Қазақстанның энергия теңгеріміндегі ЖЭК үлесі алты жылда 4 есеге өсті
Фото: Ресми дереккөзден
Қазақстанда жаңартылатын энергетика секторын жүйелі дамыту жұмыстары жалғасуда. Соңғы алты жылда елдің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) объектілері өндіретін электр энергиясының үлесі төрт есеге – 2%-дан 8%-ға дейін өсті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Көрсеткіштің өсуі мемлекеттік саясаттың жүйелі шараларын іске асыру, ЖЭК жобаларын іріктеу бойынша аукциондар өткізу, инвестициялар тарту және жаңа генерациялау қуаттарын іске қосу нәтижесінде қамтамасыз етілді.
Бүгінде елімізде жалпы белгіленген қуаты 3,8 ГВт-тан асатын 172 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 71 жел электр станциясы және 54 күн электр станциясы бар. Сонымен қатар 44 гидроэлектр станциясы және үш биогаз станциясы жұмыс істеп тұр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ЖЭК нысандары 8,6 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндірді. Бір жыл ішінде жалпы қуаты 500 МВт-тан асатын тоғыз жаңа нысан пайдалануға берілді. Саланы дамыту жұмыстары 2026 жылы да жалғасуда. Биыл жалпы қуаты 245 МВт болатын тағы 10 ЖЭК нысанын іске қосу жоспарланған. Оның ішінде төрт жел электр станциясы, бес күн электр станциясы және бір гидроэлектр станциясы бар. Жыл қорытындысы бойынша жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемі 8,8 млрд кВт·сағ-қа жетеді деп күтілуде.
Жақын перспективада жалпы қуаты 3,6 ГВт болатын шамамен 100 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, жалпы қуаты тағы 4 ГВт болатын ірі ЖЭК жобалары пысықталуда. Салаға TotalEnergies, China Power, Masdar және China Energy сияқты ірі халықаралық инвесторлар тартылды. Олардың қатысуы заманауи технологиялар мен инвестицияларды тартуға, сондай-ақ жаңа генерациялау қуаттарын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл шаралар елдің энергия теңгеріміндегі таза энергетиканың үлесін арттыруға, энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.
Пікірлер (0)