Петропавлда бойжеткен бір тал темекі шегіп, жансақтау бөліміне түсті

Жаңалықтар
view 47
news

Фотосурет: kazinform

Петропавлдағы емдеу мекемесіне ауыр жағдайда жеткізілген бойжеткен көшеден тапқан темекіні шеккен екен, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.

Қалалық көпбейінді жедел медициналық жәрдем ауруханасының мәліметінше, жас қыздың денесі дірілдеп, басы айналып, қорқыныш сезімі артқан. Жағдайы барған сайын нашарлаған сырқатты дәрігерлер тексере келе, жансақтау бөліміне жатқызды. Мамандар бойжеткеннің есірткіден уланғанын анықтаған.

Оған белгісіз заттардың уытты әсері, интоксикациялық синдром және орташа дәрежедегі темір тапшылығы анемиясы диагнозы қойылды. Науқас бір тәулік бойы жансақтау бөлімінде дәрігерлердің үздіксіз бақылауында болды. Кейін тағы төрт күн терапия бөлімінде ем қабылдады.

Дәрігерлердің дер кезінде көрсеткен көмегінің арқасында оның жағдайы тұрақталып, үйіне қанағаттанарлық күйде шығарылды. Мамандардың айтуынша, белгісіз немесе тыйым салынған заттарды қолдану арқылы денсаулық пен өмірге қауіп төнеді.

Тіпті бір реттік қолданудың өзі ауыр улануға, жүрек пен тыныс алу жүйесінің бұзылуына, үрей мен бағдар мен бақылауды жоғалтуға және өмірге қауіп төндіретін жағдайларға әкелуі мүмкін. Өйткені мұндай заттардың құрамын ешкім нақты білмейді және ағзаның оған қалай әсер ететінін болжау мүмкін емес.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *