Орталық Азия саммиті. Талқыланбаған демократия және бес президенттің 5 ұсынысы

Редакция таңдауы
view 384
news

Орталық Азия елдерінің президенттері Қырғызстанда ұйымдастырылған IV консультативтік кездесуде бас қосты. Де-юре тұрғысынан демократиялық мемлекет саналатын посткеңестік ел басшылары Ресейдің Украинадағы басқыншылығынан кейін бірінші рет кездесіп отыр. Дегенмен, аймақ проблемаларын талқылау алаңына айналған жиында Ресей мен Қытай ықпалы, Украинадағы ахуалдың Орталық Азияға әсері ашық талқыланбай жанама түрде сөз болған тәрізді.  Достық, ынтымақтастық байланыстарға басымдық берілген жиында басшылар аймақтағы демократия, азаматтық қоғамның дамуы, сөз бостандығы мәселелеріне де тоқталған жоқ. Есесіне, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикалық саладағы ынтымақтастық мәселелерін талқылаған бес ел президенті өз тараптарынан 5 түрлі ұсыныс білдірген.

Қазақстанның рөлі

Өткен жылдың тамызында Түрікменстанда өткен үшінші консультативтік кездесуде Тоқаев аймақ елдері арасындағы тауар айналымын ұлғайту және жеткізілетін тауарлардың ассортиментін кеңейту бастамасын көтерді. Қазақстан тарапы Орталық Азия елдеріне экспорттық өнімдерді 1 миллиард долларға дейін арттыратынын мәлімдеген. Биыл Қырғызстандағы саммитте Тоқаев Орталық Азияның көлік тасымалы бойынша тауар тасымалының бірыңғай желісін құруды ұсынды. Көтерме дистрибьюторлық және агрологистикалық орталықтардан тұратын бұл жаңа инфрақұрылым Еуразиялық экономикалық одақ, ТМД және үшінші елдер нарығына отандық тауарларды келісілген жоспармен жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Тоқаев гидроэнергетика, өнеркәсіп, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және коммуникация салаларындағы инвестициялық жобаларға басымдық беру керектігін айтты. Осы мақсатта тараптар Орталық Азияның мемлекетаралық су-энергетикалық консорциумын құру мәселесіне де қайта оралуы мүмкін. Белгілі болғандай, посткеңестік ел басшылары Орталық Азиядағы қауіпсіздікті талқылау барысында ресми жиында Ресейдің «агрессиялық саясаты» мен Украинадағы соғысқа тоқталған жоқ. Оның орнына Қазақстан президентінің саммитке «Ресей мен Қытай өкілдері де қатысуы керек» деген пікірі қоғам белсенділерінің сынына ұшырады.

Тәжікстан ұсыныстары

Тәжікстан Орталық Азия елдерімен сауда, өнеркәсіптік өндіріс, цифрлық экономика, заманауи инновациялар мен технологиялар, туризм, азық-түлік қауіпсіздігі, көлік және энергетикалық қауіпсіздік салаларында тығыз ынтымақтастыққа дайын. Рахмонның пікірінше, әлемдегі және аймақтағы жағдайды ескере отырып, аймақ елдері «басым салалардағы ынтымақтастықты дамытудың жаңа тиімді шараларын әзірлеуге елеулі мән беруі» тиіс. Осыған байланысты Тәжікстан президенті сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту, денсаулық сақтау саласындағы, оның ішінде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауатын арттыру қажет деді. Сондай-ақ терроризмге, радикализмге, есірткі бизнесіне және басқа да заманауи қауіп-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру үшін шұғыл шаралар қабылдауды ұсынды. Тәжікстан басшысы әріптестерінің назарын климаттың өзгеруіне, мұздықтардың еруіне, табиғи апаттардың қаупін азайтуға және коронавирусқа қарсы жаһандық мәселелерді шешуге аударды.

Өзбекстан бағасы

Саммитте Мирзиеев жыл сайынғы жиынның жоғары деңгейде өтетіндігін айтып, саммитті «үздік» деп бағалады. Оның пайымдауынша, бұған дейінгі кездесулерде аймақ елдерінің басшылары ең өзекті мәселелерді шешуде табанды көзқарас танытқан. Атап айтқанда, консультативтік кездесулер конструктивті пікірталас және аймақтың ортақ мәселелерін шешу алаңына айналған. Нәтижесінде Орталық Азия елдерінде өнеркәсіптік кооперация жобаларын жүзеге асырылған; бірлескен инвестициялық компаниялар мен қорлар құрылған; көлік және транзит саласындағы ынтымақтастық артқан.

Түркіменстан ұсынысы

«Біз Орталық Азияда энергия тасымалдаушыларына ішкі өңірлік сұранысты қанағаттандыруға, сондай-ақ халықаралық транзиттік дәліздер арқылы әлемдік нарықтарға шығуға бағытталған қауіпсіз, тұрақты энергетикалық әріптестік үшін қолайлы саяси, құқықтық және экономикалық жағдайлар жасап келеміз», – дейді Түркіменстанның жаңа президенті Сердар Бердімұхамедов. Ресми Ашхабад аймақтағы энергетика саласындағы әріптестік аймақ ішінде де, оның сыртқы периметрі бойынша да «қуатты» энергетикалық инфрақұрылым құруға бағытталуы керек дейді. Айта кетейік, Орталық Азия елдері басшыларының бірінші саммиті 2018 жылдың көктемінде Қазақстанда, екіншісі – 2019 жылы Өзбекстанда, үшіншісі – 2021 жылы Түрікменстанда өткен болатын.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *