ҚОСШЫ ДЕПУТАТТАРЫ САЙЛАНДЫ

Сайлау
view 187
news

ҚОСШЫ ДЕПУТАТТАРЫ САЙЛАНДЫ Еліміз бойынша 10164 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасының парламент мәжілісінің және түрлі деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтті. Наурыз айының 19 күніне жоспарланған саяси науханнан Қосшы қаласы да тыс қалмады. Қала бойынша 12 сайлау учаскесі құрылып, қала жұрты өз таңдауын жасады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 19 қаңтардағы №104, №105 Жарлықтарына, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2023 жылғы 20 қаңтардағы «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлау- ын тағайындау туралы» №18/669, Қосшы қалалық аумақтық сайлау комиссиясының 2023 жылғы 20 қаңтардағы «2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қосшы қалалық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы» № 1/31 қаулысына сәйкес қала мәслихатының депутаттарын сайлау ұйымдастырылды. Бұрынғыдан өзгеше болған саяси доданың көрігін қыздырушылар ақпан айының аяғынан бастап-ақ үгіт насихат жұмыстарын қолға алған еді. Сайлауалды бағдарламаларын дайындап, жас қаланың көркеюі үшін «не істей алатындарын» өз округтерінің тұрғындарына жеткізуге асыққан кандидаттардың ішінде осалы жоқ болатын. Барлығы да «Жаңа Қазақстанды – жаңаша құрғысы келген» қоғам белсенділері, кәсіп иелері мен сан түрлі саланың мамандары және қарапайым қала тұрғындары. Айта кету керек, жетінші шақырылған Қосшы қаласының мәслихатында мәслихат хатшысын қосқанда 6 депутат болған. Бұл жағдай жас қаланың Целиноград ауданынан бөлініп шығуына байланысты екені белгілі. Биылғы дүбірде Облыстық маңызы бар қала ретінде жергілікті мәслихатқа 12 орын және Ақмола облыстық мәслихатына 1 орын берілген. Сонымен, 19 наурыз күні қала бойынша құрылған 12 сайлау округінде өткен саяси додада Қосшы мәслихатының депутаттық мандаты кімдерге бұйырды, жұрт кімдерге сенім білдірді?!. Ел үмітін арқалап, халықтың қалаулысы болған «жаңа депутаттармен» таныс болайық. Төребаев Айдын Бертісбайұлы – Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, «Аманат» партиясының мүшесі. Облыстық мәслихатқа Қосшы қаласы бойынша 3 үміткер тіркелген болатын. Сайлаудың нәтижесі бойынша көпшіліктің басым дауысымен Айдын Төребаев Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. 1975 жылы Шығыс Қазақстан облысының Аякөз қаласында дүниеге келген Айдын Бертісбайұлы заң ғылымдарының магистрі. 2018-2020 жылдар аралығында Қосшы ауылдық жергілікті қоғамдастығының төрағасы, 2020 жылдан бері Қосшы қаласы мәслихатының депутаты ретінде өңірдің мәселесімен етене таныс. Қаламызда ХҚКО-ның (ЦОН) ашылуына, Мәдениет үйінің халыққа берілуіне және т.б. қоғамдық маңызы зор істерге тікелей бастамашылық жасаған. А.Б. Төребаев сайлауалды бағдарламасының негізі ретінде Қосшыдағы әлеуметтік нысандардың көптеп ашылуын, құрылғанына жылдан енді ғана асқан қаладағы инфрақұрылым мәселесін шешуді жеделдету, 2-3 жыл ішінде қалаішілік қоғамдық көлікті жүргізу, Тайтөбе ауылындағы жайылымдық жер мәселесін шешу, Целиноград ауданына қарасты 350 адамдық заманауи аурухананың Қосшыда салынуына ықпал ету, 2025 жылға дейін қаланы газдандыру, газ құбырларын тарту желілерін салу, электр және су мәселесін шешуді басым бағыт ретінде атаған болатын. 