Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның берік негізі

Пікір
view 43
news

Фото

2026 жыл Қазақстанның конституциялық даму тарихындағы маңызды кезең ретінде есте қалды. 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Бұл – елдің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртуға және мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған тарихи қадам.

Жаңа Ата Заңның басты құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Конституцияда азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктері күшейтіліп, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру және қоғамның ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелері айқындалған.

Конституциялық реформаның маңызды жаңалықтарының бірі – мемлекеттік билік жүйесінің жаңаруы. Екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылып, Қазақстан Республикасы Вице-Президенті лауазымы енгізілді. Сонымен қатар, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған Қазақстан Халық Кеңесінің мәртебесі бекітілді.

Жаңа Конституцияда отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қорғау, білім мен ғылымды дамыту, цифрлық қауіпсіздік және азаматтардың дербес деректерін қорғау мәселелеріне де ерекше мән берілген. Бұл нормалар мемлекеттің қазіргі заман талаптарына бейімделіп, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталғанын көрсетеді.

Ата Заңда «Заң мен тәртіп» қағидатының бекітілуі де ерекше маңызға ие. Құқықтық мемлекеттің негізі – заң алдындағы теңдік, әділдік және әр азаматтың жауапкершілігі. Конституция талаптарын сақтау тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Жаңа Конституция – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтатын, елдің болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды құқықтық негіз. Оның нормаларын күнделікті өмірде жүзеге асыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңға құрметпен қарау – әрқайсымыздың азаматтық жауапкершілігіміз.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *