Ресейге кіре алмай қалған Нұрлан Сабыровқа Украинада қылмыстық іс қозғалды
Фотосурет: YouTube.com
Украина қауіпсіздік қызметі қазақстандық стендап-комик Нұрлан Сабыровқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Ozgeris.info-ға сілтеме жасап.
Украиналық заңгер Андрей Пронин өзінің Telegram-арнасында өзінің арызы негізінде Украина қауіпсіздік қызметі Қазақстан азаматы Нұрлан Сабыровтың ықтимал қылмыстық құқықбұзушылығы туралы мәліметті Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізгенін хабарлады. Қазір тергеу Украина Қылмыстық кодексі 111-2 бабының 1-бөлігі («Басқыншы мемлекетке жәрдемдесу») бойынша жүргізіліп жатыр.
Ресми тергеу аясында Сабыровтың ресейлік қарулы құрылым өкілдеріне материалдық ресурстарды дайындап, тапсырғаны туралы деректер тексерілетін болады. Адвокаттың айтуынша, егер комиктің кінәсі дәлелденсе, оның ізіне Интерпол түсуі мүмкін.
Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желілерде әртістің 2025 жылдың жазында «Вагнер Истра легионының» жауынгерлеріне он питбайк жібергені түсірілген бейнежазба қызу талқыланған еді. Кейін ол сыйлық туралы жазба өшірілген болатын.
Бұл оқиға Нұрлан Сабыровқа Ресейге кіруге 50 жылға тыйым салынғаннан кейін қайтадан назарға ілікті.
Пікірлер (0)