берел, Бозоқ, Дәулеткерей, Нұра, Тәуелсіздік, Әбілхайырхан, Бөкейхан, Баян сұлу, Балуан Шолақ, Ж. Жабаев, А. Байтұрсын, Ақжайық, Ш. Айманов көшелерін қамтыған (18 көше) 14,5 шақырым жолға асфальт төселмек. 22 маусым күні Республика көшесінің қалған 4,6 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары қайта басталды. Бұған 10 арнайы техника мен 14 жұмысшы жұмылдырылған.
Естеріңізге сала кетсек, осы көшеге орташа жөндеу жұмысы өткен жылы басталып, аз уақыттан кейін тоқтатылған болатын. Тиісті мекеме өкілі жол жөндеу жұмысының кешігуін жабдықтар сатып алу және қайта ұйымдастыру жұмыстарына байланысты түсіндіргенімен, мердігер компания «Бұланды тас карьер» ЖШС-ның жол жөндеу жұмысын нақты қандай себептермен тоқтатқаны туралы нақты ақпарат бермеді. Жөндеу жұмысы толық аяқталмаған көше жолдары көлік қозғалысына көп қиындық тудырып келді. Халық тарапынан әлеуметтік желілер арқылы наразылық күшейгені де жасырын емес. Тіпті алыпқашпа әңгіме жол құрылысының мезгілсіз тоқтатылуын сыбайлас жемқорлықпен байланыстырады. Бізге жеткен бейресми ақпаратқа сүйенсек, қаланың күретамыры іспетті орталық көшенің қараусыз халге түсіп, жөндеу жұмысының жыл бойы тоқтатылуының негізгі себебі: Республика көшесін жөндеудің бас жоспары Қосшының Целиноград ауданының құрамындағы кезінде жасалған. Әуелгі жобада жіберілген техникалық қателіктер себебінен, қала мәртебесін алған Қосшы әкімдігіне берілуі кешеуілдеген немесе бөлінген ақша мен жобаның Қосшы қаласына берілу процестеріне байланысты кешіктірілген болуы мүмкін.
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)