Маңғыстау өңірінде кісі өлтірген күдіктілерді тауып берсеңіз, 2 млн теңге сыйақы аласыз
Фотосурет: Lada.kz
Маңғыстау облысында Александр Насибариді өлтіруге күдікті тұлғалар туралы ақпарат үшін ақшалай сыйақы жарияланды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Айта кетсек, ер адамның мәйіті 2025 жылдың қыс мезгілінде Маңғыстау облысындағы радон көздері ауданынан табылған. Instagram желісіндегі үндеуінде заңгер Ажар Әбділ күдіктілердің жасырынып жүргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қылмыс жасалғаннан кейін олар Қазақстан аумағынан шығып, Ресей шекарасын кесіп өтіп, кейін Әзербайжан арқылы Түркияға бағыт алуы мүмкін.
Олардың орналасқан жерін анықтауға және ұстауға алып келетін нақты ақпарат үшін жеке өзім 2 миллион теңге көлемінде сыйақы жариялаймын. Сыйақыға кепілдік беріледі. Анонимдік – заң аясында, – деп жазды заңгер.
Сондай-ақ ол күдіктілерді көрген немесе олардың жасырынуына көмектесу әрекеттері туралы білетін азаматтарды тергеу органдарына ақпарат беруге шақырды. Жарияланымда күдіктілерді жасыру немесе жалған ақпарат берудің қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны атап өтілген.
Маңғыстау облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, екі күдіктіге де халықаралық іздеу жарияланған. Құқық қорғау органдары ресейлік әріптестермен бірлескен операциялар жүргізіп, халықаралық ынтымақтастық арналарын пайдаланып отыр.
Бұл ретте Александр Насибари 2025 жылдың 24 қарашасында үйінен шығып, содан кейін туыстарымен байланысқа шықпаған. Әлеуметтік желілерде оның жоғалғаны туралы ақпарат тараған. 8 желтоқсанда ер адамның мәйіті радон көздері маңынан табылды. Сараптама оның зорлықпен өлтірілгенін растады. Іс бойынша екі күдікті анықталған.
Пікірлер (0)