Қытайдан қашпауымыз керек – Абай облысының әкімі

Жаңалықтар
view 102
news

Фото: Абай облысының әкімдігі

Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөз тұрғындарымен кездесуде ауданда жұмыс істеп жатқан шетелдік азаматтарға қатысты пікір білдірді. Олардың заң аясында еңбек етіп жүргенін, облыс экономикасына үлес қосып жатқанын айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Қытайдан қорықсақ, Айға не Марсқа көшіп кетейік»: Әкім Берік Уәли қатаң сынға қалды (ВИДЕО)

«Қарапайым халықты Қытайға қарсы қоюға болмайды»

Қытайдан қашпауымыз керек. Бүкіл әлем Қытай инвестициясына зәру, соған таласып жатыр. Олар біздің жолымызды салайын деп жатыр. Егер де олардың талабына сай жұмыс істей алатын болса, неге жергілікті мамандарды жұмысқа тартпасқа? Тартамыз. Өздеріңіз білесіздер, «Омбы-Майқапшағай» күре жолының «Қалбатау-Майқапшағай» жолын салған кезде 200-ге жуық жергілікті тұрғын сол жерде жұмыс істеді. Қарапайым халықты Қытайға қарсы қоюға болмайды. Қытай халқы әлемнің барлық елінде жұмыс істеп жүр. Сондықтан Қытайдан қорықпауымыз керек. Олар "Аягөз-Бақты" темір жолын салуға қатысып жатыр. Керісінше сіздер қытайларға көмектесіңіздер. Олар жұмыс істеуге келді. Қонақ үйде тұрмағанда, қайда тұрады?! Олар қонақ үйдің иесіне ақшасын төлеп, заңды түрде тұрып жатыр. Алдағы 2 жыл ішінде теміржол салынады, темір жолдың бойына басқа да адамдар келеді. Оның бәрі ақша, оның бәрі біздің облысымыздың экономикасына құйылған қаржы. Үлкен инвестиция. Оларды біз қайта тартуымыз керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай елінің басшысы Си Цзиньпинге рахмет, екі елдің арасындағы барыс-келісті арттыру үшін визасыз режим жасады. Сіздер де Қытайға барып сауда жасаңыздар. Қытайдың туристері осында келіп жатыр. Үйіңіздің қасынан соларға қызмет көрсететін орын ашыңыз. Қой бағыңыз, өнімін өткізіңіз. Биыл Алакөлге қаншама қытайлық туристер келді. Олар осында қалып қойып жатқан жоқ қой. Келіп, жұмыс істеп жатыр. Өзіңіз де Қытайға, шетелге барасыз ғой. Оларға жағдай жасап, керегін өзімізге алуымыз керек. Жастарды Қытайдан келген жұмысшыларға қарсы қоймай, керісінше олардың бізге еңбек етуге келіп жатқанын, біздің жолымызды салып берейін деп жатқанын түсіндіруіміз керек. Теміржол салынатын болса, ел экономикасына қаншама қаржы құйылады. Теміржол Аягөзге дейін келетін болса, оның келесі кезеңі бар. Аягөзден Қарағандыға жол тартылады. Аягөздің екінші, үшінші тынысы сонда ашылады, - деді Берік Уәли.

«Шетелдік азаматтар сырттай бақылауда болады»

Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөз ауданы тұрғындарымен кездесуде шет елдік инвестициялық жобалардың маңызына тоқталды.

Шәуешектен Аягөзге қатынайтын темір жол – көкжиегімізді кеңейтетін мүмкіндік. Ішкі Қытайдың жүк көліктері Аягөз арқылы жүретін болады. Бұл өз кезегінде көптеген жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Қытай компаниясы 300 шақырымға жуық жол салады. Олардың сапалы әрі жылдам салатынын білеміз. Сол жұмыстарға жергілікті тұрғындарды да тартатын боламыз. Жұмысқа келген Қытай азаматтары ҚР заңдарын бұзатын болса, оларды заң аясында жауапқа тартып, қажет болған жағдайда ел аумағынан шығарамыз. Олардың жұмыстарын көрсетілген мерзімде аяқтағаны бізге тиімді емес пе?! Жалпы, шет елден келіп жұмыс істеп жатқан азаматтарға жергілікті билік тарапынан сырттай бақылау жасалатын болады, - деді ол.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *