Қазақстанның көлік жүйесі қалай өзгеріп жатыр?
Фотосурет: PrimeMinister.kz
Қазақстанда автомобиль жолдарын жаңғырту, жаңа теміржол желілерін салу, әуе қатынасын кеңейту және халықаралық көлік дәліздерін цифрландыру жұмыстары қарқын алды. Бұл шаралар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру аясында жүргізілуде, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ Үкіметтің ресми деректеріне сілтеме жасап.
Негізгі мақсат – өңірлер арасындағы көлік байланысын күшейту, жол жүру уақытын қысқарту, жүк тасымалын жеделдету және Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру.
Үш жылда 19,1 мың шақырым жол салынды және жөнделді
2023–2025 жылдары Қазақстанда жалпы ұзындығы 19,1 мың шақырым автомобиль жолы салынып, реконструкцияланып және жөнделді.
2026 жылы республикалық және жергілікті маңызы бар 11 мың шақырымнан астам жол құрылыс, реконструкция және жөндеу жұмыстарымен қамтылды.
Үкіметтің жоспарына сәйкес, 2026 жылдың соңына қарай нормативтік жағдайдағы республикалық жолдардың үлесі 2023 жылғы 92%-дан 95%-ға, ал жергілікті жолдардың үлесі 86%-дан 92%-ға дейін артуы тиіс.
2029 жылға қарай республикалық маңызы бар жолдардың 97%-ын, жергілікті жолдардың 94%-ын нормативтік жағдайға келтіру көзделіп отыр.
Кей бағыттарда жол жүру уақыты екі еседен астам қысқарды
Батыс Қазақстан облысында Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын Орал қаласымен байланыстыратын 245 шақырым жолды реконструкциялау және күрделі жөндеу аяқталды.
Нәтижесінде шамамен 54 мың тұрғын үшін облыс орталығына дейінгі жол жүру уақыты бұрынғы 12–14 сағаттан 5–6 сағатқа дейін қысқарды.
Тағы 800 шақырым жаңа теміржол салынып жатыр
Соңғы бес жылда Қазақстанда 911 шақырым жаңа теміржол салынды.
Қазіргі уақытта тағы 800 шақырым теміржол желісінің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен бірге қолданыстағы 2,6 мың шақырымға жуық теміржол жаңғыртылуда.
Бұл жобалар ел ішіндегі жүк тасымалын арттырумен қатар Қазақстанның халықаралық транзиттік бағыттардағы рөлін күшейтуге бағытталған.
Ішкі әуе рейстерінің саны аптасына 890-ға жетті
2026 жылы Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп, қаланың Астана, Алматы және Қостанаймен әуе қатынасы қайта жанданды.
Жыл соңына дейін Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі курорттық аймағындағы жаңа әуежайлардың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
2026 жылғы қыркүйектегі дерек бойынша, Қазақстандағы ішкі әуе қатынасы 60-қа жуық бағытты қамтиды. Аптасына шамамен 890 рейс орындалады.
Кедендік рәсімдеу уақыты 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды
Көлік саласын жаңғырту цифрландырумен қатар жүргізілуде.
Теміржол саласында GPS-трекерлер негізінде пойыздардың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін «Пойыздар қозғалысының онлайн-таблосы» сервисі енгізілді.
Сонымен бірге OneWeb және Starlink спутниктік интернет технологияларын пайдалану жұмыстары жалғасуда.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша Digital Trade Corridor платформасы енгізіліп, Tez Customs модулі кедендік рәсімдеу уақытын 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүктерді жеткізу мерзімі бұрынғы 38 тәуліктен 13–17 тәулікке дейін азайды.
Қазақстанның транзиттік әлеуеті артып келеді
Автомобиль, теміржол, авиация және теңіз инфрақұрылымын қатар жаңғырту Қазақстанның көлік-логистика жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Жобалардың жүзеге асуы өңірлер арасындағы байланысты жақсартып, халықтың жолға жұмсайтын уақытын қысқартуға, жүк тасымалының жылдамдығын арттыруға және Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы маңызды транзиттік мемлекет ретіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді.
Дереккөз: PrimeMinister.kz
Пікірлер (0)