1 сайлау округі бойынша Ділдабек Ерғали Дүйсенұлы – Қосшы қаласы мәслихатының депутаты, «Ақжол» партиясының мүшесі. Ерғали Дүйсенұлы 1976 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Мамандығы – жүйетехник-инженер. Экономика ғылымдарының магистрі Ділдабек Ерғали «Қосшы Су» ШЖҚ МКК директоры болып қызмет етеді. Сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары коммуналдық салаға қатысты. Өз округінің тұрғындарына берген уәдесінде тұтынатын судың сапасын жақсарту, Нұра-Сарысу (Нижний-Романов) бассейінінен Қосшы қаласына дейін қосымша су тартқыш құрылыстар мен су жинау станциясын қаржыландыру, қаланың жылу желілерінің жүйесін 2025 жылға дейін жаңғырту, сондай-ақ 2024 жылдың соңына дейін «Лесная поляна» ТК-нен Қарқаралы тас жолына екінші шығу жолының құрылысын қаржыландыруға қол жеткізу, қаладағы Республика көшесін 4 жолаққа дейін кеңейте отырып, қайта жаңарту мәселесін шешу туралы айтқан. 2 сайлау округі бойынша Осипова Ирина Серікпайқызы – Қосшы қаласы мәслихатының депутаты, «Қазақстан Халық Партиясының» мүшесі. 1981 жылы Целиноградта туған Ирина Серікпайқызы Ақмола облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі. «Lider.KZ» еріктілер бірлестігінің Қосшыдағы үйлестірушісі ретінде қаладағы қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. «Қосшы Су» ШЖҚ МКК ӨТБ инженері болып жұмыс істейтіндіктен ауыз судың сапасы Ирина Осипова үшін ең маңызды мәселе. Сайлауалды бағдарламасында халықтың мобильділігі төмен топтары үшін кедергісіз орта, қауіпсіз көшелер (қала көшелерінде жасанды жол кедергілері, қосымша бейнебақылау және бағдаршамдар орнату), тұрақты, үздіксіз электрмен жабдықтаумен қамтамасыз ету, қараусыз қалған жануарлар үшін питомник салу және мемлекеттік мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерді салу жөніндегі жоспарлардың іске асырылуын жіті бақылау қажет екенін атап өткен. 3 сайлау округі бойынша Қасенов Нұрдәулет Нұрсейітұлы – Қосшы қаласы мәслихатының депутаты, «Аманат» партиясының мүшесі. Киелі Әулиеата өңірінің тумасы Нұрдәулет Қасеновтың жол, құрылыс салаларында 13 жылдан астам тәжірибесі бар. Еңбек жолында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Павлодар – Семей», «Қалбатау - Майқапшағай», «Үшарал - Достық» сияқты ірі автокөлік жолдарының құрылысы бойынша республикалық жобаларға қатысқан. Өзінің депутаттық мерзімінде Нұрдәулет Нұрсейітұлы әлеуметтік жобалармен қатар Қосшы қаласындағы жолдардың сапалы жөнделуі мен қаланың орталық көшелерін одан әрі қайта жаңартуға баса назар аудармақ. 4 сайлау округі бойынша Айтжанов Руслан Қасымұлы – Қосшы қаласы мәслихатының депутаты, «Аманат» партиясының мүшесі. 1982 жылы Павлодар облысында дүниеге келген Руслан Айтжановтың Қосшы қаласында тұрып жатқанына 7 жылдан асты. Жоғары біліктілігі бар заңгер маман 2015 жылдың ақпанынан бастап қазіргі уақытқа дейін Ақмола облыстық адвокаттар алқасының адвокаты болып қызмет етеді. 2022 жылдың ақпанынан бастап Қосшы қалалық қоғамдық кеңесінің белсенді мүшесі ретінде жас қаламыздағы күрмеуі қиын мәселелердің көпшілігімен жете таныс. Өзінің сайлауалды бағдарламасында Руслан Қасымұлы қала тіршілігін қамтамасыз етуді тиісті деңгейде жүргізу керек дейді. Ол үшін әр салада жоспарлау, ұйымдастыру және орындау бойынша барлық жұмыстарды біртекті қоғамдық бақылауға алу өз нәтижесін беретініне сенімді. Тұрғындардың қауіпсіздігі және жеке дамуын ұйымдастыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, қолжетімді баспана мәселесіне назар аудару, құрылыс жұмыстарын қоғамдық бақылауға алу арқылы автокөлік жолдарының сапасын жақсартуға қол жеткізбек. 