Асфальттағы аққулар
Қосшы жаңалықтары
203
Табиғаттың ластануына бәріміз кінәліміз! Бірер күннің алдында қаламыздың орталық көшесінде жолды кесіп өтіп бара жатқан бес балапанын ерткен екі аққудың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Желі қолданушылардың көбі олардың ағылған көліктердің астында қалуынан алаңдап, өзенге жеткізу туралы айтса, келесі бір тобы аққулардың айдынды тастап, асфальтқа шығуына кінәлі қала маңындағы өзен-сулардың ластануы деп пікір білдірді.
Тіпті сол видеоға пікір білдірушілер арасында жөндеу жұмысы аяқсыз қалған көше туралы да өз пікірін ортаға салғандар бар. Қаламыздың бет-бейнесіне, экологиялық, экономикалық, қоғамдық мәселелеріне бей-жай қарамайтын қала тұрғындарының пікірі әрине ескеріледі. Осындайда кейбір түйткілді мәселелер төңірегінде түсінбестік себебінен ұшқары пікірлер де айтылады. Мысалы, жол мәселесі туралы. Қала әкімдігі өткен жылы басталған жол жөндеу жұмыстарын аяқтауға бар күшін салғанымен, құжаттық және қаржылық мәселелерге байланысты мүмкіндік болмай отырғанын, бұл жерде ешқандай жемқорлық фактілерінің орын алмағанын алға тартады. Бұл тақырыпта газетіміздің осы санында журналистік зерттеу жүргізіп көрдік. Қалай десек те әсем құстың табиғат берген түйсіктен айнып, көшеге шығуы біраз жәйтті аңғартса керек.
Аққулардың айдынды тастап кету себебін қарастырып көрдік. Тайтөбе мен Қосшы ортасындағы бұрын Сарқырама деп аталған, Нұра өзенінің бір арнасынан көктемде аққуларды, басқа да құстарды көргенімізбен, су айдынын тұрақты мекен ететін құс аз. Мамандардың айтуынша, қала маңындағы су айдындарына ешқандай өндірістік лас су төгілмейді. Қатаң бақылауға алынған. Қаланың канализациялық жүйелерінде мәселелер болғанымен, тұрмыстық қалдық суларды уақытша өзендерге төгу қарастырылмаған. Демек өзен сулары химиялық заттармен, ауыр металдармен ластанбаған. Құстардың өзеннен безіп кетуіне ешқандай экологиялық себеп жоқ. Өзен арналарының ластануы негізінен ұсақ тұрмыстық қалдықтар, пакеттер мен сусындық құмыралары.
Қосшы тұрғындары, тіпті іргеміздегі астана тұрғындары да жаз күндері демалатын орын іздеп, алысқа ат сабылтпай-ақ, жұмыстан кейін бала-шағасымен осы өзенге ағылатыны жасырын емес. Өзен бойында рұқсат берілген, қауіпсіздігі қамтамасыз етілген ақылы жағажайлар да бар. Бірақ адамдар өз ыңғайына қарай көбінесе, иесіз, ашық жатқан «жабайы жағажайларға» көбірек барады. Бұның қаншалықты дұрыс, не бұрыс екенін эколог мамандардың құзырына қалдырайық та, осы өзен маңына келіп демалушылардың кейбір келеңсіз қылықтарына тоқтала кетейік. Әрине, қараусыз жағажай болғасын, ол жерде тұрмыстық қалдықтарды салуға арналған қоқыс жәшіктері қойылмайды. Бірақ әр адам өзі отырған жерді өзі тазалап кетсе, жағажайлардағы аяқ алып жүргісіз қоқсық болмайтын еді. Әр адам табиғаттың төл баласы ретінде, саналы түрде табиғатты аялай білуі керек. Табиғатты қорғау, аялау санасы отбасы тәрбиесінен келеді. Айналамыздағы кейбір келеңсіздіктерге құзырлы органдарды ғана кіналай бермей, сол мәселелердің себебі мен салдарын айналаңыздағы адамдардан іздеп, ұжымдық сананы дамытуға атсалысып, уақыты, мүмкіндігі бар әрбір адам ластанған табиғатты тазалауға атсалысса, барлығымызға таза қалада тұруға мүмкіндік бар. Бұл жұмысқа қоғамдық кеңес пен еріктілер бастама көтеріп, әлеуметтік желілерді пайдалана отырып «Таза қала», «Таза арна» тақырыптарындағы челлендж ұйымдастырса нұр үстіне, нұр болар еді.
Серікбай ӘБІЛМӘЖІН
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)