Марат Башимов: Құрылтайдың мемлекеттік билік жүйесіндегі орны Конституциямен айқындалған
Фотосурет: дереккөз
Астанада «Құрылтай сайлауы: конституциялық негіздер және саяси трансформация» атты сараптамалық талқылау алаңы өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.
Құқықтанушы ғалымдарды, саясаттанушыларды, әлеуметтанушыларды, экономистерді, еліміздің жетекші сараптамалық орталықтарының және мемлекеттік органдардың өкілдерін біріктірген сараптамалық алаңды ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Қоғамдық саясат институты ұйымдастырды.
Сараптамалық алаңға қатысушылар алдағы Құрылтай сайлауының конституциялық негіздерін, жаңа саяси модельдің жұмыс істеу ерекшеліктерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын іске асырудағы саяси партиялар мен қоғамдық бақылаудың рөлін талқылады. Құрылтай сайлауының конституциялық және құқықтық негіздеріне арналған бірінші сессияны саясаттанушы Ғазиз Әбішев жүргізді.
Пікірталас барысында қатысушылар жаңа өкілді органды қалыптастырудың конституциялық негіздерін, сайлауды өткізудің құқықтық кепілдіктерін, қоғамдық бақылау тетіктері мен азаматтардың сайлау құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ алдағы сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеудің рөлін талқылады. VIII-ші шақырылымдағы Мәжілістің экс-депутаты Марат Башимов сайлауды реттейтін конституциялық қағидаттарды егжей-тегжейлі талқылап, Негізгі Заң Құрылтайдың мемлекеттік билік жүйесіндегі орнын анықтайтынын және сайлау процесінің құқықтық стандарттарын белгілейтінін атап өтті.
Саясаттанушы, VIII-ші шақырылымдағы Мәжілістің экс-депутаты Айдос Сарым алдағы сайлау науқаны жаңа конституциялық модельдің алғашқы практикалық сынағы болады деген пікір білдірді. Оның пікірінше, алғашқы сайлаудың сапасы жаңа институттардың орнықтылығы мен қоғамның оларға деген сенім деңгейін айқындайды.
ҚР Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Жанар Жігітекова сайлау заңнамасын бұзу фактілері бойынша сот арқылы қорғалудың, шағымдану тетіктерінің және заңдық жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
Пікірлер (0)