Қосшыда халықаралық деңгейдегі алғашқы комьюнити-орталық ашылды
Фотосурет: janabastau.kz
Ақмола облысына қарасты Қосшы қаласында Республикадағы алғашқы көпфункционалды комьюнити-орталық – халықаралық стандарттарға сай салынған ауқымды мәдени-спорттық кешен есігін айқара ашты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл жоба Болат Өтемұратов Қорының бастамасымен жүзеге асырылып, қала инфрақұрылымының дамуына қосылған елеулі үлес болды. Жалпы аумағы 8,5 мың шаршы метрді құрайтын орталық бір уақытта 1000 адамды қабылдай алады. Құны 20 миллион доллар болатын жоба қала балансына тегін берілді.
Өңір басшысы Қорға ризашылығын білдіріп, жаңа мәдени-демалыс орталығының Қосшы қаласының дамуындағы маңызын атап өтті.
«Қала мәртебесі берілгеніне небәрі төрт жыл өтсе де, Қосшыда әлеуметтік нысандарды салу мен жаңғырту қарқынды жүріп жатыр. Бүгін біз елімізде алғаш рет халықаралық стандарттарға сай көпфункционалды кешеннің ашылуына куә болдық. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы аясында Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен жүзеге асырылды. Мұнда балалар мен ересектер үшін барлық заманауи жағдай жасалған», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Орталық спорттық, білім беру және мәдени-демалыс аймақтарын біріктіреді. Мұнда 233 орындық кинотеатр, 300 адамға арналған лекция залы, көрме және конференция залдары, студиялар, коворкинг пен оқу залы бар кітапхана қарастырылған. Сондай-ақ, аумағында спорт алаңдары, воркаут аймақтары мен серуенге арналған аллея орналасқан. Балалар үшін робототехника, шахмат, хореография және қолданбалы өнер үйірмелері жұмыс істейді. Ал ересектерге арналған ыңғайлы жұмыс, демалыс және қарым-қатынас кеңістігі қарастырылған. Кіру – тегін, ал секциялар мен үйірмелер халыққа қолжетімді бағамен ұсынылады.
Оқи отырыңыз



Пікірлер (0)