Мөлдір Дүйсембаева: Референдум – жастар үшін тарихи мүмкіндік
Фотосурет: дереккөз
15 наурыз күні елімізде өтетін республикалық референдум – Қазақстанның болашағына тікелей ықпал ететін маңызды саяси оқиға. Бұл туралы «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Мөлдір Дүйсембаева мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, жаңа Конституциялық реформалар жобасы мемлекеттің даму бағытын жаңғыртып қана қоймай, қоғамның барлық саласына тың серпін беруді көздейді. Әсіресе бұл бастама жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын тарихи қадам болып табылады.
Бүгінде жастар – ел дамуының негізгі қозғаушы күші. Сондықтан мемлекет саясатының өзегіне білім, ғылым, инновация және технология салаларын шығару – уақыт талабы. Жаңа реформалар аясында жас ғалымдарды қолдау, стартап жобаларды дамыту және цифрлық экожүйені нығайту бағыттары айқын көрініс табуда. Бұл әрбір жас қазақстандықтың өз әлеуетін толық жүзеге асыруына мүмкіндік береді, — деді ол.
Сондай-ақ Мөлдір Дүйсембаева жаңа Конституция жобасында ұлттық құндылықтарды сақтау мен жаңғырту мәселесіне ерекше мән берілгенін атап өтті.
Оның пікірінше, тарихи сабақтастық, мәдени мұра мен рухани байлық – ұлттық бірегейліктің негізі.
Жаһандану дәуірінде ұлттық кодымызды сақтау – жастардың басты міндеттерінің бірі. Бұл бағыттағы бастамалар жас ұрпақтың елдік санасын қалыптастыруға ықпал етеді, — деді орталық басшысы.
Ол бұл реформаларды ел болашағына жасалған сенімді инвестиция деп бағалап, жүйелі өзгерістер әділетті қоғам құруға және азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғанын айтты. Сөз соңында Мөлдір Дүйсембаева жастарды алдағы референдумға белсенді қатысып, ел тағдырына бейжай қарамауға шақырды.
Бүгін қабылданған шешім – ертеңгі өміріміздің сапасын айқындайды. Сондықтан әрбір жас өз таңдауына жауапкершілікпен қарауы тиіс, — деп түйіндеді ол.
Пікірлер (0)