«Өкінішті жаңалық»: Шавкат Рахмонов бір жылға дейін жекпе-жек өткізе алмайды
Фотосурет: verybet.ru
Қазақ файтері Шавкат Рахмонов тізесінен қайта жарақат алып, ота жасатқан. Бұл туралы журналист Ариэль Хельвани мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Sportinside.kz-ке сілтеме жасап.
Журналистің мәліметінше, Шавкат Рахмоновтың менеджері Дэнни Рубинштейн спортшының сол тізесінен қайтадан жарақат алғанын және жақында операция жасалғанын растаған.
Өкінішті жаңалық: Шавкат Рахмонов тізесін қайта жарақаттап, жуырда ота жасатты. Бұл – оны бір жылдан аса уақыт октагоннан алыстатқан сол аяқ. Енді ол тағы 9-10 айдай жекпе-жекке шыға алмайды, – деп жазды Хельвани әлеуметтік желіде.
Кеше Шавкат Рахмонов Naiza лигасының Алматы қаласында өткен турниріне келген. Ол балдақпен жүргендіктен, көпшілікті таңғалдырған. Кейін жаттықтырушысы Эдуард Базров спортшының денсаулығында мәселе бар екенін хабарлаған.
Айта кетсек, «Номад» лақап атымен танымал Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін UFC 310 турнирінде өткізді. Ол 2024 жылдың 8 желтоқсанында АҚШ-тың Невада штатындағы Парадайс қаласында ирландиялық Иэн Гэрримен кездесіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жеткен болатын.
Пікірлер (0)