«Шәмші әлемі» – әнмен өрілген ғұмыр
Фото: Ресми дереккөзден
Қосшы қаласының кітапханасында қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, халық жүрегінен мәңгілік орын алған әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында «Шәмші әлемі» атты кітап көрмесі мен танымдық сағат ұйымдастырылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың туғанына биыл 96 жыл толып отыр. Сазгер 1930 жылы 15 тамызда қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Ол қазақ ән өнеріне жаңаша леп әкеліп, ұлттық әуен мен заманауи музыканы шебер ұштастырған дара тұлға.
Танымдық сағат барысында қатысушыларға композитордың өмір жолы, өнердегі қалыптасуы мен шығармашылық мұрасы туралы кеңінен мағлұмат берілді. Сазгердің «Ана туралы жыр», «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Қайдасың?», «Әнім сен едің», «Сағынышым менің», «Бақыт құшағында» сынды халықтың сүйіспеншілігіне бөленген әндерінің шығу тарихы мен мән-маңызына тоқталды.
Шара аясында ұйымдастырылған кітап көрмесіне Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптар, ән жинақтары, мақалалар мен танымдық материалдар қойылды. Көрме оқырмандарға ұлы сазгердің шығармашылық әлемімен жақынырақ танысып, оның қайталанбас әуендері туралы білімдерін толықтыруға мүмкіндік берді.
Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы – халқымыздың рухани қазынасының ажырамас бөлігі. Оның әндері уақыт өткен сайын өз маңызын жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Ал «Менің Қазақстаным» әнінің еліміздің Мемлекеттік Әнұранының негізіне айналуы – композитор мұрасының ұлттық мәдениетіміздегі айрықша орнын айқындайды.
«Шәмші әлемі» атты тағылымды шара оқырмандарға ұлы сазгердің өмірі мен өнерін тереңірек таныстырып қана қоймай, ұлттық музыкаға деген сүйіспеншілікті арттыруға ықпал етті.
Шәмші әндері – халықпен бірге жасайтын, жүректен жүрекке жететін мәңгілік әуен.
Пікірлер (0)