«Қазақмыстың» қызметкері 8 жасар баланың саусақтарын сындырып, денесін күйдірген
Фото: https://www.threads.com/@madyssun.
Балқашта 8 жастағы баланы «Қазақмыс» компаниясының қызметкері аяусыз ұрып тастаған. Бұл жайлы баланың анасы Мадина Досымбекова әлеуметтік желіде жазып, халықтан көмек сұрады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

«8 жастағы ұлым қатыгездікпен азапталды. Бұл жай ғана зорлық әрекеті емес, бұл нағыз азаптауға ұқсайтын қылмыс болып отыр. Баламның саусақтарын сындырып, басынан ұрған, денесін күйдірген. Осы жантүршігерлік әрекетті Балқаш қаласындағы «Қазақмыс» компаниясының қызметкері Алмас Басымбеков жасады. Оның жары Нәсипгүл Айдынова да сол компанияда жұмыс істейді. Бүгінде бұл істі жабуға тырысып жатқанына көп дәлел бар. Күдіктінің туыстары мен таныстары құқық қорғау органдарында, ауруханаларда, мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейді. Біз ешкімді тікелей айыптап отырған жоқпыз, бірақ тергеуге қысым көрсетіліп, істі баяулату, қылмысты жасыру әрекеттері бар екені сезіледі. Сол үшін халыққа жариялылық қажет», - деп жазды Досымбекова.
Ол өзінің банк картасына азаматтардан ақшалай көмек сұрап та жазған. Себебі қазір ұлының қауіпсіздігі үшін басқа қалаға көшуге мәжбүр болған.

«Қазірге дейін бізге көмек қолын созған барлық жандарға шексіз алғысымды білдіремін. Бүгінге дейін 512 000 теңге жиналды. Мен бөтен қаладамын. Бұл жерде менің туысым да, досым да жоқ. Ұлыммен жалғызбын. Оның халі мүшкіл, бір қолы гипсте, екінші қолы бинтте, тұрақты түрде система алып жатыр. Мен оны бір сәтке де жалғыз қалдыра алмаймын. Жанымда анам бар, алайда ол ауруханада бола алмайды. Сол себепті біз пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Барлық шығын менің мойнымда. Мен ұлымның психологиялық жағдайына ерекше мән беріп отырмын. Тамақ, ойыншық, кез келген ұсақ-түйекті тек балам осы ауыр трагедияны аз да болса ұмытып, өзін қауіпсіз сезінсе екен деген ниетпен алып жатырмын», - дейді әйел.
Осы оқиғадан кейін Қарағанды облыстық Полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады. Ведомствоның хабарлауынша, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу жүріп жатыр.

«Іс аясында тергеу жалғасып жатыр. Жоспарланған бірқатар тергеу және жедел-іздестіру шаралары қолға алынды. Сонымен қатар, бірнеше сот-медициналық сараптамалар тағайындалды», — делінген Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
«Қазақмыс» корпорациясы Балқаш өңіріндегі қызметкерлердің біріне қатысты орын алған оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме жасады. Компания жас баланың зардап шеккені туралы хабарға алаңдаушылық білдіріп, жағдайды назарда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Мәлімдемеде көрсетілгендей, зардап шеккен тарап құқық қорғау органдарына шағым түсірген, және компания тергеу процесіне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.

«Қызметкерге қатысты барлық шешім тек ресми тергеу нәтижесінде және оның іс-әрекетіне құқықтық баға берілген соң қабылданады», – делінген «Қазақмыс» компаниясының хабарламасында.
Компания басшылығы өз ұстанымын нақты жеткізді.
Зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол беруге болмайды, және егер қызметкердің кінәсі дәлелденсе, ол Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында жауапқа тартылады.
Сонымен қатар, корпорация адам құқығын қорғау, заң нормаларын қатаң сақтау, және ішкі еңбек тәртібін ұстану қағидаларын өз қызметінің негізі ретінде ұстанатынын атап өтті.
Пікірлер (0)