Қазақстанның су шаруашылығына салынған инвестициялар екі жылда рекордтық 677 млрд теңгеге жетті
Фото: Ресми дереккөзден
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздің су шаруашылығын дамытуға инвестициялар тарту жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Атап айтқанда, министрлік құрылғаннан кейінгі 2024–2025 жылдары инвестиция көлемі алдыңғы екі жылдық кезеңмен салыстырғанда 79%-ға өсті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
2024–2025 жылдары тартылған инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 677 млрд теңгені құрады. Бұл 2022–2023 жылдармен салыстырғанда 300 млрд теңгеге жуық көп. Ол кезде су саласын дамытуға 377,9 млрд теңге инвестиция тартылған болатын.
Тартылған инвестициялар ең алдымен су шаруашылығы инфрақұрылымын салуға және жаңғыртуға бағытталуда. Атап айтқанда, су қоймалары, каналдар, гидротехникалық құрылыстар және халық пен ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз етуге қажетті басқа да нысандар қамтылады.
Бұл жұмыстар қолданыстағы инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңартуға және суды жинақтау мен бөлудің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде инвестициялар сумен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, су ысырабының көлемін азайтып, су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Инвестициялар есебінен жүзеге асырылып жатқан жобалардың қатарында Ислам даму банкімен бірлесіп Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында үш су қоймасын салу жұмыстары, Азия даму банкінің қолдауымен Ақмола облысында Есіл контрреттегішін салу және басқа да ауқымды жобалар бар.
«Инвестициялар су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға — су қоймаларын, каналдар мен басқа да нысандарды салуға, реконструкциялауға және жаңғыртуға бағытталады. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық тек қаржылық қолдаумен шектелмейді. Ол заманауи технологияларды енгізуді, саланы цифрландыруды, кадрлық және ғылыми әлеуетті нығайтуды, сондай-ақ озық тәжірибемен алмасуды да көздейді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Пікірлер (0)