Риелторлар екі тараптан қатар комиссия алмауы керек – блогер

Пікір
view 37
news

Фото

“Бір бөлмелі пәтердің есігін ашып көрсетемін. 500 мың теңге комиссия төлейсіз”. Өткенде Алматыдан қайынәпкеме пәтер іздегенде, сондай риелторларға тап болдық. Сонда қай қызметке атасының құнын сұрайды? 
 
Хош! Риелторларға жалынбай, қаланы ұзақ шарлап, табаннан таусылсақ та, іздегенімізді пәтер иесінен тікелей сатып алдық. Тек осы оқиғадан кейін көкейде жүрген күпті дүниені түртіп қойдым. Себебі, риелторлардың қызметіне қатысты қоғамда наразы жұрт жетеді. Пәтер сатып алсаң да, жалға алсаң да, делдалдың комиссиясы қалтаны қағып, кәдімгідей салмақ салады. «Оның да еңбегі бар. Қызмет көрсетіп отыр ғой» дерсіз. Оған дауым жоқ. Риелтордың еңбегі бағалануы керек. Бірақ, сол ақы қай жұмысына төленіп отыр? Бірнеше хабарландыру жіберіп, пәтердің есігін ашып көрсеткені үшін бе әлде мәміленің басынан аяғына дейін кәсіби қызмет көрсеткеніне ме? Міне, мәселе осында.
АҚШ-тың Виржиния штатында тұрған кезімізде пәтер жалдау үшін риелтордың көмегіне жүгіндік. Көңілімізге жаққан пәтерді көрсетті. Құжат рәсімдеу жағын тап-тұйнақтай үйлестірді. Жалдау келісіміне келуге көмектесті. Біз одан бөлек комиссия төлеген жоқпыз. Келісімшартқа бір жылға отырдық. Онда көрсетілген жалдау ақысын ай сайын төлеп тұрдық. Артық-кемі жоқ.
Содан соң, сол риелтордың кәсіби қызметіне қызығып, мәселенің құқықтық жағын қарадым. Америкада риелтордың кімнің мүддесін қорғайтыны тайға таңба басқандай анық, ажыратылған. Мәселен, үй иесі агент жалдаса, ол ең әуелі жалға берушінің атынан жұмыс істейді. Оның ақысын да жалға берушімен жасалған келісімге сәйкес төлейді. Ал, жалға алушы өзіне жеке агент жалдаса, онда қызмет ақысы алдын ала жасалған шартпен белгіленеді. Яғни, риелтордың кімге қызмет көрсететіні әрі ақысын кім төлейтіні түсінікті болуы қажет. Сөзіме тұздық болған жайт Виржиния штатына ғана қатысты. Бүкіл Америкаға ортақ тәртіп деп түсінбеңіз. Басқа штаттарда болмаған соң, бейхабармын.
Оған қоса, Виржинияда риелтор болу үшін арнайы лицензия қажет. Агент кемінде 60 сағаттық оқу курсынан өтіп, емтихан тапсырады. Брокер деңгейіне көтерілу үшін 180 сағат оқу мен кәсіби тәжірибе талап етіледі. Лицензиясы бар мамандардың қызметін штаттың арнайы кеңесі бақылайды. Азаматтардың шағым түсіретін тетігі де бар. Әрине, АҚШ-та да риелтордың қызметі әрдайым тегін деген әңгіме жоқ. Алайда, қызметтің ақысы, кімнің атынан жұмыс істейтіні және тараптардың міндеті алдын ала белгіленеді.
 
Бізге де керегі осы. Риелтордың еңбегіне ақы төлеуге қарсы емеспін. Десек те, бір мәміледе сатушымен қоса, сатып алушыдан да комиссия талап ету қаншалықты қисынды? Бір маман екі тарапқа бірдей қызмет көрсетіп отыр ма әлде біреуінің мүддесін қорғап, екіншісінен де ақша алып отыр ма? Мұндайда мүдделер қақтығысы туындайтыны анық. Өкініштісі, кейбір азаматтар риелтордың кімнің өкілі екенін де білмей жататын жағдай көп.
Басын ашып айтатын тағы бір мәселе: яки, қызмет сапасы мен комиссияның арақатынасы. Бір риелтор бірнеше пәтердің нұсқасын ғана ұсынады. Екіншісі апталап іздеп, келіссөз жүргізіп, құжаттарды тексеруге көмектесіп, мәміленің қауіпсіз өтуіне атсалысады. Екеуінің еңбегі бірдей ме? Әрине, жоқ. Ендеше комиссия да көрсетілген қызметтің көлемі мен сапасына қарай белгіленуге тиіс. Алдын ала келісілмеген төлемді кейіннен талап етуге де жол берілмеуі шарт.
Иә, елімізде аталған салаға байланысты мүлдем талап жоқ деуден аулақпын. 2021 жылдан бері риелторлық қызметке арналған СТ РК 3702–2020 ұлттық стандарты қолданылып келеді. Онда қызмет көрсету шарты, тараптардың міндеттері, қызмет құны, ақпарат беру және мүдделер қақтығысын ашып көрсету тәріздес талаптар бар. Дегенмен, ұлттық стандарттың қолданылуы жалпы жағдайда ерікті. Сондықтан, қағаз жүзіндегі талаптың нарықтағы әр маманға бірдей міндетті күші жоқ. Демек, күрмеулі түйткіл тек ереженің болмағанында емес, соны орындататын жүйенің әлсіздігінде болып тұр.
Енді шетін шаруа мемлекеттік деңгейде де көтеріле бастады. Белгілі басылымдарда риелторлардың қос тараптан қатар комиссия алуына қатысты азаматтардың біраз шағымын жарияланған. Солардың арасында соттасып жатқандары қаншама… Үш күн бұрын Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері риелторлық қызметті реттеуге қатысты жаңа ұсыныстарын таныстырды. Бірыңғай талап енгізу, комиссия көлемі мен төлеу тәртібін шартта нақты көрсету, риелтордың кімнің мүддесін қорғайтынын белгілеу, қызметіне тапсырыс бермеген адамнан ақы талап етуге жол бермеу тетіктері қарастырылып жатыр. Сонымен бірге, мамандардың біліктілігіне талап қою, кәсіби стандарт әзірлеу, шағымдарды қарау тетігін қалыптастыру ұсынылған. Әзірге мұны талқыланып жатқан бастамалар деп ұқтық.
 
