Қазіргі жастар патриотизмді пафоспен емес, нақты істермен көрсеткісі келеді – ардагер ұстаз
Фотосурет: YouTube.com
Патриотизмді негізінен балалар мен жасөспірімдерге қатысты қабылдаймыз. Солардың патриот болып өсуін қалаймыз. Ал ол қасиетті ересектердің бойынан іздеп, патриоттықты солардан неге талап етпеске? Біз осы жөнінде аз-кем пікірін білдіруге ардагер ұстаз, білім саласының үздігі Айтмұхамбет Ермағанбетовті қолқалаған едік, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
– Қоғамда патриотизм ұғымы жиі айтылады. Бірақ әркім оны өзінше түсінеді. Сіз үшін патриотизм деген не?
– Патриотизм – ең алдымен елге қызмет етуге деген ішкі дайындық. Ол тек мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетумен шектелмейді. Патриотизм – өз ортаңның дамуына үлес қосу, қоғамда әділдік орнатуға ұмтылу, дұрыс шешім қабылдаудан қашпау. Яғни бұл – күнделікті әрекеттегі жауапкершілік мәдениеті.
– Ал қазіргі жастардың патриоттық сезімі туралы не айтар едіңіз?
– Жастардың патриотизмі бұрынғыдан өзгеше. Олар оны пафоспен емес, нақты істермен көрсеткісі келеді. Мысалы, экологиялық бастамалар, еріктілік, стартаптар құру, ауылдағы әлеуметтік жобаларды қолға алу... Осының бәрі – қазіргі заманғы патриотизмнің көрінісі. Заманауи ұрпақ әлемге ашық, бірақ өз елінің дамуы үшін еңбек ету қажеттігін жақсы сезінеді.
– Патриоттық тәрбиені отбасында қалай қалыптастыруға болады?
– Отбасындағы үлгі – ең әсерлі тәрбие. Балалар елге қызмет етудің үлкен ұрандар арқылы емес, ата-ананың күнделікті әрекеті арқылы қалыптасатынын көреді. Мәселен, адал еңбек ету, мұғалімге құрметпен қарау, өз ісінде жауапкершілік таныту – патриотизмнің қарапайым, бірақ басты негіздері.
– Патриотизм мен мемлекетке сын айту арасында қайшылық жоқ па?
– Өте маңызды сұрақ қойып отырсыз. Шын патриот өз елінің кемшіліктерін жасырмайды. Қайта сол кемшіліктерді түзетуге үлес қосуды мақсат етеді. Сын – мемлекетке қарсы шығу емес, оның дамуына серпін беретін құрал. Ең бастысы, сын конструктивті, дәлелді болуы керек.
– Сіздіңше, елдегі патриоттық саясат қалай жүзеге асуы керек?
– Патриоттық саясат формалды шаралармен шектелмеуі керек. Ол білім беру жүйесінен, мәдениеттен, ақпараттық саясаттан, бастысы, қоғамның әділдікке деген сенімінен көрініс табуға тиіс. Адам мемлекетке сенсе, оның дамуына өз еркімен үлес қосады. Патриотизм дәл осы сенімнен басталады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ғали ТӨЛЕК
Пікірлер (0)