5 сайлау округі бойынша Ақылбек Данабекұлы - Қосшы қаласы мәслихатының депутаты, «Аманат» партиясының мүшесі. Ақылбек Данабекұлы тұрғындарының басым бөлігі жастар болып саналатын «Қосшыдыдағы ең маңызды мәселе – жастарға көңіл бөлу, олардың жарқын болашағын қамтамасыз ету, жастарға тың мүмкіндіктер беру қажет» - дейді. Сыр өңірінің тумасы Ақылбек студент кезден бастап қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген. 2014-2016 жылдары Астана қалалық Жастар мәслихатының депутаты болды. 2020 жылы Праймериз партияішілік сайлау жеңімпазы атанған. Қазіргі уақытта Қосшы қаласы «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры қызметін атқарып жүрген Ақылбек Данабекұлы шаһарды дамыту жолында бірқатар мәселелердің тиімді шешімдерін ұсынатынын атап өткен. 6 сайлау округі бойынша Ибраев Шохан Саматұлы - Қосшы қаласы мәслихатының депутаты, «Қазақстан Халық Партиясының» мүшесі. Қазақстан Халық Партиясының атынан сайлауда жеңіске жеткен Шохан Ибраев «Металл және темірбетон конструкцияларын монтаждау» және «Өнер кәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандықтарының иегері. 20 жылдан астам уақыт бойы Қосшыда тұрып жатқан Шохан Саматұлы 2011 жылдан бастап шаһарды жылумен қамтамасыз ететін орталық қазандықта еңбек етеді. Депутаттық мерзімінде халыққа қажетті әлеуметтік нысандармен қатар қаланы жылумен, сумен және электрмен жабдықтау желілерін жөндеу, жаңарту жүргізуге айырықша көңіл бөлмек. 7 сайлау округі бойынша Райханова Динара Қуанышқызы - Қосшы қаласы мәслихатының депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі. «Кәсіп түбі – нәсіп! Кәсіпкер ретінде шаһардағы барлық маңызды мәселемен таныспын. Қосшы қаласының болашағы үшін шағын және орта кәсіптің дамуы маңызды. Мал шаруашылығын дамыту, елімізді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету партиямыздың басым бағыты. Қосшылықтардың жайлы өмірі үшін жұмыс жасаймын» - деген Динара Қуанышқызы өзіне дауыс берген округ тұрғындарының ғана емес, тұтас қосшылықтардың мәселесін көтерері анық. 8 сайлау округі бойынша Баянды Сахарияұлы - Қосшы қаласы мәслихатының депутаты, «Аманат» партиясының мүшесі. Қазіргі уақытта қалалық Мәдениет үйінің директоры қызметін атқарып жүрген Баянды Сахарияұлы 1985 жылы дүниеге келген. Мәдениет саласында сан жылдар бойы жемісті қызмет атқарып жүрген маман елімізге белгілі көптеген жобалардың ұйымдастырушысы, бірқатар Республикалық тележобалардың продюссері ретінде танымал. «Жас қала – жаңа мүмкіндік!» - деп білетін Баянды Сахария Қосшыда тарихи өлкетану мұражайының ашылуына, туризм саласын кеңінен дамытуға, жаңа форматтағы этноауыл кешендерінің салынуына және түрлі қиындықтарға тап болған тұрғындарға көмек көрсету мақсатында «Отбасыларды қолдау және сүйемелдеу орталығының» ашылуына ықпал етпек. 9 сайлау округі бойынша Қуатбеков Әлихан Жұмаханұлы – Қосшы қаласы мәслихатының депутаты, «Аманат» партиясының мүшесі. Қосшы қала статусын алғалы шаһар әкімінің орынбасары қызметін атқарып келе жатқан Әлихан Қуатбеков күн сайын тұрғындардың мәселесімен бетпе-бет келеді. Өзінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары барысында «Есіктен-есікке» акциясы арқылы 9 сайлау округіне тіркелген көпшілікпен жүздескен Әлихан Жұмаханұлы қала әкімшілігіндегі ашықтық пен еркін диалог алаңын қалыптастырған азаматтардың бірі. Күрмеуі қиын көп іс өзара келісім, диалог арқылы шешілетінін еңбек жолындағы мол тәжірибесінен білетін халық қалаулысы қаладағы ауыз су тапшылығы, су сапасының нашарлығы, жол мәселесі, кәріз сулары жүйесінің жағдайы, электрмен жабдықтаудағы олқылықтар, жолаушылар тасымалдаудағы келеңсіздіктер сияқты көптеген мәселелердің біршама жақсаруына тікелей ат салысқан. Өзінің айтуынша әлі де атқарылатын істер көп. Шешімін табуы қажет шаруаларды енді өкілдік орган мәслихатта көтеру арқылы нәтиже шығармақ. 