Су саласындағы қазақстандық мамандар қос дипломды білім беру бағдарламасы аясында венгриялық жоғары оқу орнының дипломын ала алады
Сурет: Ашық дереккөзден
Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті су саласында еңбек етіп жүрген мамандарға арналған қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Қазіргі таңда жұмыс істеп жүрген мамандар магистратура мен докторантураға оқуға түсе алады. Магистратура бағдарламасы бойынша оқу оларға екінші жоғары білім туралы құжат ретінде Венгрияның Обуда университеті немесе Корвинус университетінің дипломын алуға мүмкіндік береді.
Докторантура бағдарламасы «индустриялық PhD» бағытында мамандар даярлайды. Су саласы қызметкерлерін оқыту 2025-2026 оқу жылында басталады.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған былтырғы Жолдауында экономиканың басым салаларына, соның ішінде су шаруашылығы мамандарын даярлауды күшейту қажеттігін ерекше атап өтті. Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетімен бірлесіп әзірленген бұл білім беру бағдарламасы саланың кадр және ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр Тараз қаласында ашылғанын еске сала кетейік. Қазіргі уақытта оқу орнында 400-ден астам студент білім алып жатыр.
Пікірлер (0)