Қоғамдағы талап-шағымға қарасақ, мұны кешеуілдетіп, одан ары қарай соза беруге әсте болмайды. Бірнеше нық қадам қажет. Біріншіден, риелторлардың бірыңғай мемлекеттік тізімі болғаны жөн. Азамат қызметіне жүгінгелі отырған маманның кім екенін, кәсіби біліктілігін, лицензиясын және оған қатысты шағымдар мен тәртіптік шаралар туралы ақпаратты тексере алуы керек.
Екіншіден, қызмет көрсетуге арналған бірыңғай шарт үлгісі қажет. Онда риелтордың кімнің мүддесін қорғайтыны, қандай жұмыс атқаратыны, комиссияның нақты сомасы, төлеу тәртібі мен тараптардың жауапкершілігі жазылсын. Екі жақтан да ақы алатын болса, ол да жасырын қалмауы керек. Ең бастысы, риелтордың қызметіне тапсырыс бермеген адамнан комиссия талап етуге тыйым салынуға тиіс.
Үшіншіден, кәсіби біліктілік пен жауапкершілік қатар жүргені керек. Арнайы оқу, емтихан, кәсіби әдеп талаптары енгізілсін. Азаматтардың шағымын қарайтын тәуелсіз тетік жұмыс істесін. Ережені бұзған маман ескерту алумен ғана шектелмей, қайталанған жағдайда кәсіби қызмет жүргізу құқығынан айырылатындай тәртіп қарастырылуы қажет.
Төртіншіден, комиссияның мөлшерін мемлекет белгілеп беруі міндетті емес. Нарықтағы бәсеке мен көрсетілген қызметтің көлемі бағаны қалыптастырсын. Бірақ, клиент қызметтің ақысын алдын ала білсін. Риелтордың еңбекақысы қымбат болса, соған сай кәсіби қызметі мен жауапкершілігі де жоғары болуы керек.
 
Ойлаңызшы, көбіміз үшін пәтер сатып алу —өміріміздегі ең үлкен қаржылық шешімдердің бірі. Рас қой?! Біреу жылдар бойы ас-ауқатынан артылған азын-аулақ ақшасын тірнектеп жинайды. Өзгелер басыбайлы ипотекаға кіреді. (Өзім сияқты. Құдайға шүкір, қазір қарызым жоқ. Құтылдым. Содан ғой өткенде бір тойда «қарызы жоқ қонақ» номинациясын жеңіп, жастық ұтып алғанмын. Мысалымды лирикалық шегініс деп қабылдаңыз). Біреулер отбасын асырап жүріп, жалдамалы пәтерден құтылуды армандайды. Осындай сәтте азаматтың нарықтағы тәжірибесіздігін пайдаланып, комиссияны қалай болса солай белгілеп қоюға болмайды.
Қазір риелторлар комиссияға келгенде, қанша алу керегін жақсы біледі. Енді сол комиссияның есебінен қандай жауапкершілік арқалайтынын да білетін уақыт келді. Баспана іздеген адам риелтордың комиссиясынан бұрын, алдымен өзіне лайықты, таңдаған үйін не пәтерін ойлауы керек. Риелторлық нарықта тәртіп орнату – азаматтардың құқығын қорғаудың бір жолы.
Президент пәрмен берген «Заң мен тәртіп» қағидаты риелторлар нарығына да жетіпті. Құптарлық іс. Әрі қарай әрбір маманның міндеті, әр қызметтің құны, әр тараптың құқығы мен жауапкершілігі дәлме-дәл белгіленгені жөн. Баспана нарығында да осы қарапайым қағида жұмыс істеуі керек. Риелтор делдалдықты кәсіп етсе, кәсібилігіне сай жауапкершілік жүгін көтеруге тиіс. Комиссия алудың жолы бар. Сол ақының сұрауы да болуы керек! Айтарым осы. Пікір жазыңыз, ортаға ой тастаңыз, талқылайық.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *