Су тасқынына дайындық: Егіндікөл ауданында жаз-күз мезгілінде 20 іс-шара өткізілді

Жаңалықтар
view 27
news

Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Егіндікөл ауданы су басу қаупі жоғары аумақтардың қатарына жатпайды. Дегенмен, ықтимал көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары ауданда мұқият жүргізілуде. Бұл туралы брифингте аудан әкімінің орынбасары Ерік Жиенбеков айтып берді, деп хабарлайды janabastau.kz Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, жаз-күз мезгілінде су тасқынына дайындық мақсатында 20 іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, бес жаңа су өткізу құбыры орнатылып, 50 құбыр тазартылды. Аудан аумағында өзендер жоқ болғанымен, 16 көл мен жасанды су қоймалары тұрақты бақылауда.

2025 жылы алдын алу шараларын жүргізуге бюджеттен 24,5 млн теңге бөлінді.

«Қар тазалау жұмыстарына 22 млн теңге бағытталды. Нәтижесінде елді мекендерден алты мың текше метрден астам қар шығарылды», – деп толықтырды спикер.

Сонымен қатар, «ТЖ-ның алдын алу және жою» бағдарламасы аясында 2,5 млн теңге бөлініп, оған құм толтырылған қаптар, жанар-жағармай материалдары және құрғақ азық-түлік сатып алынды.

Төтенше жағдайларды жою үшін ауданға қосымша техника мен жабдықтар берілді: квадрокоптер, екі радиостанция, принтерлер, құтқару кеудешелері мен шеңберлері.

«Біздің қорымызда 500 тоннадан астам инертті материал – құм, қиыршық тас, қаптар, сондай-ақ 5388 литр жанар-жағармай материалдары бар», – деді Ерік Жиенбеков.

Су тасқынына қарсы шараларды орындауға азаматтық қорғаныс күштері – 25 адам мен 12 техника бірлігі тартылады. Еріген қар суын сору үшін ассенизаторлық машиналар иелерімен меморандумдар жасалды, бес мотопомпа әзірленді.

Негізгі бағыттардың бірі – су өткізу құрылыстарын жаңғырту. 2024 жылдың күзінде Егіндікөл ауылында төрт учаскеде құбырлар орнатылды. 2025 жылы Спиридоновка мен Жалманқұлақ ауылдары арасындағы автожолдың жеті учаскесінде қосымша нысандар орнату жоспарланған. Сондай-ақ, жолдардың жергілікті шайылуын жоюға арналған екі жылдық жобаны іске асыру жұмыстары жүргізілуде, оның сметалық құны 70,8 млн теңгені құрайды.

Сонымен бірге, ауданда халықты ақпараттандыруға да мән берілуде. «Көктемге дайындық» айлығы аясында түсіндіру жұмыстары, оның ішінде БАҚ пен әлеуметтік желілерде су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік ережелері туралы жарияланымдар орналастырылып жатыр.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *