Сахнада батыр, үйде... жүкті әйелін белдікпен ұрған рэпер жайлы шу
Сурет: видеодан кадр
Қазақстандық танымал рэпер Qurt (шын аты – Дамир Қойшубаев) жайлы жан түршігерлік дерек жария болды. Көпшілікке сахнадағы образы арқылы танылған орындаушы жүкті әйеліне қатыгездік көрсеткені туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды janabastau.kz.
Осы деректерге сүйенсек, 27 маусым күні Қойшубаев жұбайы Аружанды бір сағатқа жуық уақыт бойы белдікпен сабаған. Белдіктің ілгегі соққыдан сынып кетіп, кейін ол басқа белдікпен ұруын жалғастырған. Аружан бұл оқиғаны Instagram желісіндегі стористер арқылы ашық жариялап, өзінің жүкті екенін де мәлімдеді.
Ол денесіндегі көгерген іздерді суретке түсіріп, құқық қорғау органдарына арыз жазатынын айтқан. Алайда, кейін рэпердің өзі үйге қайта келіп, Аружанды қысыммен ешқандай шағымы жоқ екенін айтып видео түсіруге мәжбүрлегені туралы да дерек тарады.
Бір қызығы, дәл осы даулы жағдайдан кейін — 3 шілде күні Qurt жаңа альбомын шығарып, әлеуметтік желіде белсенді түрде сторис жүктей бастаған.
Қазір бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары мен құқық қорғаушылар әйелге жасалған зорлықты айыптап, Qurt-тың әрекетіне заңды баға беруді талап етуде.
Пікірлер (0)