10 сайлау округі бойынша Тәшенов Мақсат Еркінұлы – Қосшы қаласы мәслихатының депутаты, «Ақжол» партиясының мүшесі. «Ақжол» партиясының атынан сайлауға түсіп, көпшіліктің басым дауысымен жеңіске жеткен Мақсат Еркінұлы қазіргі уақытта шаһардағы «MuEL Company» ЖШС директоры болып қызмет атқарады. Кәсібін дөңгелетіп отырған азамат алдағы уақытта мәслихат депутаты ретінде қаланың гүлденуі үшін қызмет қылмақ. 11 сайлау округі бойынша Бекбаева Ақмарал Бақытжанқызы – Қосшы қаласы мәслихатының депутаты, «Аманат» партиясының мүшесі. «Аманат» партиясының күрделі өзгеріске ұшырауы «Жаңа Қазақстанды» құруда жаңашыл қадамдарға жол ашады. Халықтың сенімін ақтайтын, аманатын арқалайтын уақыт келді. Қаланың өсіп-өркендеуіне бар күшімді аямаймын!» - деген Ақмарал Бақытжанқызы қазіргі уақытта «Дара» Бизнес Академиясы» жеке мектеп-лицейінің директоры болып қызмет атқарады. Өз бағдарламасында қосшылықтар үшін сапалы білім, заманауи денсаулық сақтау жүйесі мен инфрақұрылым мәселелерін шешуде, әлеуметтік саланы дамытуда оң өзгерістерге қол жеткізетініне сенімді екенін білдірген. 12 сайлау округі бойынша Абдрахманов Болат Үкібайұлы – Қосшы қаласы мәслихатының депутаты, «Аманат» партиясының мүшесі. Болат Абдрахманов 1970 жылы Целиноград қаласында дүниеге келген. Болат Үкібайұлы өзінің еңбек жолын еліміздің спорт саласын дамытуға арнап келе жатқан азаматтардың бірі. 2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Қазақстан бокс федерациясы» ҚТ ЗТБ Вице-президенті, «Тарлан Батырлары» ЖШС директоры, «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы» ҚН ЗТБ спорт директоры болып қызмет атқарады. «Ауылым – алтын бесігім» – деп Тайтөбе ауылынан қалалық мәслихатқа сайланып отырған Б.Ү. Абдрахмановтың ауылдықтарға берген уәдесінде Тайтөбе ауылын сапалы газдандыру, ауылды абаттандыру, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу, ауылға кіреберіс жолдар мен ауылдық жолдарды күрделі жөндеу сияқты игілікті істер көп қамтылған. Тек, ауылдықтар – айтылған сөз іс жүзінде орындалса екен дейді. Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген сайлау науқаны еліміздің болашағы үшін жасалған нық шешім екені сөзсіз. Бұл жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы – бүкіл реформаларымызды алға бастайтын өте маңызды қадам. Бұл сайлау – ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы. Осылайша, мемлекетіміз жаңа дәуірге қадам басты,– деген. Халықтың да күткені сол болар. Нобель сыйлығының иегері, әйгілі неміс ғалымы Ханс Йенсен бір сөзінде: «Елден ғалымдар, инженерлер, дәрігерлер, ақыл-ой иелері кетсе, сол елдің сәні – интеллигенция құриды. Ондай елде бизнесмендер билікке келеді, көшедегі кім көрінген саясаткер атанады» - деген екен. Қоғамның әр саласының өкілдері ретінде жаңадан сайланған қосшылық депутаттар бұл сөзді жоққа шығарып, халық үшін қызмет қылар деп сенеміз. Мемлекеттің мүддесі – бәрінен биік! ҚУАНЫШ ТЫНЫБЕКҰЛЫ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *