Қосшыда қырыққа жуық тұрғын жаңа пәтерлерге ие болды (ФОТО)
Фото: JANABASTAU.KZ/Ақмола облысы әкімдігі
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласына арнайы келіп, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған қырыққа жуық тұрғынға «Ынтымақ» тұрғын үй кешенінен жаңа пәтерлердің кілттерін табыстады, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Салтанатты іс-шараға Қосшы қаласының әкімі Азамат Қапышев, әкім орынбасары Берген Жұмкейұлы, қалалық Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Айнагүл Көңбайқызы және өзге де жауапты тұлғалар қатысты.
Аймақ басшысы жиналған жұртты құттықтай отырып, Қосшының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Өткен жылы Президент Қосшыға арнайы келіп, қала дамуына ерекше серпін берді. Биыл бес жылдық мерейтойды атап өтеміз. Осындай айтулы кезең қарсаңында жақсы істер жалғасып жатыр. Мемлекет әлеуметтік салаға басымдық беріп келеді. Ең бастысы, бұл пәтерлер жалға берілмейді, сіздердің жеке меншіктеріңіз, – деді Марат Ахметжанов.
Облыс әкімі жаңа үй болған соң ұсақ кемшіліктер кездесуі мүмкін екенін жасырмай, оларды жедел шешуге уәде берді. Жалпы, өңір бойынша 371 адам баспаналы болып отырғанын да атап өтті. Қала тұрғындарын тазалықты сақтауға және өскелең ұрпақты осыған үйретуге шақырды.

Бүгінгі оқиға – тек қана пәтер кілтін табыстау емес, бұл отбасылар үшін жайлы жағдай жасауға және облыс тұрғындарына әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге бағытталған қадам. Біздің өңірде кезекте тұрған азаматтарға, әлеуметтік жағынан осал топтарға, көпбалалы отбасыларға және жетім балаларға жаңа пәтер кілтін беру дәстүрге айналды. Бүгін бұл жаңа пәтерге көшудің эстафетасы Қосшы қаласында жалғасып жатыр, – деді Марат Ахметжанов.
Қуанышты сәт тек кілт табыстаумен шектелген жоқ. Облыс басшысы алдағы жоспарларын да бөлісті. Биыл Қосшы толық газбен қамтылмақ. Астанадан бастау алған LRT желісінің құрылысы келесі жылы аяқталып, іске қосылады деп күтілуде. Сонымен қатар қалада жаңа индустриялық аймақ құрылып, Көкшетау сүт зауытының филиалы ашылмақ. Бұл – жаңа жұмыс орындары, экономикалық серпін және азық-түлік қауіпсіздігі деген сөз.
Экологиялық бағыт та назардан тыс қалмайды. Қалада эко-парктер салынып, үш заманауи демалыс аймағы бой көтермек. Жаңа саябақ ашылып, 350 орындық стационар пайдалануға берілмек.
Ал ресми сөздерден кейін біз жаңа пәтер иелерінің өздерімен тілдескен едік.

Әлия Селеуова тұрғын үй кезегінде жеті жыл тұрғанын айтты. Медицина саласында қырық жылға жуық еңбек еткен ол үшін бұл күн ерекше.
Президентімізге, облыс және қала басшылығына алғысым шексіз. Мемлекетіміз қолдау көрсетіп жатыр. Бүгін мен үшін үлкен бақыт, – деді ол толқып.

Сол күні кілт алған өзге де тұрғындардың жүзінен риясыз қуаныш байқалды. Бірі – көпбалалы ана, бірі – зейнет жасына жақындаған еңбек ардагері. Барлығының тілегі бір – өз шаңырағында бейбіт өмір сүру.
Қосшы бес жылдығын қарсы алғалы отыр. Жас қаланың тарихы әлі жас. Бірақ дәл осындай күндер – оның шынайы шежіресі. Қала тек ғимараттармен емес, адамдардың қуанышымен де өседі. Ал қоныс тойы сол өсімнің ең жылы белгісі болса керек.
Пікірлер (0)