«Таза Қазақстан» акциясы: Ақмола облысында 51 мың тонна қоқыс шығарылды және 115 мың ағаш отырғызылды
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жүзеге асырыла бастағанына биыл бір жыл болады. Тұрғын үйлерді тазалау және абаттандыруға бағытталған акция ауқымды қоғамдық қозғалысқа айналып, азаматтарды, бизнесті және мемлекеттік органдарды біріктірді. Акцияның қорытындылары туралы Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының орынбасары Марат Жүнісов пен табиғи ресурстар және табиғат пайдалану басқармасының орынбасары Айтжан Құсманава брифинг барысында баяндады, деп хабарлайды janabastau.kz Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Ақмола облысында экологиялық акция аясында 2024-2029 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары әзірленді. Акция басталған сәттен бастап 280 мыңнан астам адам қатысып, 5 мыңнан астам кәсіпорын қолдау көрсетті. Бірлескен күш-жігермен өткен жылы 74 мыңнан астам аула аумағы тазартылып, 758 саябақ пен алаң абаттандырылды, 403 стихиялық қоқыс орны жойылды.
Жалпы 51 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Әлеуметтік маңызы бар жұмыстардың бірі ретінде елді мекендерді көгалдандыру аталды: өткен жылы 115 мыңға жуық ағаш пен бұта көшеттері отырғызылды.
«Акцияны халыққа қолжетімді ету үшін бірқатар шаралар қабылданды, соның ішінде «Таза Қазақстан» ақпараттық платформасы енгізілді. Бұл платформа арқылы тұрғындар санитарлық тазалық, көгалдандыру және абаттандыру мәселелері бойынша өтініштерін жібере алады. Платформа іске қосылғаннан бері 173 өтініш түсті, оның 157-сі жедел түрде орындалды. Қыс мезгілінде платформаның мүмкіндіктері кеңейтіліп, қарды тазалау, мұзды жою және тұз себу жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері қосылды», – деп атап өтті Ақмола облысының энергетика және энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының орынбасары Марат Жүнісов.
Аршалы ауданында 6 мың ағаш, Атбасар ауданында 680 ағаш, Егіндікөл ауданында 40 ағаш отырғызылды. Тек 5 қазанда облыс аумағында 3 мыңнан астам көшет отырғызылды. 17 қазанда Ақмола облысының әкімі қатысуымен Көкшетау қаласындағы Қопа көлінің жағалауында 1,5 мың ағаш отырғызу акциясы өтті.
Жалпы, облыста соңғы 4 жылда 56 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Биыл 14 миллион ағаш отырғызу жоспарланған. Ал алдағы үш жылда 95 миллион ағаш отырғызу көзделіп отыр.
Пікірлер (0)