Көш соңындағы Қосшы керуен басына шықты
Кеше Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасеновтің төрағалығымен шаһардың 2023 жылғы бірінші тоқсанындағы экономикалық дамуына және былтырғы жылу беру маусымының қорытындысына арналған келелі жиын өтті.
Көрсеткіштерге көңіл толады
Айта кетейік, Қосшы қаласы Ақмола облысында көптеген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша үздіктер легінде келеді. Басқасын былай қойғанда, халық саны өте жедел қарқынмен өсе түскен. Жақында өткен Парламент және жергілікті мәслихат сайлауы науқаны көрсеткендей, соңғы жарты жылдың ішінде тек сайлаушылардың саны 5 мың адамға артып, жалпы саны 18 мыңға жеткен. Одан бөлек, мұнда тұрғылықты тіркеусіз тұрып жатқан, есепке ілінбегендері қаншама! Аталған жайттар қала дамуына белгілі бір деңгейде аз әсерін тигізбесі анық. Ресми санақ бойынша халық саны 52,6 мыңнан асқан. Жыл басынан бері тұрғындар саны 274 адамға көбейген. Ақмола облысы бойынша бұл ең жоғарғы көрсеткіш, бізден кейін осы ретпен көші-қонның оң сальдосы Целиноград ауданында +117 адамды, Көкшетау қаласында +112 адамды құрады.
«Қалада 2 755 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген, олардың 2 609-ы тұрақты жұмыс істеп тұр. Биыл бірінші тоқсанда қаланың өнеркәсіп өндірісі 2022 жылдың сәйкесінше мерзімімен салыстырғанда 4,1%-ға, 2021 жылмен салыстырғанда 2,8 есеге ұлғайған. Өнеркәсіптің өркендеуіне өңдеу өндірісінің қарқыны оң ықпал етті. Оның өсімі 4,4%-ға жетіп, жалпы облыс бойынша өнеркәсіп өнімдері көлемінің 0,4% үлесін құрады. Үш айда 1,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Негізгі капиталға құйылған қаржы 2,7 есеге артып, 11,8 млрд теңгені құрады (облыс бойынша 2 орын). Инвестицияның 90%-ы тұрғын үй құрылысына бағытталды. Ал өңдеу өнеркәсібінің өсімі темірбетон бұйымдарын, жиһаз, пластик құбырлар мен басқа да тауар түрлерін жасап шығару есебінен ұлғайған. Қалада көпқабатты тұрғын үйлердің, әкімшілік ғимараттардың көптеп салынуы құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқынын арттырды. Бұл көрсеткіш 50 есе өсіп, 2022 жылы жалпы көлемі 45 млн теңгеден 2,2 млрд теңгеге жетті. Есепті кезең ішінде 27 мың шаршы метр тұрғын үй салынды (110,0% облыс бойынша 3-көрсеткіш). Осы тұрғыда жеке Болат Өтемұратовтың қоры арқылы 1 500 оқушыға арнап салынып жатқан заманауи мектеп құрылысын мысалға келтіруге болады», деді Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Рүстем Мусин.
Есепті кезең ішінде 19,0 млн теңгенің ауылшаруашылық тауарлары шығарылып, жалпы өндіріс көлемі 127,0% -ды құрады. Бұл облыстағы ең үздік көрсеткіш. Былтыр мал басының, атап айтқанда, жылқының 51,7%-ға, ірі қараның 76,6%-ға, қой-ешкінің 57,1%-ға, сондай-ақ құстың 61%-ға кемуі өнім өндірісін әжептәуір төмендетіп жіберсе, биылғы 1 сәуірдегі есеп бойынша төрт түліктің саны қайтадан өсе бастады. Жылқы – 1 323 басқа (113,4%), ірі қара – 581 басқа (117,1%), қой-ешкі – 1 084 басқа (109,5%), түйе 58 басқа жетті. Оған Тайтөбе ауылының қала аумағына қосылуы әсер етті. Бұл жайт келешекте ауылшаруашылық кешенін дамытуға да оң ықпал ететіні сөзсіз.
Алғашқы тоқсанда бөлшек сауданың көлемі 1,5 млрд теңгені құрады. Ол былтырғы сәйкес мерзімнен 1,5 есе көп. Әсіресе, «Magnum Express», «SMALL» супермаркеттерінің, «Мұнай Маркет», «Асқар» жанармай құю стансаларының және «Чистые пруды» , «Best Management Group», «Казына СР» серіктестіктерінің тауар айналымы анағұрылым артқан. Сондай-ақ былтыр «Кен Март» гипермаркет желілері жабылып, сатылым көрсеткіші едәуір құласа, жыл басынан бері жаңадан «Смолл» мен «Светофор» супермаркет дүкендері ашылып, сауда-саттық қайтадан қарқындай түсті.
Қосшы қаласының кіріс көлемі 2023 жылы 1 132,6 млн теңге болады деп топшыланса (салық түсімдері – 1 101,7 млн теңге, салықтық емес түсімдер – 2,4 млн. теңге, негізгі капитал сатылымы – 28,5 млн теңге), ол өткен үш айда жоспар бойынша межеленген 325,0 млн теңге 114,6 млн-ға асып түсіп, 439,6 млн теңгені құрады.
Қыс шанаңды, жаз сайла
Ақмола облысында жылу беру маусымын өткізу ережесіне сай биыл қалада жылыту мерзімі 27 сәуір күні аяқталды. Осыған орай теңгерімінде жылу көздері бар ұйымдар, кәсіпорындар жазғы жұмыс режиміне көшті. «Өткен жылу беру маусымын ешқандай төтенше оқиғасыз, апатсыз ойдағыдай өткіздік, ол үшін коммуналдық шаруашылық саласының барлық жұмысшыларына рахметімізді айтқым келеді. Әйтсе де, «Қыс шанаңды, жаз сайла» демекші, келер жылға әзірлікті ертеңнен бастап қайта қолға алуңа қамданып отырмыз. Жаңа жылу беру маусымын көлденең апаттардан сақтау үшін даярлық барысын қатаң бақылауда ұстаймыз. Одан бөлек, мүлік иелері бірлестіктерінің төрағаларымен және тұрғындармен көпқабатты үйлерді қысқы маусымға даярлау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз» дейді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Валерий Асамбаев.
Оның айтуынша, 2022-2023 жылдары қаланың жылу беру маусымы үшін облыс бюджетінен 444 млн. теңге бөлінген екен, оның 294 млн. теңгесі көмір сатып алуға және 150 млн. теңгесі жылу тораптарына ағымдық жөндеулер жүргізуге жұмсалған. Ал 2023-2024 жылдары жылу беру маусымының қажеттіліктері үшін облыстық бюджеттен 380 млн. теңге беріліп отыр: орталық қазандықты жөндеуге – 300 млн. теңге, теңгесі жылу тораптарына ағымдық жөндеулер жүргізуге – 80 млн. теңге. Қазіргі кезде орталық қазандығын электрмен жабдықтау мәселесі маңдымай тұр: қазандықты қоректендіретін 2 кабель желісінің 90%-ы тозған. Бұл мәселені шешу үшін «Asyl tas corp.» ЖШС-мен өзара ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді.
Қалада 225 нысан жылу жүйесіне қосылған: көпқабатты үйлер – 74, жекеменшік үйлер –143, білім ошақтары – 3, заңнамалық кәсіпорындар – 5. Қала бойынша жылу берілетін аумақтың жалпы көлемі – 515,8 м2. Барлығы 10 204 тұрғын орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Жылу тораптарының ұзындығы 27,7 шақырымға (магистральдық – 11,598 км, орамішілік – 16,127 км) созылып жатыр. Дайындық жұмыстары барысында бірінші кезекте бұған дейін жылу көздері мен тораптарында кездескен ақаулар сараланып, оларды түзетіп-жоюға күш салынатын болады.
Жиын соңында қала басшысы Гайдар Қабдоллаұлы қазіргі жағдай 2019-2020 жылдармен салыстырғанда анағұрылым жақсарғанын, ол уақыттарда екі күннің бірінде су мен жарық өшіп, кәріз жүйесі бітеліп қалатынын, көшелер тасқараңғы түнекке тұмшаланып жататынын еске салды. Жиынға қатысушыларды енді осы жеткен жетістіктердің қарқынын түсірмей, ел игілігі үшін аянбай еңбек етуге шақырды. Сондай-ақ тұрғындардың кез келген тұрмыстық мәселелер бойынша арызшағымдарын тыңдауға есігі қашанда ашық екенін жеткізді.
Сөз соңы. Рас, Қосшы қаласы біртіндеп дамып келеді десек те, әлі де болса шешімін күтіп жатқан күрмеулі мәселелер аз емес. Мәселен, көше-жол торабының жағдайы, ауызсудың жетіспеушілігі мен сапасының төмендігі, шеткі аудандарда су және кәріз торабының жоқтығы, электрмен жабдықтау желісінің жиі істен шығуы, сондай-ақ үлестік құрлыстарға қатысты келеңсіздіктер тұрғындардың жүйкесін жұқартып тұр. Аталған проблемалардан арылу үшін ең алдымен қала бойынша Бекітілген кешенді бағдарламаны жүзеге асыра отырып, бюджетті тиімді жоспарлаудың маңызы зор. Сондай-ақ бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту керек. Егер бюджет түсімдері артса, оның елеулі бөлігін әлеуметтік қолдауға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қажеттіліктерін өтеуге, атап айтқанда, жаңадан суайыру сорғыларын сатып алуға және жөндеуге, сумен жабдықтау қондырғыларын жаңартуға, электр желісі мен көше жарығын жетілдіруге, жол жөндеуге, жаңадан мектеп, балабақша және басқа құрылыстар салуға, сонымен қатар келер жылу беру маусымына дайындалуға жұмсауға мүмкіндік туады.
Жоғарыда баяндалған жайттарды саралай келе, Қосшының әлеуметтік, инженерлік, көлік инфрақұрылымын дамыту және абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар орта мерзімдік болашақта қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп үміттенеміз.
Дәулет АСАУ
Пікірлер (0)