Жолдау– еліміздің стратегиялық даму басымдықтарын айқындайтын, қоғамның жаңғыруына және адами капиталдың сапасын арттыруға бағытталған маңызды құжат.
Фото: Ресми дереккөзден
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы – еліміздің стратегиялық даму басымдықтарын айқындайтын, қоғамның жаңғыруына және адами капиталдың сапасын арттыруға бағытталған маңызды құжат.
Жастар ресурстық орталығының басшысы ретінде Жолдауда көтерілген бастамалардың ішінде жастардың әлеуетін дамыту, сапалы білімге қолжетімділікті арттыру, жаңа технологияларды меңгеру және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру мәселелерін ерекше атап өткім келеді.
Бүгінгі жастар – елдің ертеңгі дамуын айқындайтын негізгі күш. Сондықтан жастар саясатының басты міндеті тек жастарды қолдау шараларымен шектелмей, олардың білім алуына, кәсіби дамуына, жұмыспен қамтылуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына нақты мүмкіндік жасау болуы тиіс. Әсіресе, ауыл жастарының әлеуетін ашу, NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру және олардың еңбек нарығында өз орнын табуына жағдай жасау – маңызды бағыттардың бірі.
Мемлекет басшысының «Адал азамат» идеологиясына қатысты ұстанымы да ерекше мәнге ие. Адалдық, отаншылдық, заңға құрмет және еңбекқорлық – қоғамның тұрақты дамуына негіз болатын құндылықтар. Бұл қағидаттар жастардың бойына құрғақ насихат арқылы емес, нақты істер, қоғамдық бастамалар және жеке үлгі арқылы сіңірілуі қажет. Осы тұрғыда жастар ресурстық орталықтарының міндеті – жас азаматтардың белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың бойында жауапкершілік пен елге қызмет ету мәдениетін қалыптастыру.
Сонымен қатар, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жастарға жаңа мүмкіндіктермен бірге жаңа талаптар да қойып отыр. Қазіргі жас ұрпақ бәсекеге қабілетті болуы үшін цифрлық сауаттылықты меңгеріп, сыни ойлау, бастамашылдық және үздіксіз білім алу дағдыларын дамытуы керек. Бұл бағытта жастарға арналған оқыту жобаларын, кәсіби бағдар беру кездесулерін, кәсіпкерлік бастамаларды және инновациялық идеяларды қолдау жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асыру маңызды.
Менің пайымдауымша, Жолдауда айтылған міндеттерді іске асыруда мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, жұмыс берушілер және жастар ұйымдары арасындағы өзара ықпалдастықтың маңызы зор. Жастар саясатының нәтижелілігі өткізілген іс-шаралардың санымен ғана емес, жастардың өмірінде болған нақты өзгерістермен, олардың жұмыспен қамтылуымен, жаңа дағдыларды меңгеруімен және қоғамдық белсенділігінің артуымен бағалануы тиіс.
Қорытындылай келе, Мемлекет басшысының Жолдауы жастарға үлкен жауапкершілік жүктей отырып, олардың әлеуетін ел игілігіне бағыттауға жол ашады. Біз, жастармен жұмыс істейтін мамандар, әрбір жас азаматтың мүмкіндігін ашуға, оның қоғамдағы орнын табуына және ел дамуына үлес қосуына жағдай жасауымыз қажет. Өйткені білімді, еңбекқор, отаншыл әрі жауапты ұрпақ қалыптастыру – Қазақстанның жарқын болашағына салынған инвестиция.
Жастар ресурстық орталығының директоры- М.М.Дүйсембаева
Пікірлер (0)