НАТО-ны жоюға ұмтылыс: АҚШ тағы бір елді Ресей мен Қытай әрекет етпей тұрып басып алмақ
Фотосурет: military-history.fandom.com
АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің арнайы жасағы командирлеріне Гренландияға басып кіру жоспарын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
The Mail on Sunday басылымының мәліметінше, президенттің айналасындағы «саяси қырандар», әсіресе кеңесші Стивен Миллер Венесуэла лидері Николас Мадуроны ұстағаннан кейін енді аралды Ресей мен Қытай әрекет жасамай тұрып, тезірек басып алғысы келеді.
Британдық дипломаттардың айтуынша, Трампты осындай қадамға итермелеген себептің бірі – халықтың назарын АҚШ экономикасының нашар жағдайынан ауыстыру. Әсіресе биыл жыл соңында өтетін аралық сайлаулар алдында бұл маңызды. Өйткені сайлаудан кейін Конгресстегі бақылауды демократтар қолына алуы мүмкін. Дегенмен бұл радикалды әрекет Трампты Британ премьер-министрі Кира Стармермен қақтығыстыруы және НАТО-ның бөлінуіне әкелуі мүмкін.
Дереккөздердің айтуынша, Трамп Арнайы операциялар біріктірілген командалығына (JSOC) Гренландияға басып кіру жоспарын әзірлеуді тапсырған. Бірақ Біріккен штабтар комитеті оны заңсыз деп тауып, Конгресстің қолдауы жоқ екенін ескертті.
Дипломаттар «эскалациялық сценарий» жасап, онда Трамп күш немесе саяси қысым арқылы Гренландияның Даниямен байланысын үзуі мүмкін деп болжайды. Ал кей деректерде ең нашар сценарийде бұл жағдай «НАТО-ны іштен бұзу» деп сипатталған. Кейбір еуропалық шенеуніктер Трампты қолдайтын радикалды MAGA фракциясының шынайы мақсаты осында деп күдіктенеді. Конгресс Трампқа НАТО-дан шығуға рұқсат бермесе де, Гренландияны басып алу Еуропалықтарды альянс мүшелігінен бас тартуға мәжбүр етуі мүмкін. Трамп НАТО-ны жоюға ұмтылса, бұл ең ыңғайлы жол болуы ықтимал.
Канаданың бұрынғы қауіпсіздік кеңесшісі Уэсли Уорк Трамптың Венесуэла мен Гренландияға әрекеттерін Канада үшін соңғы дабыл сигналдары деп атады. Бұл АҚШ-тың бұрынғыдай сенімді ел еместігін көрсетеді.
Көптеген сарапшы АҚШ армиясының Канадаға әскери шабуыл жасауына күмәнмен қарайды. Бірақ Трамп экономикалық қысым арқылы әрекет етуі мүмкін. Венесуэладағы қадамдары оның Батыс жарты шарында басымдыққа жетуге дайын екенін көрсетті.
Канада армиясы қазіргі жағдайда жаһандық қауіпке дайын емес. Негізгі және резервтік күштері – 100 мыңнан аз адам. Үкімет әскери санын көбейтуді және қару-жараққа инвестиция жасауды жоспарлап отыр. Бірақ оның әсері дереу болмайды. Оның үстіне Канада экспортының шамамен 70%-ы АҚШ-қа кетеді. USMCA жеңілдіктерін тоқтату немесе жаңа баж салығын енгізу Канадаға экономикалық ауыр соққы беруі мүмкін. Сол себепті Канада саудасын әртараптандыруға тырыса бастады. Әсіресе Азия нарығына бағыттап отыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін америкалық журналист «АҚШ дүниежүзілік соғысқа дайындалып жатыр» деп мәлімдеген болатын.
Пікірлер (0)